Жыландар (лат. Serpentes) - бауырымен жорғалаушылар класы қабыршақтылар отрядының бір тармағы. Денесі жұмыр, ұзын (ұзындығы 8 см-ден 12 м-ге дейін жетеді). Денесін мүйізді қалқаншалар мен қабыршақтар, арқасы мен бүйірлерін ұзына бойы қатарласа орналасқан, ромбы тәрізді қабыршақтар жапқан.
Бауыры көлденең жатқан ірі қалқаншалармен жабылған, олар бір-бірімен жұмсақ тері қатпарлармен жалғасқан. Ірі денелі жемтіктерді жұтқанда тері қатпарлары жазылып, құрсақ қалқаншаларының ұзына бойы созылуына мүмкіндік береді.
Көздерінде қозғалмалы қабақтары болмайды, олар мөлдір қабықпен жабылған.
Күндіз белсенді тіршілік ететін жыландардың көз қарашығы дөңгелек болса, ымыртта, түнде белсенді тіршілік ететіндерінде – тік бағытта орналасқан саңылау тәрізді.
Ең көбі – сарыбас жыландар, олардың 1500-дей түрі бар. Қазақстанда 5 тұқымдасқа жататын: соқыр жыландар (1 түрі), айдаhарлар (2 түрі), сарыбас жыландар (12 түрі), сұржыландар (2 түрі), бозша жыландардың (1 түрі) 18 түрі белгілі.
Жыландардың көпшілігі құрлықта, әдетте қалың шөп өскен жерлерде, ағаш басында, шөлді аймақтарда, кейбір түрлері тұщы сулар мен теңіз-мұхиттарда тіршілік етеді.