Қазақ әйелдерінің дәстүрлі ұлттық бас киімі. Кимешек ақ матадан тігіліп, жиегі астарланады. Кимешектің иекті айнала, маңдайды жауып тұратын екі жағын шықшыт дейді. Кимешек жас ерекшелігіне қарай көркемделеді: Жасы егделенген әйелдердің кимешегінің ою-кестесі жеңіл, сары, ақ жіппен сырылады. Жас әйелдердің кимешегі қызыл, жасылмен әшекейленеді. Кимешектің алдын жақ деп атайды. Оны қол кестесімен кестелейді. Кимешектің шылауыш деп аталатын түрін жас келіншектер, орта жастағы әйелдер, әжелер де киеді. Кимешекті басқа сәйкестіре пішіп, тігеді. Кимешектің белден төмен түсіп, шашты жауып тұратын ұзын ұшы құйрықша деп аталады. Кимешек кеуде, иық, жонды жабатындай тұйық етіп жасалады. Тек адамның бет-әлпеті ашық тұратын жері ойық болады. Ойықтың екі жағы, кеудеге келер тұсы кестеленіп әшекейленеді. Жылтыр жіптермен бастырылып, сырыла тігіледі. Ал, ойықтың жиегін өңді жіппен шалып тігеді. Мұны алқым шалу дейді. Кимешектің кеудедегі бөлігінің ұшына күміс теңгелер тағылады. Бұл кимешекке сән береді, әрі төмен қарай басып, жазылып тұруға әсер етеді. Кимешек әйелдердің шашын шаң-тозаңнан сақтап, қобырап тұрмауына септігін тигізеді. Кимешектің Қазақстанда бұрамажаулық, иекше,т.б. атаулары да кездеседі. Кестесіне қарай кимешек қызыл жақты, сары жақты, ақ жақты кимешектер болып бөлінеді. Ақ жақты кимешекті қарт әжелер, қызыл жақты кимешекті келіншектер, сары жақты кимешекті орта жастағылар киеді. Кимешек кейде күміспен, моншақтармен шеттіктеледі. Бұрын әр тайпа мен рудың кимешектерінің пішімінде, түрінде және сырт көрінісінде өзіне тән ерекшеліктері болған. Дәстүрлі қазақ қоғамында жаңа түскен жас келіннің алғаш кимешегін кигізуге байланысты ғұрыптық рәсім өткізілетін болған. Жаңа түскен жас келінге алғаш кимешегін кигізу әйелдің қонақ асын беруімен бірге өтеді. Оны келіннің енесі ұйымдастырып, ауылдың қарт әжелері шақырылады. Келгендердің бірі жас келінге кимешек кигізіп, енесінен сый алатын болған.