Өмір-шексіз, бітпейтін баяндама,
Миллиондаған, мыңдаған аялдама.
Қай бекеттен, қай күні түсіп қалам,
Мендік тағдыр – Аллаhқа аян ғана!...
Пысқырмайтын имани ұғымға түк,
Пенделерге тірі күн – ұлы бақыт.
Бірі мініп жататын, бірі түсіп,
Жүйіткіген пойыз сынды – бұл Уақыт!
Қайда екен дүниенің бақ тұрағы?
Соны іздеп пенде біткен шапқылады.
Мінгізуін мінгізер вагон-фәни,
Қайткенде жаннат қала таптырады?!
Жаратқанның секілді «саққұлағы»
Жәбірейіл «жолсерік» шақырады.
Бір күні тілге келмей вагоныңнан,
«Билетің жарамсыз» деп лақтырады.
Кассир – Мәңкүр ақ-қараны,
Өткен ғұмырнамаңды ақтарады.
Содан соң бір орын-ап жайғасасың,
Мәңгіге, вокзал – көрден қап-қараңғы...
Бұл ара періштелер келмес мекен,
Шайтанды адам рухы жеңбес пе екен?
Вокзалдың бастығына барайыншы,
Бір билет маған тауып бермес пе екен?!
Асхат Меимиров