Ұйқы – заманауи ғылым әліге дейін толық ашып бере алмаған аса қызық және таңғаларлық құбылыс. Онсыз да әлемде адам баласына жаратылыстың таңқаларлық жақтарын әр сәтте көрсетіп тұрмайтын не бар дейсіз?
Адамдар өмірінің үштен бірін ұйқымен өткізеді. Біздің организміміздің ұлы сақшысы, тыным беріп, күш-қуатымызды қалпына келтірушісі – ұйқы болмаса, жүйке жасушалары тез құрып, қатардан шығады. Ұйқы кезінде организмнің көптеген әрекеттері өзінің қарқынын өзгертеді.
Мәселен, тыныс алу, жүректің соғу жиілігі азаяды, артерия қысымы төмендейді, зат алмасуы мен жүйкенің қозғыштық қарқыны бәсеңдейді. Ұйқының бірнеше түрі болады: қалыпты, гипноздық, наркоздық, ауытқулық. Ұйқы кезінде сыртқы орта тітіркендіргіштеріне ешқандай жауап қайтарылмайды.
Ұйқы адамдар мен жануарлар тіршілігінде өте маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар бауырымен жолғалаушылар, құстар және сүтқоректілер де ұйықтайды. Олар ұйықтағанда аз уақытқа болса да сыртқы ортадан байланысын үзеді.
Кейбір балықтар, құрбақалар және сол секілді суда да, құрлықта да тіршілік ететін қосмекенділер белгілі уақыт белсенділіктерін баяулатса да, сыртқы ортадан, айналасындағылардан байланысын үзбейді. Жәндіктердің сыртқы белгілеріне қарап ұйқыда немесе ояу екендіктерін кесіп айту қиын. Бірақ олардың кейбіреулері түнде, кейбіреулері күндіз қимылсыз тұрады.
Жануарлардың ұйқы мерзімдері әр түрлі болады. Мысалға: адам күніне бір мезгіл ұзақ уақыт ұйықтаса, иттер қысқа-қысқа жиілікпен күні бойы ұйықтайды. Жануарлардың кейбіреулері ұйқы үшін түнді таңдаса, кейбіреулері күндізді таңдайды.
Ұйқыға мұқтаждық адамның жасына және жеке ерекшеліктеріне байланысты. Жас ұлғайған сайын тәуліктік ұйқының мерзімі қысқарады. Жаңа туған нәрестенің ұйқыға мұқтаждығы 20 сағат, 4 жасында 12 сағат, 18 жасында 10 сағатқа кысқарады. Ер жеткендер 7-9 сағаттық ұйқыға мұқтаж болса, жалпы адамға 6 сағат та жеткілікті болып табылады.
Ұйықтауға үнемі белгіленген бір уақытта жатуға дағдылану – ұйқының берік болуының сенімді құралы. Ұйқының ең өнімді сағаттары түнгі 12.00 мен 1.00-дің арасы. Қалыпты ұйқы үшін осы сағаттарда ұйықтау керек.