Апельсин – цитрустар тұқымдасына жататын көпжылдық мәңгі жасыл жеміс ағашы. Отаны – Оңтүстік Қытай және Үндістан. Қазіргі кезде апельсин тропикалық және субтропикалық аймақтардың көбісінде өсіріледі. Биіктігі 10-12 м, жапырағы қалың, сопақша, ұшы сүйірлеу болып келеді. Гүлінің түсі ақ, жұпар иісті. Жемісінің түсі сұрыпына қарай ақшыл сарыдан, қызыл сарыға дейін болады, пішіні домалақ. Жемісінің орташа салмағы 100-400 г. Апельсин – жылусүйгіш өсімдік. Өсіп тұрған жері қолайлы болса 75 жасқа дейін өмір сүреді. Апельсиннің құрамында қант, лимон, аскорбин қышқылдары, С, В1, В2, В6, Р,А дәрумендері, көмірсулар және минералды заттар бар. Апельсиннің қабығының құрамында 2% -ға дейін эфир майы болады. Апельсин жемісі аспаздықта, парфюмерияда және медицинада кеңінен қолданылады. Апельсин - адам ағзасына, әсіресе жүрек-қан тамырлары, жүйке жүйесіне аса қажет жеміс. Апельсин шырыны ағзадағы зат алмасу процесін жақсартады. Жеміс адамның тәбетін ашып, безгекке ұшырағанның ыстығын алады. Апельсиннің пайдалары: Дене температурасын түсіреді. Шөлді басады. Қан аздыққа пайдалы. Ас қорыту жүйесін жақсартады. Денеге күш-қуат береді. Тез сауығып кетуге көмектеседі. Қант диабеті ауруларына пайдалы. Жатар кезде желінсе, ұйқыны келтіреді. Семірудің алдын алады. Жүдетуші. Тамырдың бітелуін және сал болудың алдын алады. Апельсин қабығы тәбетсіздікке (анорексия) өте пайдалы. Денені зиянды заттардан тазартады. Жүйке жүйесін тыныштандырады және шаршағанды кетіреді. Иммунитет жүйесін күшейтеді. Гүлдерінен қайнатылған су шаншуды кетіреді. Тұмауға және салқын тигенге жақсы көмектеседі және жөтелді кетіреді. Қабықтарынан жасалған шырын асқазан ауруларына пайдалы. Бауыр және өт жолдарының жұмысын жақсартады. Теріге әжім түсудің алдын алады. Терінің таза және тегіс болуын қамтамасыз етеді. Қанның қоюлануын, асқазан және ұйқы безі қатерлі ісігінің алдын алады. Жүрек және тамыр ауруларына, қатерлі ісікке қарсы қорған болып табылады. Балаларды аурулардан қорғаушы және дененің дамуын қамтамасыз ететін қажетті элементтерге толы жеміс болып табылады.
Апельсинді қалай таңдау керек?
Апельсин таңдаудың ең тиімді жолы – оны қолмен ұстап көру яғни неғұрлым ауыр болған сайын, соншалықты шырынды әрі дәмді болады. Сондай-ақ, орташа үлкендіктегі жемістер ірілеріне қарағанда тәттірек болады. Қарашаның соңы мен желтоқсанның басында жиналған апельсиндер ең сапалы әрі ұзақ уақытқа жақсы сақталады.