Теңіз аттары – Ине балық тәрізділер тұқымдасына жататын балықтардың тегі.
Дене тұрқы 12-30 см, басы бауырына қарай иілген және жанына қарай сәл қисайған. Құйрығының ұш жағы қошқар мүйіз тәрізді иірілген және онымен су өсімдіктерін орап алып, жабысып тұрады.
Түсі қызыл-сұр, бауыры ақ не қоңыр, кейде көк теңбілді не жолақты болып келеді. Пішіні ерекше, балықтан гөрі шахмат ойынындағы “атқа” ұқсайды. Ат-балықтың еркегінің құйрығы басталған жерінде, бауыр жағында қапшығы болады. Уылдырығын аналығы аталығының қалтасына салады. Уылдырықтар аталықтың денесінде өсіп-жетіліп, дүниеге келеді. Атбас балық - аталығы “бала туатын” жер бетіндегі бірден-бір тіршілік иесі .
Уылдырық салатын қалтасы құйрық астында орналасқан, ол жабық тұрады. Қалтаның алдыңғы бөлігінде уылдырық салатын кішкентай саңылау болады.
Теңіз аттары тропикалық және субтропикалық теңіздерде тіршілік етеді. Олар отырықшы өмір салтын ұстанады, өздерін өсімдік сабақтарына икемді құйрықтарымен жабысады және дене түсін өзгерте алады. Осылайша олар жыртқыштардан қорғанады. Теңіз аттары ұсақ шаяндармен қоректенеді.