Міне, Рамазан айы да басталды. Рамазан айын құрметтеуіміз керек. Құрметтеу үшін Аллаһу та’аланың бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан сақтануымыз қажет. Ораза тұтып, ғайбат айтқан, жалған сөйлеген, ренжіткен, харамдардан сақтанбаған адам Рамазан айын құрметтемеген болып саналады. Хадис шәрифтерде былай бұйырылды:
«Мұқият болыңдар. Рамазан айындағы сауап пен күнәлар еселеніп жазылады. Рамазанда көп намаз оқыңдар. Көп Құран оқыңдар. Өйткені, Рамазанда оқылған Құран кәрімнің әр әрпі үшін Хақ та’ала жәннат бақшаларынан бір бақша береді».
«Рамазанды құрметтеу керек. Оның рақымдылығы мүминдерді қуантады. Оның алғашқы күндері рақымдылық, ортасы кешірім және соңы тозақ отынан құтылу».
«Егер құлдар Рамазан айындағы ізгілік пен жақсылықтарды білсе, бүкіл бір жылдың Рамазан болуын қалайтын еді. Өйткені, онда көп сауап бар».
«Рамазан айында бір күнә істеген адам екі азап алады. Рамазанда бір жақсылық жасаған адам екі сауап алады».
«Рамазан айының күндізі мен түнінде Құран кәрімнен бір аят оқыған адамға әр әрпі үшін бір шәйіт сауабы беріледі».
«Рамазанды құрметтеген адам Аллаһу та’аланы құрметтеген болады».
«Аллаһу та’ала Рамазан айында күнә істемеген адамның он бір айлық күнәсін кешіреді».
«Рамазан айты күні періштелер жолдың шетінде тұрып, айт намазына бара жатқандарға мынаны сүйіншілейді: «Ей, мүминдер қауымы! Сендерге жақсылықтар, мол ниғметтер беретін рақымды Раббыларыңнан тілеңдер. Өйткені, Ол сендерге түнді ғибадатпен өткізуді бұйырды, сендер орындадыңдар. Ол сендерге күндіз ораза тұтуды бұйырды, сендер тұттыңдар. Ол сендерге Раббыларыңа бағынуды бұйырды, сендер бағындыңдар. Олай болса, олардың қайтарымын алыңдар». Намаздан кейін бір періште былай дейді: «Біліңдер, ей мүминдер. Бүгін күмәнсіз сый тарату күні, күнәлардан құтылу күні және айыптардан тазару күні».
Оразаның парыздары
Оразаның үш парызы бар:
1) Ниет ету.
2) Ниетті алғашқы және соңғы уақыт арасында жасау.
3) Имсак уақытынан күн батқанға (ақшамға) дейінгі аралықта оразаны бұзатын нәрселерден тыйылу.
Оразаға ниет
Рамазан және нәпіл оразаға ниеттің алғашқы уақыты күн батқаннан (ақшамнан) кейін басталады. Соңғы уақыты ертеңіне түскі намазға бір сағат қалғанға дейін болады. Ал қаза және кәфарат оразаларының ниеті ақшамнан имсак уақытына дейін жалғасады.
Рамазандағы оразаға ниет еткенде ақшамнан имсак уақытына дейін «Аллаһ разылығы үшін ертең ораза тұтуға ниет еттім», имсактан кейін «Аллаһ разылығы үшін бүгін ораза тұтуға ниет еттім» деп айтылады. Жаңылысып қате айтылса да ораза тұтатын күні мәлім болғандықтан зияны жоқ. Рамазанда бір айлық оразасы үшін жалпылама бір рет ниет етуге болмайды, әр күні үшін бөлек-бөлек ниет ету парыз болып табылады.
Түнде жатарда тамақтанып немесе тамақтанбай ниет етсе, кейін түнде оянғанда, сәреге тұрғанда тамақтанудың зияны жоқ. Тіпті кешкі ас кезінде ертенгі оразаға ниет етіп қою жақсы болады. Ниеттен кейін имсак уақытына дейін ішіп-жеудің зияны жоқ. Рамазанда «ертең тісім ауырмаса ораза тұтамын, ауырса тұтпаймын» деген секілді күмәнды ниетпенен ораза тұту сахих болмайды.
Ауызашарда
Күн батқаны анық болғаннан кейін алдымен әузу-бисмиллә айтып: «Аллаһуммә йа уаси'әл-мағфираһ иғфирли уә ли-уалидаййә уә ли-устазиййә уә лил-мумининә уәл муминат йәумә йақумул хисаб» дұғасы оқылады. «Ей кешірімі мол Аллаһым! Қиямет күні есепке тартқанда мені, ата-анамды, ұстазымды, ер-әйел бүкіл мұсылмандарды ғафу ет» деген мағынаны білдіреді. Артынша «Йа Раббым, Сен үшін ораза тұттым және Сенің берген ниғметтеріңмен оразамды ашқалы тұрмын. Мені, ата-анамды және барлық мұсылмандарды кешіре гөр»деп айтып, мүмкін болса құрмамен немесе сүт, яки сумен ауыз ашқан жақсы.
Бір-екі жұтымдық нәрсе жегеннен соң «Зәһәбәззамаъ уәбтәлләтил уруқ уә сәбәтәл ажр иншааллаһу та’ала» дұғасын оқып, тамақ ішуді бастайды. Бұл ауызашар (ифтар) дұғасының мағынасы:
Аштық бітті. Тамырларымыздың сумен қауышу уақыты келді. Иншааллаһ сауап жазылды.
Өз қалаңыздың ораза кестесін мына сілтеме арқылы көре аласыз, принтер арқылы шығарып алуыңызға да болады:
«Ораза кестесі»
Бұл кестеде көрсетілген «имсак» уақыты – ауыз бекіту уақыты болып табылады. Яғни ораза тұтатын адам «имсак» уақытына дейін аузын бекітуі тиіс. Және «ақшам» уақыты – ауызашар уақыты. Яғни кестедегі«Имсак» пен «Ақшам» деген уақыттар арасында ораза тұтылады.
Оразаны бұзатын және бұзбайтын, яғни ораза ұстаған адамға істеуге болатын және болмайтын нәрселерді мына сілтемелерден көре аласыз:
«Оразаны бұзатын нәрселер»
«Оразаны бұзбайтын нәрселер»