Достық, дұшпандық

Дос сыртыңнан мақтар,
Дұшпан көзіңе мақтар.

Дұшпан күлдіріп айтады,
Дос жылатып айтады.

Досың дос болғанға шаттан,
Дұшпанмен дос болудан сақтан.

Жаман жолдастан жақсы дұшпан артық.

Ерегескен ел болмайды,
Есептескен дос болмайды.

Екі жақсы қосылса,
Өлгенінше дос болады,
Екі жаман қосылса.
Өлгенінше қас болады.

Мыңның түсін танығанша,
Бірдің атын біл.

Заттың жаңасы жақсы,
Достың ескісі жақсы.

Жігіт жолдасынан белгілі.

Біреу жаныңа жолдас,
Біреу малыңа жолдас.

Жақсымен жолдас болсаң,
Жетерсің мұратқа.
Жаманмен жолдас болсаң,
Қаларсың ұятқа.

Құс қанатымен,
Ер жолдасымен.

Ай көрмесең туысың жат,
Жыл көрмесең жолдасың жат

1 2