Ертеде бір шал мен кемпір болыпты. Олар балық аулап күндерін көреді екен. Бір күні шал шанасына аулаған балығын толтырып алып, сүйрей алмай келе жатады. Оны көрген түлкі, жолына өтірік өлген болып жата қалады. Түлкіні көрген шал;- оо, мына түлкіден шапанға жаға жасауға болады ғой, - деп ойлайды. Тегін олжаға кенелген шал, түлкіні балық артқан шанасына салып алады. Осыны күткен қу түлкі шалға білдірмей бір-бірлеп балықтарды лақтырып отырады. Балықтар таусылғасын өзіде түсіп қалады. Бұны сезбеген шал үйіне жете сала, айқайлап кемпірінен сүйінші сұрайды.-Әй, шық бері. Мен саған қырдың қызыл түлкісін әкелдім. Әдемі жаға жасап аласың. Енді тоңбайсың, - дейді де бұрылып шанасына қараса балықта, түлкі де жоқ екенін көреді. Шал кемпірінен әбден ұялады. Ал қу түлкі, балықтарды бір төбе қылып жиып алып, рахаттана жеп отырады. Оны көріп, аш қасқыр келеді.-Айналайын, түлкі жан, ашыққаннан әлім құрып әрең келемін, маған да берсеңші, - дейді. Түлкі қулығына басып: «балық жегің келсе, суатқа бар да құйрығыңды малып қойып, тапжылмай отыр. Таң атқанда құйрығыңды тартсаң болды, балыққа тоясың!» - дейді. Аңқау қасқыр суатқа келіп қарайды. Жүзіп жүрген балықтарды көріп, көп олжаға кенелетін болдым деп ойлайды. Сосын ойланбастан құйрығын малып отыра береді.Біраздан кейін оның құйрығы қатып шымырлай бастайды. Аңқау қасқыр бұл тістеп жатқан балық болар, үркітіп алмайын деп отыра береді. Ертеңінде таң ата суатқа жылқыларын суаруға жылқышы келеді. Жылқышыны көрген қасқыр қашпақ болады. Бірақ қатып қалған құйрығы оны орнынан жібермейді. Сөйтіп қу түлкі балықшыны да, қасқырды да алдап соғыпты. Не істесеңде ойланып істе, ойланбай іс қылсаң жазым боласың деген сөз осыдан қалыпты.