Бүркіт – сұңқартәрізділер отряды, қаршыға тұқымдасының қырандар туысына жататын ірі жыртқыш құс. Латынша аты (Aquіla chrysaetos) «алтын қыран» деген ұғымды білдіреді. Түркі халықтарының көпшілігі «бүркіт» (жемтігін бүріп ұстау тәсіліне сәйкес) деп атайды. Бүркіт – қырандар ішіндегі ең ірі әрі күшті, дене бітімі мығым, жылдам ұшатын құс. Саны азайып бара жатқан, сирек кездесетін құс. Ұясын (диаметрі 1,5 – 2 м) қурап қалған ағаш бұтақтарынан құздың, жартастың басына салып, 1—2 жұмыртқа табады. Кең қанаттары (созған кезде 2 метрге дейін жетеді) мен қысқа құйрығы (30—35 см) ұшқан кезде "ұшып бара жатқан қанатқа" ұқсайды. Саусақтары салалы, ірі әрі бедерлі (мүйіз қабыршақты). Бүркіттің салмағы 3 кг-нан 6 кг-ға дейін. Үлкен құстары қара-күрең түсті, төменгі жақтары ақшылдау болады. Өте жақсы ұшады, жерде жақсы жүреді, жүгіре алады. Жемтігін ұстаған кезде, жартылай ашылған қанатымен ұстайды. Бүркіт аңды тырнағымен емес, табанындағы бүртіктері – бездерімен буындырып өлтіреді. Бүркіт суыр, қоян, түлкі, борсықты, кейде тышқан мен саршұнақты, тасбақаны, тұяқты жануарлардың (ақ бөкен, елік, қарақұйрық) төлдерін жейді. Қазақстанда ормансыз және шөл далалардан басқа барлық жерлерде кездеседі, бірақ сирек. Қыста көбіне оңтүстікке ұшып кетеді.Бүркіт Солтүстік Американы, Еуразияны, Солтүстік-Батыс Африканы, Жапония аралдарын мекендейді. Қазақстанда оның алты түр тармағы Маңғыстау, Үстірт, Мұғалжар, Сыр бойы, Қызылқұм, Бетпақдала, Сарыарқа, Тянь-Шань, Тарбағатай, Алтай өңірлеріндегі жазық жерлерде, тау бөктерінде кездеседі. Ұсақ және орташа сүтқоректілерді және құстарды ұстайды. Орта Азияда, Қазақстанда бүркітті қолға үйретіп түлкі, елік, қарақұйрық сияқты аңдарға салады, шабыты түскен кырағы бүркіттер қасқырды да алады. Қазақ құсбегілері бүркітті жасына қарай ажыратып, атай білген. Мысалы: бір жастағысын – балапан, екідегісін – қантүбіт, үштегісін – тірнек, төрттегісін – тас түлек, бестегісін – мұзбалақ, алтыдағысын – көк түбіт, жетідегісін – қана, сегіздегісін – жаңа, тоғыздағысын – майтүбіт, ондағысын – барқын, он бірдегісін – баршын, ал он екі жастағысын – шөгел деп атаған. Бүркіт тәрізділер тұқымдасына жататын жыртқыш құстарға мыналар жатады: Ақ тұйғын, Бақалтақ қыран, Австралия қыраны, Үнді қаршығасы, Қарақұс, Испан қарақұсы, Күшіген, Дала қыраны, Сұңқар, Дала сұңқары, Ақиық, Ала құмай, Бөктергі, Жағалтай, Ителгі. Қыран бүркіт мықтылықтың, қайсарлықтың, еркіндіктің белгісі. Қазақстан Республикасының Туындағы бүркіт бейнесі азаттық айбыны ретінде бейнеленген. Бүркітті қолға үйретіп, баптап, саятшылықта пайдалану – қазақ халқының ертеден келе жатқан өнері.