Қажымұқанның айтуынша, Ернақы – Кенесарының қырық батырының бірі болған. Кенесары өзінің батырларына «Бас батыр», «Бала батыр» деп атақ береді екен. Бас батырлар қатырында Иман, Ернақы сияқты адамдар болған. Ернақы 1795 жылы туып, 1847 жылы 52 жасында өлген болады. 700 кісімен Алатаудан асып, Тоқпақ түбіндегі Майтөбе деген жерге шабуыл жасағанда, қолға түсіп мерт болады.
Ернақы батырдың өзі өлген соң айналасы жұтап, кедейшілікке ұшырайды. Патша өкіметі оның балаларына қырын қарайды. 1847 жылдан соң оның үй-іші Ақмола, Қараөткел жағына барып, жалшылық істеп күн көреді. Қажымұқанның әкесі Мұңайтпас өзінің бар өмірін осындай ауыр кедейлікпен өткізген. Аузы тұшып ас ішпеген, шекесі жылтырап киім киген жан емес. Жас кезінде той-думанда бас бәйгеге түсіп, көп күрескен. Қазақша күрестен жаурыны жерге тимепті. Жұрт оны «Жуанаяқ» балуан дейді екен. Оның мәнісі: аяғы жерошақтай болып, үнемі жалаң аяқ жүреді екен. Қысқа қарай аяғына киізден, не көннен үлкен бір етік киеді екен. Оны да қонышынан басады екен. Екі аяғы далақтап жер-жаһанға сыймайтын болыпты.
Жуанаяқ балуанның қызмет істемеген байы жоқ. Соның бірі – Қараөткелдегі Ғаббас дейтін ноғай. Ғаббас үлкен саудагер екен. Бір жылы қыс қатты болып, қар қалың жауады. Қаланы қар басып қалады. Жуанаяқ балуанның қайыңнан істеген терідей дәу күрегі болады. Тоң болып қатқан кебежедей-кебежедей мұздарды жар қорадан асырып атып тұрады. Қары қалың жерді шаршылап ойып, лақтыра берген. Жуанаяқ балуанның күрегін ешкім көтере алмайды екен. Қар астында Ғаббастың екі бұттық кір тасы болады. Қар күреп жүргенде Жуанаяқ балуан соны да биік жар қорадан асырып жіберген, тағы бір кішігірім тасты да солай етеді. Оны өзі білмейді. Бай қыстай гір тастарын жоғалтып, Мұңайтпасқа «сатып жібердің!» деп жала жабады. Көктемде қар ерігенде қараса, баяғы екі тас биік жар қораның сыртында жатыр екен.
Жуанаяқ балуан бір жылы Ғаббастан шығып, бір орыс байына қызметке тұрады. Оның жел дирмені бар екен. Бір жолы жел дирмені бұзылып, оның тасын ешкім қозғалта алмайды. Сонда Жуанаяқ балуан беліне қыл арқанды төрт-бес қабат байлап, тастың тесігінен (ұңғысынан) өткізіп алып сүйреп кетіпті.
Бұдан соң қара шаруалау қазақ байына қызметке тұрады. Мұның бір аяулы биесі құдыққа түсіп кетіп, құдық түбіне барып екі бүктеліп жатып алады. Сонда Жуанаяқ балуан биенің қолтығы мен шабынан екі-үш қабат арқанды күрмеп байлап, төрт құлаш құдықтан қауға сияқтандырып көтеріп алып шығыпты. Мұңайтпас 1914 жылы әбден қартайып, кедейлік босағасында өлген. «Жылым – жылқы» деп отырушы еді, – дейді Қажымұқан.