Балалар, бүгіннен бастап біз сендермен қызықты саяхатқа аттанамыз. Қай жерге деп ойланып, отырсыңдар ма? Біз туған жеріміз, сүйікті отанымыз – Қазақстанның көрікті қалалары мен әсем табиғатын тамашалап, танысатын боламыз. Еліміздегі қалалардың мәдени-тарихи орталықтарына, назар аударлық орындарына барамыз. Қазақстанның әр өңіріндегі қайталанбас, ғажап табиғатында назардан тыс қалдырмаймыз. Бұл саяхат арқылы туған жеріміз жайлы көптеген мағлұматтар алып, білімдеріңді кеңейтесіңдер және толығырақ танысасыңдар. Ал бұл өз кезегінде сендердің отанымызға деген сүйіспеншіліктеріңді арттырып, елжандылыққа, патротизмге тәрбиелейді деп сенеміз. Сапарларың бізбен қызықты болады деген ойдамыз. Ендеше кеттік, достар! Алдымен біз сапарымызды Қазақстанға жалпы шолудан бастаймыз. Балалар, ата-бабамыздың ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, көзінің қарашығындай сақтап келген тәуелсіз еліміздің мемлекеттік нышандарын білесіңдер ме? Және қай күні мемлекеттік рәміздер күні аталып өтуде? Мемлекеттік рәміздер (нышандар) дегеніміз – мемлекеттің тәуелсіздігін білдіретін символикалық белгілер. Олар: елтаңба, ту, әнұран. Еліміздің жаңа мемлекеттік рәміздері 1992 жылғы 4 маусымда бекітіліп, ел тарихында бұл күн мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып өтуде.
Елтаңба: Елтаңбаның авторларын білесіңдер бе? Елтаңбаның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Мемлекеттік елтаңбаның негiзi - шаңырақ. Шаңырақ отбасылық береке, бейбітшілік пен тыныштық белгісі. Елтаңбадағы тұлпар бейнесі қандай мағына береді? Тұлпар - дала дүлдiлi, ер азаматтың сәйгүлігі, желдей ескен жүйрік аты, жеңiске деген жасымас жiгердiң, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуелсiздiкке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесi. Қанатты тұлпар - қазақ поэзиясындағы кең тараған бейне. Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпi. Қанатты тұлпар уақыт пен кеңiстiктi бiрiктiредi.
Ту:Тудың авторларын білесіңдер бе? Тудың авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков. Мемлекеттiк тудың түсі қандай? Мемлекеттік ту - көгiлдiр түстi тiк бұрышты кездеме. Көк түс – адалдық, сенiмдiлiк, үмiт сияқты адамгершiлiк қасиеттерге сай келедi. Оның ортасында арайлы күн, күннiң астында қалықтаған қыран, ұлттық оюлармен кестеленген тiк жолақ - алтын түспен өрнектелген. Бұлтсыз көк аспан барлық халықтарда әрқашан да бейбiтшiлiктiң, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болған. Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейдi. Күн - қозғалыс, даму, өсiп-өркендеудiң белгiсi. Қанатын жайған қыран құс - бар нәрсенiң бастауындай, билiк, айбындылық бейнесi. Ұлан-байтақ кеңiстiкте қалықтаған қыран Қазақстанның еркiндiк сүйгiш асқақ рухын, қазақ халқының жан-дүниесiнiң кеңдiгiн паш етедi.
Әнұран:Әнұран адамдардың өз мемлекетіне деген ерекше сезімін оятады, біздің басымызды біріктіреді. Онда халықтың тарихы, оның жанының кеңдігі мен байлығы, алған бағыты көрініс табады. Мемлекеттік әнұранды көпшілік орындаған кезде қатысушылар орындарынан тұрып, оң қолын омырауының сол жағына қойып әнұранды тыңдайды немесе орындайды. «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның әнұраны президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша, 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің парламентінде бекітілді. Әнін жазған – композитор Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар – Нұрсұлтан Назарбаев пен Жұмекен Нәжімеденов. Балалар, әнұранның сөзін Қазақстан Республикасының әр азаматы жатқа білуі тиіс.
Әнұран: Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы, Ерліктің дастаны, Еліме қарашы! Ежелден ер деген, Даңқымыз шықты ғой. Намысын бермеген, Қазағым мықты ғой!Қайырмасы: Менің елім, менің елім, Гүлің болып егілемін, Жырың болып төгілемін, елім! Туған жерім менің - Қазақстаным! Ұрпаққа жол ашқан, Кең байтақ жерім бар. Бірлігі жарасқан, Тәуелсіз елім бар. Қарсы алған уақытты, Мәңгілік досындай. Біздің ел бақытты, Біздің ел осындай!