Кірпі балығы (Diodomidae) - тікенқұрсақтылар отрядының тұқымдастарына жатады. Дене тұрқының орта шамасы 30-40 см. 6 туыстың 15 түрі бар. Кәдімгі түрі кірпі балық (Diodon histrix) барлық мұхиттардың тропикалық суларында, теңіз жартастарында және маржан рифтерінде (су астында немесе су деңгейінен сәл шығып тұратын теңіз жартастарында) кездеседі. Қимылы баяу. Терісі қатты және денесі қысқа тікенектермен қапталған. Қорғанатын кезде түсін оңай өзгертіп, «ауа қапшығы» қарын өсіндісі ауаға немесе суға толып, денесі шар тәрізді қабарып өсіп, тікенектері ұзарып шығады. Үрленген кірпі балық тропиктік теңіз балығына ұқсайды. Кейбір түрлеріақ,жасыл немесе көкшіл қара болып келеді. Маржан рифтерінде тіршілік ететін түрлерінің түсі көк немесе қызыл қоңыр, бүйірлерінде ақ жолақтары мен дақтары бар. Кірпі балығының ең басты ерекшелігі – шар тәрізді ісінуі. Яғни 1 литрге жуық су немесе ауаны жұтып алып, судағы тепе-теңдігін жоғалтады. Теңіз бетіне қалқып шығып, теріс аударылып қалады. Су немесе ауа қарын өсіндісінде жиналады. Екі шетін бұлшық етті қақпақша жауып тұрады. Оңай жиырылып ашылатын ауыз қуысы әдетте сорғыш (насос) қызметін атқарады. Тістері бүтін, тұмсық тәрізді. Үстіңгі және астыңғы жақ тістерінің алдыңғы тістері кесуге, ал артқы тістері үгітуге арналған. Кірпі балықтары маржан бөлшектерін шайнап, жұмсарғандарын жұтады. Басты қоректері теңіз ұлулары, маржан бөлшектері, теңіз құрттары және әртүрлі омыртқасыз жәндіктер. Кірпі балықтары көктемнің соңында және жаз айларында жұмыртқа салады. Жұмыртқалары 4-5 күнде жарылады. Ісінетін денесі, тікенді терісі өздерін қауіптен қорғайды. Және теңіз жануарларының ішіндегі ең улы түрлеріне жатады. Бұл балық Жапония асхана өнерінде өзіндік орын алады. Ең танымал жапон тағамдарының бірі «фугу» осы балықтан жасалады. Жапониядабұл тамақтың дайындалу әдісі заң жүзінде бақыланады және өте білікті аспаз мамандар тарапынан жасалады. Жапонияда бұл балықтың ең дәмді жері – бауыры болып саналады. Алайда оның ең улы жері де бауыры. 300 градусқа дейін қайнаса да бұзылмайтын дәмсіз, иіссіз, түссіз уы адамдардыңшеткі жүйке жүйесін сал етеді. Сондықтан тамақпен піскен кезде улылығы жойылмайды. Негізі бұл балық зиянсыз. Суда жүзгенде адамға зияны жоқ. Терісін ұстауға болады. Алайда кейбір бұлшық еттері мен ішқұрылыстары улы болып келеді.