Аспанға ұшу – адамдардың арманы. Адам баласы әлемдегі ең керемет жаратылыс болса да, аспанда қалықтап ұшып бара жатқан бір топ құстарды көрсе, тамсана қарап қалатыны сөзсіз.
Адамның аспанға ұшу жөніндегі арманы ерте заманнан басталған. Тасқа салынған қанатты адамдардың суреттері соның дәлелі болып табылады. Дүние жүзіндегі көптеген халықтардың ертегілері мен аңыздарында аспанға ұшу жөніндегі адам арманы айтылады. «Ұшар ханның баласы» атты қазақ ертегісіндегі аспанға ұшу өнері, кілеммен ұшу соның айғағы.
19 ғасырдың аяғында моторсыз ұшатын аппараттар – қалқыма ұшақтар жасала басталды. Қалқыма ұшақ 1885 жылы жасалды, бірақ ұшу кезінде апатқа ұшырады.
1894 жылы Англияда конструктор Хайрем Максим, бу машиналы алапат ұшақ жасады, ол да ұшар мезетте жерге құлап түсіп, қирады.
Францияда жасалған жарқанаттың қанатын көзге елестететін «Авьон» аппараты да бірнеше ондаған метр қашықтықты ұшып (1897) өтіп барып құлады.
Француздың «avіatіon» сөзінен шыққан авиация (латынша «avіs» – құс) – жер маңайындағы әуе кеңістігінде ұшақ, тікұшақ секілді ауадан ауыр аппараттармен ұшуды білдіретін ұғым. 19 ғасырдың аяғында автомобильдерде кеңінен қолданылған іштен жанатын қозғалтқыштардың жетілдірілуі жеңіл әрі қуатты авиациялық қозғалтқышты жасауға жол ашты. Оны ұшаққа алғаш болып америкалық ағайынды механиктер Уилбер мен Орвилл Райт пайдаланды. 1903 жылы 17 желтоқсанда олардың керосинмен жұмыс істейтін қозғалтқышы бар ұшағы сәтті ұшты. Ағайынды Райттар жасаған ұшақтарын жетілдіре түсіп, 1908 ж. сенімді басқара отырып, бір жарым сағатқа дейін ұша алатын күйге жеткізді.
Қазақстандағы авиацияның дамуы 1926 жылдан басталады. Осы жылы Қызылорда аэропортының құмдауыт алаңынан алғаш болып аспанға ПО-2 ұшағы көтерілді. 1970 жылы әуе жолының ұзындығы 75 мың км-ге жуықтады. Әуе жолы ол кезде Қазақстан астанасы – Алматыны одақтас республикалар астаналары және ірі өнеркәсіпті қалалармен байланыстырды.