Баяғыда бір жас аңшы тундра да аң аулап жүріп, бір топ көжегімен қаперсіз жайылып жатқан қоянды көріпті де, бұқпантайлап қастарына жақындапты. Қоян аңшыны байқап қалып, «Қашыңдар, еріңдер соңымнан!» деп айқайлапты көжектеріне. Көжектері енесінің соңынан томпаңдай жөнеліпті. Аңшы қуып беріпті. Қуа-қуа енді жақындай бергенде алдында арындай ағып жатқан өзенді, қояндардың өзенге қарғып-қарғып түскенін көріпті. Ол жағаға жеткенше қояндар арғы бетке жүзіп өтіп, бір төбешіктің тасасына жасырыныпты. Жүгіре-жүгіре әбден титықтаған аңшы бір қойтасқа тізе бүгіп жылап жіберіпті. Ал кішкентай көжек төбенің басынан құлағын ғана қылтитып, аңшының көңілін басатын бір әнді шырқап қоя беріпті.
Емін-еркін қыдырдық,
Асыр салып жүгірдік.
Аңшы келіп қуғанда,
Өте шықтық судан да.
Бас алмай ашуын,
Отырсын-ай аңшының.
Ағын судан шошынып,
Жылағаны не сұмдық.
Әй-әй-әй. Әй-әй-әй. Әй-әй-әй.
Көжек осылай деп әндетіпті. Аңшының жебелерін қорамсағына салып, үйіне құр қол қайтудан басқа амалы қалмапты. Ол қояндарға садағын көрсетіп, «Қараңдар, қараңдар да тұрыңдар, қу қояндар! Бұдан былай мені алдай алмайсыңдар»,- деп қаһар төгіпті.