Ақылдың үстемдігі
Құрылыста істейтін бір жас жігіт күшінің көптігімен және өзінің зеректігімен мақтанып, кез келген адамды сайыста артта қалдыратынын айтып қоймайды. Күнде өзінің осы үстемдіктерін айтып қасындағы әріптестерінің мазасын қашырады. Тағы бірде осылай тәкаппарлығын паш ете бастағанында әріптестерінен бір қарт кісі шыдай алмай: «Жарайды, мен сенімен сайысқа түсемін, бірақ жеңілсең бір апталық айлығыңды маған бересің. Мен мына алдымыздағы ғимаратқа дейін арбаға салып сондай бір затты апарамын, сен оны сол арбаға салып қайтадан осы жерге әкеле алмайсың, келісесің бе?» дейді. «Жарайды ата, келісемін» деп жауаптайды жас жігіт. Қарт кісі арба әкеледі де әлгі жігітке айтады: «Қане, кел мін арбаға!..»
Кім керең
Бір кісі дәрігерге барып:
- Дәрігер мырза, әйелімнің құлағы естімей қалған сияқты, не істеуге болады?- дейді.
- Үйге барғанда әйеліңіздің артында, біраз ұзағырақта тұрып, орташа дауыспен оған сұрақ қойыңыз. Егер сізді естімесе жақынырақ барып сол сұрағыңызды тағы қайталаңыз. Қандай қашықтықта еститінін анықтайық, соған қарай бір ем қарастырамыз.
Әлгі кісі үйіне қайтады. Асхананың есігінде тұрып орташа дауыспен:
- Ханым, кешкі асқа қандай тамақ жейміз?- дейді.
Әйелі жауап бермейді. Ол жақынырақ келіп тағы да сұрайды:
- Ханым, кешкі асқа қандай тамақ жейміз?
Әйелі тағы да жауап бермейді. Ол жанына келіп тағы қайталайды:
- Ханым, кешке қандай тамақ жейміз?
Әйелі жауап береді:
- Үшінші рет айтып тұрмын ғой саған, котлет!..
Жастар
- Мына жастарды түсіну қиын болып кетті, қарашы мыналарға. Анау тұрған қыз еркекке ұқсайды ғой?
- Иә, ұқсайды. Өйткені ол қыз емес, менің ұлым.
- Ой, кешірерсіз. Әкесі екеніңізді білмей қалыппын!
- Тағы қателестіңіз. Мен әкесі емеспін, шешесімін...
Араша
Қожа керілдесіп тұрған екі жігіттің үстінен шығып қалып, арашаға түсіп, бірін жетектеп ол жерден алып кетеді.
Ызадан қалшылдап келе жатқан жігіт былай шыға бере:
- Қожеке, сен арашаламағанда әлгінің жағын айырып жіберетін едім, - дейді кіжіне сөйлеп.
- Пайданы білмейді екенсің, - деп ұрсыпты Қожа сонда әлгі жігітке, - оның жағын жұдырығыңғды ауыртып айырғанмен ол саған бір теңге де бермейді. Сен одан да менің отынымды жарып, балтамен-ақ айырып бер. Шайлық ақша таппағаныңды көрейін.
Иномарка!
Жүргізушілік куәлігін жақында ғана алған бір адам судай жаңа микроавтобус сатып алады. Алғашқы жұмысқа шыққан күні жолаушыларды толтырып жолға шығады. Автобусты қатты айдаған шопырға соңғы қатарда отырған бір қарт кісі былай дейді:
– Сәл ақырын айда, балам! Жол апатына ұшырап жүрмейік!
– Ата, сіз мына маркалы автобусты білесіз ба?
– Жоқ, білмейді екенмін балам.
– Олай болса, жөніңізге қарап отырыңыз! Жұмысыма араласпаңыз!
Бір бұрылыстан өте қатты жылдамдықпен бұрылғанда, әзер дегенде жол апатынан аман қалады. Осы кезде орта жастағы әйелдің дауысы шығады:
– Әй шопыр бала, өтініш, жай айда! Үйде бала-шағамыз күтіп отыр.
– Апа, сіз осы маркалы автобусты білесіз бе?
– Жоқ, қайдан білейін?
– Олай боса, үндемей отырыңыз! Маған кедергі жасамаңыз!
Автобус өте қатты жылдамдықпен ызғытып бара жатқандықтан барлығының жүрегі аузына кеп тіреледі. Сол кезде жүргізушінің артында отырған бір адам шыдай алмай айқайлап жібереді:
– Әй шопыр, сен өзің өлгің кеп жүр ма?
– Аға, сіз осы маркалы автобусты білесіз ба?
– Иә, білсем, не бопты?
– Тез айтыңызшы, мұның тежегіші қайда?!..
Жас келін
Шалмен кемпірдің жаңа түскен келіні есік алдын сыпырмайды екен. Шалмен кемпір өзара келісіп екеуміз таласайық сен “мен сыпырамын” де, мен “жоқ мен сыпырамын” дейін мүмкін келін ұялғаннан мен сыпырамын дейтін шығар депті. Сөйтіп шалмен кемпір сыпырғыны алып таласа бастапты. Мұны көрген келіні келіп “не болды неге таласып жатырсыздар, бір күн сіз сыпырыңыз, бір күн енем сыпырсын” деген екен.
Бастықтың тапсырмасы
Бір адамның қолданып жүрген принтері оғаш дауыстар шығарып, техникалық қызмет көрсету бөліміне хабарласады. Телефон тұтқасын көтерген қызметші тұтынушыға: Ешқандай ақаудың болмағанын, принтердің ластануынан оғаш дауыстардың шығатынын және оны тазалау керектігін айтады. Артынша: «Принтерді тазалау үшін бізге әкеліп ақша төлеп жатудың қажеті жоқ. Принтердің нұсқаулық кітапшасында қалай тазалау керектігін іздеп таба аласыз» дейді. Мұны естіген адам: «Көмектескеніңіз үшін үлкен рахмет. Бірақ техникалық қызметті осылай ауызша айтып, ақысын ала алмайтыныңызды бастығыңыз біле ме? Мұндай жолмен сіздер қалай ақша табасыздар?» дегенде қызметші былай жауап береді:
– Бұл біздің бастығымыздың берген тапсырмасы. Техникалық ақаулар шыққанда ең әуелі тұтынушыға бұл мәселеден қалай құтылу жолын айтып, телефонмен кеңес береміз. Тұтынушы өзі жөндеуге кіріскені үшін, осы арқылы жөндеудің бағасы ілгеріде одан да қымбатқа түседі.
Медосмотр
Медициналық тексеру кезінде жас жігіт әскерге жарамсыз болу мақсатымен көз дәрігеріне кіреді. Дәрігер тақтайшадағы әріптерді көрсетіп сұрайды:
- Мынау қандай әріп?
- Қай әріп?
- Мына тақтайшадағы әріптерді айтып тұрмын, көрмей тұрсың ба?
- Қандай тақтайша?
- Міне мына қабырғадағы ілулі тақтайша.
- Ол жерде қабырға бар ма не?
Ақыры әскерге жарамсыз болып шығады. Сол күні кешке әлгі жігіт кинотеатрға барады. Кино бітіп жарықтардың қосылуымен жанына қараса, күндіз өзінің әлгі қабылдауында болған дәрігерді көріп қалмай ма?! Дәрігер де оны танып қояды. Дәрігер енді сөйлей бастағанда, жігіт бірінші болып дәрігерден сұрайды:
- Кешіресіз ағай, қателесіп мінбеген сияқты едім ғой, бұл Айнабұлаққа баратын автобус емес па?
Дүниеде жоқ бір күн
Қожанасыр мата бояу жұмысымен айналысып жүрген кезінде, өзін әзілкеш деп ойлайтын бір кісі Қожанасырға бір мата алып келіп былай депті:
– Қожеке, бұл матаны дүниеде жоқ бір түске бояшы.
– Дүниеде жоқ түс деген ол қандай түс?
– Қызыл емес, қара емес, жасыл емес, сары да емес, көк те емес, дүниеде жоқ бір түс,- депті әзілкеш.
– Мейлі, сіздің айтқаныңыздай етіп бояйын.
– Қашан келіп алып кетсем болады?
– Дүниеде жоқ бір күні. Яғни дүйсенбі емес, сейсенбі емес, сәрсенбі емес, бейсенбі емес, жұма емес, сенбі де, жексенбі де емес, осы күндерден басқа бір күні келіп ал кет!
Қанша метр
Тәкаппар бір адам жамағаттың арасында аяғын созып, керіліп отырған еді. Мұны көрген Қожанасыр да оған қарай аяғын созып алады. Бұған тәкаппар адам ашуланып, айғайлай бастайды:
- Өй, сенің есекпен қандай айырмашылығың бар өзі, маған құрметсіздік жасап жатырсың ғой?- дейді.
Қожанасыр дереу өзімен әлгі адамның арасындағы қашықтықты өлшеп:
- Есек пен менің арамдағы айырмашылық 3 метр,- деп жауап берген екен.