Бірде орманда аңдардың патшасы арыстан бәйге жариялапты. Ол бір қазан суды қайнаттырып:- Осы суды кім ішіп қойса, көп сыйлық берем, - деген шарт қойыпты. Көп сый-сияпаттан дәмеленіп, бақтарын сынап көргісі келген аңдар бірінен соң бірі келеді. Қанша өжеттенсе де, олардың қай- қайсысының да қайнап тұрған суды ішуге батылдары бармапты. Ең соңында ойнақтай басып қоян келеді. Ол қып-қызыл шоқта тұрған қазанды көтеріп алады да:- Суды ыстықтай ішуді жақсы көремін, - деп жан-жағына қарайды. - Ендеше, іше-ғой, - дейді аңдар аң-таң қалып. Аңдардың бәрі қоянның не істейтінін көздерімен көруге асығады. Қоян ұзыннан-ұзақ қаз-қатар тізіліп тұрған аңдарды жағалай жүріп: - Мінеки, достарым, мынау ыстық су. Көздеріңмен көріңдер, сенбестік танытып жүрмеңдер, - деп бас-басына көрсетіп шығады. Қоян аңдарды басынан аяғына дейін аралап шығып, бәріне бірдей көрсетем дегенше қазандағы су суып қалады. Ал қулығын асырған тапқыр қоян суып қалған суды басына бір-ақ көтеріп, сіміріп салады. Таңданған аңдар ауыздарын ашып, көздерін жұмады. Тіпті олар қоянға қызыға қарай бастайды. Алданған аң патшасы арыстан қоянға көп сыйлықтар беріпті. - Міне, нағыз ер! – деп мақтапты. Сөйтіп, небір айлалы аңдардан асып түскен тапқыр қоян көп сыйлыққа ие болып, қуанышы қойнына сыймаған екен.