Баяғыда бір патша екі уәзірін ертіп, қалаға жақын аудандарды аралауға шығыпты. Қаладан шығып, бірнеше сағат жүрген соң жолдың шетінде орналасқан бір анар бақшасының қасына келіп тынығуды ұйғарыпты. Әбден пісіп, жетіліп тұрған анарлар көздің жауын алып тұрған соң, патша бақша ішінде жұмыс істеп жүрген бір қарияны шақыртып былай депті: Бұл әдемі бақша кімдікі? Бұл бақша менікі, мырзам. Әкемнен мұра болып қалған бақша. Бала-шағаң, қызметшілерің бар ма? Құдай маған бала-шаға бермеді. Жалғыз кемпірімнен басқа ешкімім жоқ. Олай болса, мен – осы елдің патшасымын. Осы жерден бір анар шырынының дәмін татып кетсек деймін,- депті. Қария «Құп болады, тақсыр!» деп, дереу бақша ішіндегі лашықтан таза ыдыс әкеліп, ең жақын тұрған бұтақтан екі анарды үзіп алып, шырынын сығып беріпті. Патша ішіп, шөлін қандырып, дәмін де қатты ұнатыпты. Бүкіл денесіне күш-қуат кіргендей, сергіп қалыпты. Қария патшаның уәзірлеріне де шырыннан тарту етіпті. Сөйтіп патша мен уәзірлері қарияға үлкен алғыстарын айтып, жолға аттаныпты. Жолда келе жатып патшаға әр түрлі жаман ойлар келіпті: “Ақыры бір аяғы көрде жүрген бұл қарттардың мұрагерлері де жоқ, мұндай әдемі бақшаны не істемек? Одан да біраз пұл беріп, бақшаны өзім алып алайын”,- депті. Патша мен уәзірлері кешкісін қайтіп келе жатып, әлгі бақшаның қасына келіп қонақтапты да қариядан тағы да анар шырынын дайындап әкелуін сұрапты. Қария азандағыдай шын көңілден, ықыласпен жасап бермесе де, әкеп беріпті. Бірақ патшаға бұл жолғы шырынның дәмі мүлдем ұнамапты. Содан қарияға: Қария, неге дәмсіз? Бұл шырын бағанағымен бірдей анардан жасалынған жоқ па? Неге дәмі тәтті емес? Барлығы бір анардан жасалған, балам. Дәмдерінде ешқандай айырмашылық жоқ. Бұл жерде негізі өзгерген – сіздің ниетіңіз. Қарамағыңыздағы адамның мал-мүлкіне көз тіктіңіз, міне сол себепті анарлардың да дәмі өзгерді, - депті қария.