Ертеректе Қайрат атты өте бай әрі өте жомарт кісі болыпты. Жайлауда отар-отар малы бар екен. Малын өзгелермен бөлісе отырып, көңілі орнығатын Қайраттың “Думан” атты қап-қара аты болыпты. Думанның теңдесіз ат екендігі соншалық, бүкіл елде оның “аузымен құс тістеген” жүйріктігі сөз болады екен. Қайрат осы атын жанындай жақсы көргендіктен, оны еш нәрсеге айырбастамайды екен. Қайраттың жомарттығы әрі атының әсемдігі патшаның құлағына жетіпті. Патша бас уәзірін шақырып: Қайраттың жомарттығын сынағым келеді. Думанды мен үшін сұратып жібер! Көрейік, берер ме екен?- депті. Келесі күні патшаның адамдары жолға шығыпты. Жаңбыр шелектеп құйып тұрған түні Қайраттың ауылына жетіп, оған қонақ болыпты. Қайрат оларды құшақ жая қарсы алып, адамдарына тамақ әзірлеулерін бұйырыпты. Көп ұзамай дастархан жайылып, ет желініпті. Сосын қонақтар ең жайлы төсекте қалың ұйқыға кетіпті. Таңертең патша адамдары не үшін келгендерін айтқанда, Қайрат аһ ұрып, өз-өзін тоқпақтай бастап: Қап! Патшаның әмірін келісімен айтқандарыңда ғой! Сіздердің жылқы етін жақсы көретіндіктеріңізді жақсы білемін. Кеше түнде күн бұзылып тұрғандықтан, сіздерге табақ тарту үшін Думаннан басқа соятын мал таба алмаған едім,- депті. Қайраттың бұл жомарттығы патшаны қайран қалдырыпты. Жомарттықтың керемет мінез екендігі «Үйдегі жалғыз атын сойып беріп, жүген ұстап қалады ертеңінде» деген сияқты өлең жолдары осы жайды аңғартса керек.