Тасбақалар – бауырымен жорғалаушылар отрядының бірі. Қазір тіршілік ететін тасбақалардың 250-ге жуық түрі бар. Тасбақалар барлық құрлықтарда (тек Антарктидада кездеспейді), ыстық шөлді жерлерді, тропиктік ормандарды, тау беткейлерін, өзен, көл, батпақ, елді мекендер маңын, теңіз жағалауларын, мұхиттарды мекендейді. Суық және құрғақшылық кезде қысқы, кейде жаздық ұйқыға кетеді. Тасбақалардың ерекшелігі денесі сүйекті-мүйізді не сүйекті-терілі сауытпен қапталған. Арқа сауытын «карапакс», ал бауыр сауытын «пластрон» деп атайды. Сауытының ұзындығы 12 см-ден 2 м-ге дейін жетеді. Карапакс теріден дамыған сүйек тақташықтарынан тұрады. Оның ішкі бетіне омыртқа қанаттары және қабырғалар бекиді. Пластронның тақташықтары бұғана мен құрсақ қабырғаларынан құралған. Екі сауыттың біріккен жері тарамыс сіңірмен қозғалмалы түрде не сүйектері кірігіп жалғасады. Екі сауыт арасынан тасбақалардың басы, мойны, аяқтары шығып тұрады, қауіп төнгенде бұларды сауыт ішіне жиып алады. Жақтарында тістері болмайды, иегінде тұмсық тәрізді мүйізді қабыршақтары бар. Тасбақалардың Қазақстанда 2 тұқымдасы: тұщы су тасбақалары және құрлық тасбақалары, олардың бір-бірден түрлері (батпақ тасбақасы) бар. Теңіз тасбақаларының салмағы 600 кг. Сауыты сүйір, аласа, мүйізді қалқаншалармен қапталған. Басы кішкентай, алдыңғы аяқтары артқыларынан ұзын, ескек тәрізді, жүзуге бейімделген. Тропикалық және субтропикалық теңіздерде 7 түрі таралған. Жылдам жүзеді, тереңге сүңгиді. Қорек және көбеюге жарамды жер іздеп жүздеген шақырым жерге жүзіп барады. Олар тек жұмыртқа салу үшін ғана құрлыққа шығады. Қоректері ұлулар, балықтар, теңіз балдырлары. Ең ірісі жасыл теңіз тасбақасы, сауытының ұзындығы 1,4 м, салмағы 600 кг. Саны азайған, өйткені оны еті, жұмыртқасы және сауыты үшін аулайды. Құрлық тасбақалары Қазақстан шөлдеріндегі тасбақалар отрядының жалғыз өкілі. Ортаазиялық тасбақа деп те атайды. Аналығының ұзындығы 20см, салмағы 2,5кг, аталықтары кішілеу. Сүйекті сауыты қауіп төнген кезде басы мен аяқтарын жинап жасырынуға ыңғайлы. Ол құрлық тасбақаларын жыртқыштардан жақсы қорғайды. Бірақ кейбір қырандар тасбақаны биіктен тасқа лақтырып , сауытын жаруға машықтанған. Сауыты қатпаған кезде, жас құрлық тасбақаларын қарғалар да шоқып тастайды. Жағындағы мүйізді қаптары өсімдіктермен қоректенуге мүмкіндік береді. Құрлық тасбақалары не бары 3-4 ай, наурыздың соңынан маусымның соңына дейін, көбіне күндіз белсенді, қалған уақыттарында құмға 2м тереңдікке дейін көміледі де, ұйқыға кетеді. Қызықты мәліметтер: Тасбақалар 200 миллион жылдардан бері тіршілік етуде. Сүтқоректі жануарлар, құстар, қолтырауындар мен жыландардан бұрын тіршілік ете бастағаны ғылыми түрде дәлелденген. Тасбақалар бауырымен жорғалаушылар отрядының ең ұзақ тіршілік ететін түріне жатады. Табиғи жағдайда 150 жылдай тіршілік етеді. Суыққа өте төзімді болғандықтан мұздақтардың астында да тіршілік ете алады. Тасбақаның сауыты 60 түрлі сүйектерден құралған. Көру, иіс сезу органдары жақсы дамыған, бірақ нашар естиді.