Юнус Емре – сопылық өкілі, Хаққа ғашық тұлға. Өлеңдері ғасырлар бойы құмартып, ғибратпен оқылған. Қысқасы Орталық Азия халықтары үшін хазреті Ахмет Яссауи қандай орын тұтса, Юнус Емре де түркиялықтармен балкандықтар үшін сондай қадірлі. Кесенесі Ескишехирдің Михалычжык ауданына қарасты Юнус Емре деген ауылда. Басқа жерлерде де мазары бар екендігі айтылады.
1948 жылы Анкара-Ескишехир темір жолы салынып жатқан жылдарда жол Юнус Емренің қабірі үстінен өтетін болғандықтан бұзылатын болды. Бірақ, жұмысшылар қанша тырысса да мұны жүзеге асыра алмайды. Тіпті, бір жолы төселген рельстердің ажырап, 8-10 метржерге ұшып түскені байқалған.
Осыған орай, жақын жердегі төбеге көшіру ойластырылады. Бұл істі бес адамнан тұратын бір кеңес жоспарлаған еді. Басқа ешкімнің хабары жоқ болатын. Дайындық жұмыстары аяқталады. Ертеңіне таңертең ерте ешкімге айтпастан оны көшіреміз деп ойлайды. Таңертең қабірдің қасына барған бес кісілік кеңес 30 мыңнан астам адамның сол жерге жиналғанын көреді. Бұл адамдар қалай естігенін түсіне алмай қалады. Юнус Емренің қабірі мұқият түрде ашылады. 700 жыл өтсе де, денесі еш шірімеген. Бір қолы бетінде, бір қолы жүрегінің үстінде, дәл бір ұйықтап жатқан адам секілді еді. Денесі ол жерден алынып, табытқа салынып,100 метржердегі мазарға көшірілді. 100 метрлік жерге 3 сағатта әрең жетеді.