Ақмола

Ертеректе бір молда кісі бала оқытумен Арқа өңіріндегі ел жұртқа танылады. Оның көріпкелдік қабілеті де бар еді. Қасиеті бар адамды жұртшылық әулие тұтып, жоғалтқанын сұрап отырады екен.Бірде бір адамның бірнеше жылқысы жоғалып, молдаға келеді. Мұның соңы немен бітерін ойланбастан, молда оны көрші ауылдың бір бай адамының барымташылары айдап әкеткенін айтады. Молданың болжамы дұрыс келіп, жоғалған жылқылар байдың табынынан табылады. Өшіккен бай молданың соңына түсіп, маза бермей қояды. Түрткі көбейген соң, молда елден қашып кетеді. Қашып жүріп, жолда суық тиіп сырқаттанған ол жапан түзде қайтыс болады. Өлерінің алдында жанындағы серіктеріне: «Мені алысқа апарып әуре болмаңдар, осы жерге қойыңдар.  Бейітіме саз балшықты ешкінің майы мен сүтіне араластырып илеңдер», – деп аманаттап кетеді.  Аманатын екі етпестен орындаған халық мазарды тұрғызып қойғаннан кейін байқаса, молданың мазары күн көзінде де, түнде де жарқырап, ақ түске боялып тұрады екен. Сол себепті де оны жұртшылық Ақмола деп атапты. Кейінірек осы жерде орыс казактары Ақмола станциясының негізін қалайды. Тың өлкесінің ордасына айналған бұл қалаға кеңес заманында Целиноград деген атау беріледі. Бұдан соң Қазақстан астанасы Ақмолаға  көшірілген кезде, оның атауы Астана, кейін Нұрсұлтан болып өзгертіліп, жаңаша атқа ие болыпты.