Бұрынғы өткен заманда парсы елінде бір жесір әйел болыпты. Бұл әйел өлер алдында жалғыз баласын шақырып: «Балам, айтқаныма құлақ сал! Біз бұл өмірде көптеген қиыншылықтар көрдік. Аманат ретінде саған бір кітап тастап барамын. Егер де осы кітапта көрсетілгендер бойынша амал етіп тіршілік ететін болсаң, өте бай боласың!»,- депті. Шешесі қайтыс болған соң жігіт кітапты қолына алып, оқи бастапты. Бастапқы бетінде: «Қазынаға қол жеткізу үшін барлық бетті толық оқу керек»,- деп жазылыпты. Кітап арабша мәтіндерден басталыпты. Жас жігіт басқалардың да бұл сырды үйреніп, қазынаға қол жеткізулерінен қорқып, мәтінді біреуге аудартудың орнына араб тілін өзі үйрене бастапты. Соңында арабшаны жақсы меңгеріп шығыпты. Бірақ бір сөйлемнен кейін сөйлем қытай тілінде жалғасып кетіпті. Одан кейін басқа да тілдер кездесе бастапты. Жігіт ықыласпен, сабырлықпен кездескен тілдердің барлығын үйрене бастапты. Біршама уақыт өткен соң сол қаланың ең жақсы аудармашыларының бірі болыпты. Кітап беттері ілгерілеген сайын қазынаны қалай басқару керектігі жайында әр түрлі ғылымдар кездесіпті. Жігіт бұл жолы экономика, сауда ғылымдарын үйреніп, көптеген тілдерді білетін, экономика ғылымын жақсы меңгерген маман ретінде атағы сол елдің патшасының құлағына жетіпті. Патша оны өзінің бас уәзірі ретінде тағайындапты. Және кітаптың соңғы беттерінде техника ғылымдарын, жол салу, құрылыс материалдарын және басқа да ғылымдырды үйреніпті. Осылайша ешкімнің көмегіне жүгінбеген жігіт білімді, құрметті адамдардың қатарына қосылыпты. Сосын инженерлік, сәулет өнерін де меңгеріпті. Соңында білімділігін, мәдениеттілігін жоғары деңгейде бағалаған патша жігітті «Өз сарайының сәулетшісі» деп атап кетіпті. Осылайша бір мемлекетті басқара алатын патшалық дәрежеге дейін жетіпті. Кітаптың соңғы бетіне келген күні патшаның қызымен үйленіпті. Жігіт кітаптың соңғы бетін ашып, төмендегі ең соңғы сөйлеммен кітапты тамамдапты: «Ғылым үйреніп, білім алу – ең үлкен қазына.»