Мектебім
Мектебім сені сағынам,
Демалыс болса асығам.
Апайдан білім аламыз,
Біз мектепке барамыз.
Думанұлы Бубайсар, 7 жас, Алматы қаласы
Көктем
Келді міне, көктем де,
Аң мен құстар оянды .
Орман, тау мен бөктер де,
Жасыл түске боялды.
Мереке мен мейрамдар,
Басталады жақында.
Күн жылынса адамдар,
Жер жыртады бағында.
Көтеріңкі көңілмен,
Демалысқа шығамыз.
Жеңіл киім киіп ап,
Ойын қуып барамыз.
Еңбекшіқазақ ауданы, «Т.Кенжебаев атындағы орта мектептің» 5-сынып оқушысы Айсаев Мерей, 12 жас
Ауылым
Менің ауылым «Көктің көлі» деп аталады. Ауылымның табиғаты керемет. «Көктің көлі» көл бар. Ол өте үлкен. Онда аққу, қаз, шағалалар жүзеді. Жазда ауыл адамдары дем алып, суға түседі. Ауылым көп ұлтты. Олар бір-бірімен тату тұрады. Мал шаруашылығы жақсы дамыған. Мен өз ауылымды қатты жақсы көремін.
Архат Тегіс, 8 жас, Қарағанды облысы, Шет ауданы, Көктің көлі ауылы
Ұлы халқымыздың данышпан ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналады
Мен, Сәкенмін! Сейфуллиннің ұрпағы,
Дақ түсірмей, мақтан етемін атымды.
Данышпан ойдың асқары,
Абайдың қара сөздері.
Шаттанып мақтан етеміз,
Ұлы сөздің дастаны.
Бес нәрсеге қашық болып жүреміз,
Бес нәрсеге асық болып келеміз.
Жаттап алсақ ұлы Абайдың өлеңін,
Алға басар мықты сөздер тірегім.
Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қажымұқан ауылының № 4 негізгі мектебі, 5 Б сынып оқушысы Біләл Сәкен
Қос қормалым
Әкем тістеп аузындағы шылымын,
Анам өріп отыратын бұрымын.
Тәй тәй басқан кезімнен ақ тәнті қып,
Екеуінің еркелеткен қызымын.
Әкем менің асқар тауым қормалым,
Ол бар жерде мен қараусыз қалмадым.
Анам менің күндей нұрлы шуақты,
Ол бар жерде гүлдей күліп жайнадым.
Еркелетіп шақырса олар Назым деп,
Жас құрақтай жайқаламын жазың боп.
Қос бәйтерек, Қос қормалым, Қос тауым,
Олар жайлы айтылатын әнім көп.
Желдей өскен желігі мол көп күн де,
Өсіп келем ұқсай жүріп көп гүлге.
Қос қормалым аман болса мәңгілік,
Менен асқан бақытты жан жоқ мүлде.
Қуанышқызы Дильназ, 12 жас
Туған жер
Əр адамның кіндік тамған туған жері, елі бар. Əр адам өз туған жерін құрметтеп, сол жеріне адал қызмет ету керек. Менің ойымша бұл əр пенденің міндеті деп ойлаймын. Туған жерімізге пайдамызды тигізсек, нұр үстіне нұр болады.
Айкүміс, 11 жас, Нұрсұлтан қаласы
Тарихи өлке
Тарихи өлке Шелегім
Ұлы Жібек бойындасың,
Қанат қаққан түлектердің ойындасың.
Алысқа даңқың кеткен мақтанышым,
Табиғи келбетіңді мойындасын!
Бүгінде көркеюде сән-келбетің,
Еңбекпенен құлпыртты ел жер бетін.
Достығы сан ұлттардың үлгі болып,
Шелегімде жарасып ән тербедің.
Жасай бер, көркейе бер туған жерім,
Тебіренсін сен туралы туған елім.
Шартараппен жалғаған мақтан етем,
Сан ғасырдан ұлы болған Жібек жолын.
Алматы обл., Еңбекшіқазақ ауд., Шелек ауылы, Т.Кенжебаев атындағы орта мектеп оқушысы Манап Айдана
Мұзафар атаға
Біз үшін өшпес жарық –нұр,
Мұзафар жерлес атамыз.
Жазушы, данышпан атаның,
Шығармаларын құмартып оқимыз.
Балалар жүрегіне жол салған,
«Балдырған» журналын басқарған.
Еңбегің ерен Мұз-ата,
Есіміңді мақтанышпен айта алам.
Өзіңді мақтан тұтып, ардақтап,
Берілген көшенің біріне атыңыз.
Мен сол көшеде тұрам деп,
Мақтанышпен айта алам.
Біз үшін өшпес мәңгі есімің,
Мұзафар ата, сізге мың алғыс.
Павлодар облысы, Шарбақты ауданы, Шарбақты селосы, Узыханова Лаура, 10 жас
Мен тұрып жатқан мемлекет
Елімнің атын айтсам – Қазақстан,
Жерімнің атын айтсам – Қазақстан.
Қойнауы қазынаға толған мекен,
Байлығым атын айтсам – Қазақстан.
Қазақстан – Республикам, мақтанышым,
Мен сені жырламаймын мақтан үшін.
О, Жаратқан, құйттай жүрек берген,
Лүпілдеп сені сүйіп, сақтау үшін!
- деп Қымбат Әбілдақызы апамыз жырлағандай мен Қазақстан Республикасында дүниеге келгеніме қуанамын.
Туған жерім, туған тілім қазақ болғаны үшін де қуанамын. Қазақстан Республикасы кең байтақ. Оның көлемі үлкен, қазынасы мол, табиғаты сан-алуан. Мемлекетіміздің өз ел басшысы, өз жалауы, өз ән ұраны, өз елтаңбасы, өз салт-дәстүрі, тарихы бар. Туымыздың түсі көк, бейбітшілік пен ашық аспанды білдіреді. Ортасында алтын арайлы күні мен қыраны, шетінде ою-өрнек бар. Еліміздің тәуелсіздік күні – 16-желтоқсан. Осы тәуелсіздікті қазақ халқы өте қатты аңсаған еді. Биыл тәуелсіздік алғанымызға 28 жыл болады. Қазақ елінде қазақтардан басқа 130 ұлт тату-тәтті өмір сүреді, білім алады, жұмыс жасайды. Бұл біздің мемлекетіміздің, біздің халқымыздың татулығы, біздің басшымыздың басқа ұлт халқына жақсы көзбен қарауы деп түсінемін. Ал Қазақстанда тұратын әрбір адам қазақ тілін білу керек деп ойлаймын. Менің мемлекетім – ол менің отбасым, мектебім, туған жерім – Орал қаласы және бүкіл қазақ жері. Осы өзім тұрып жатқан Орал қаласының табиғаты өте әдемі. Көптеген өзендер, көлдер, ормандары қапталған. Түрлі аңдар мен құстар бар. Жаз уақытында әсіресе бәрі құлпырып тұрады. Сол көлдердің бірі – Шалқар көлі. Ондағы су тұзды. Шалқар көлі теңізге ұқсайды. Жағаға соққан толқындар өте қызық. Күн батқан кезде оның көлеңкесін судың бетінен көресің. Бұл бір әдемі көрініс. Судың шеті көрінбейді. Қарап тұрсаң аспан мен жер қосылып тұрғандай. Ол жер маған қатты ұнайды. Суға шомылып, күнге күйіп, барған сайын әсерлі болып келемін. Менің туған жерім – Орал өңірі керемет! Мен туған жерімді жақсы көремін. Былтырғы жылы өмірімде анам, мен нағашы апаларым және бөлелеріммен бірге алғаш рет бас қаламыз Астана қаласына бардым. Менің басты армандарымның бірі сол болатын. Мен сол арманым орындалғанына қуанамын. Нұрсұлтан – өте әдемі, көрікті, үлкен қала екен. Көшедегі зәулім үйлер, биік-биік ғимараттар менің көз жауымды алды. Ал ең бастысы мен үшін Бәйтерек монументі болды. Оның басынан бүкіл Нұрсұлтанның әдемі көріністеріне сүйсіне қарап, сол көрініске көзің тоймайды. Ондағы біздің Президентіміз – Нұрсұлтан Назарбаевтың алақанының ізіне қолымды қойып басты үш арман – тілегімді тіледім. Одан кейін Хан Шатыр ойын-сауық орталығы. Оның ішіндегі саяжай маған қатты ұнады. Сол күнгі қызықты сәттер әлі менің есімде. Келесі күні Думан орталығындағы океанариумға бардық. Көптеген теңіз мекендеушілерінің көп түрін көрдім. Су қойнауындағы маған қатты ұнағаны – акулалар болды. Сол күндерден менің алған әсерім көп болды. Нұрсұлтанды көруге мүмкіндік берген ата-анама ризамын.
Міне, қазынасы мол, табиғаты сұлу, өзі ерекше, халқы жомарт, мен тұрып жатқан мемлекетім осындай. Тәуелсіз қазақстан мемлекетінің кішкентай азаматшасы екенімді мақтаныш тұтамын. Менің ең үлкен арманым: тәуелсіз қазақ елінің әлем таныған алдыңғы қатарлы мемлекет болуына өз үлесімді қосу. Болашақта мен осы мемлекетімді әлемдегі ең бейбіт, балалары бақытты әрі білімді, адамдарды мейірімді, табиғаты көркем әрі таза және бай қуатты ел қатарынан орын алатынына сенемін!
Орал қаласы, №46 ЖОББМ 3 «д» сынып оқушысы Шарипова Тұмар
Үш тілді меңгеру
Қазіргі таңда адамдар арасында «Заманына қарай адамы» деген ұғым қатар жүреді. Бұл деп отырғанымыз кез-келген адам сол кездің талаптарына бағынып, ережелерін орындауы қажет. Ал бүгінгінің талабы – бір емес, екі емес, үш – төрт тілді меңгеру болып отыр. Бұл оймен келісетіндер де, келіспейтіндер де бар. Әрине, әр адамның өз ойы бар бірақ, не дегенмен де орыс, қазақ, ағылшын тілдерін білгеннің еш кемшілігі жоқ деп ойлаймын. 2018-2019 жылдардан бастап кейбір оқу орындарында, мектептерде арнаулы пәндерді үш тілде меңгеру басталып кетті. Шынымды айтсам, аса қиын емес бірақ, аздаған қиыншылықтары білінеді. Тек өткен тақырыптардағы терминдерді жаттап, тез меңгеріп алса болғаны.
Үш тілді меңгерудің бастауы мектеп болғанымен одан да күрделісі шет елдерге шыққанда қажет тілді білу. Кез келген адам шет елде оқуы немесе саяхаттауы да мүмкін. Адамдар тек өз елінде қалумен шектелмейді ғой!
Менің айтарым , үш тілді меңгеру оқуда да, жүріп тұруда да таптырмас құрал. Тек оны түсініп, дұрыс меңгеріп алу қажет. Мен шет елге саяхаттаймын, өзге елде оқымаймын. Маған оның пайдасы не? ,- дейтін жандарға айтарым – әр нәрсенің пайдасы мен зияны қатар жүрмек. Ойымызды терең, санамызды ашық ұстауға тырысайық.
М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 9-сынып оқушысы Қосақбай Құндыз
Жақсы адам қандай болуы керек?
Адамның адамшылдығы ақыл ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. (Абай)
Сіз өзіңізге «Мен қандай адаммын?» деп сұрақ қойып көрдіңіз бе? Сіздің қандай жақсы не жаман қасиеттеріңіз бар екендігін білесіз бе? Әрбір адам өз бойындағы жақсылықты, адамгершілікті бір мезетте-ақ жойып жібере алады. Алайда келешек өміріңіз, айналаңыздағы жандардың қандай болары тек өзіңізге байланысты. Сол себепті өзіңізді жаман қасиеттерден тиыңыз. Абай Құнанбаев айтқандай, белгілі бір уақыт сайын айнаға қарап өз ісіңізге жауап беріңіз. Нені дұрыс, нені бұрыс жасадыңыз? Содан сабақ ала біліңіз. Бойыңызға тек асыл қасиеттерді жинаңыз да, оны айналаңыздағы адамдармен бөлісіңіз. Ал ол үшін не істеу керек? Жақсы адам – пайдалы адам. Өмір мәні – жақын жандарымызға қол ұшын созу арқылы қуаныш сыйлау. Басқаға көмектесу арқылы өзіміз де бақытқа бөленеміз. Яғни,өзімізді жақсылыққа тәрбиелеу үшін ең алдымен өзгелерге көмектесе білуіміз керек. Сіздің ойыңызша адам жүрегіндегі байлық не? Қиналған сәтте ненің көмегіне сүйенеміз? Әрине, ол біздің анттасқан нақ жолдасымыз - ақыл және сенген мейірімді қандасымыз – білім. Қазақ халқында «Ақыл, білім – ең асылы, әсілі» деген сөз бекер айтылмаса керек. Әрбір ақын-жазушының шығармасын алып қарасақ, міндетті түрде ақыл мен білім асыл қасиеттер екендігі айтылады. Бұл байлық әр адамның жүрегінен табылады. Расында, қап-қара түнекке тап болсақ, ақыл бізге шырақ боп нұрын шашады. Дұрыс жолға жетелейді. Сол арқылы біз де алға, жарық шуағына қарай ұмтыла бермекпіз. Демек, ақыл, білім жақсы адамға тән қасиеттер. Осы арқылы адам аңсаған арманына, деттеген мақсатына жетпек. Шәкәрім Құдайбердіұлының мынадай айтқан сөзі бар: «Адамға адамшылық неге керек? Адамшылықтың негізгі тірегі – рақымшылық пен мейірім емес пе? Мейірімі, адамгершілігі жоқ адам құлаған бір бәйтерек емес пе?!» Адамгершілік деген ұлы сөз. Адамның игі іс-әрекеті, еңбек, достық, татулық – осының бәрі адамның адамгершілік қасиеті. Адамгершіліктің биіктігі адамдық ардың биіктігінен, ар-намысты ардақтай білуден, әр уақытта жақсылық жасауға ұмтылудан көрінеді. Яғни, адамгершілік бұл адамның жақсы іс-әрекеттері, дұрыс ойы. Бұл дегеніміз, «жақсы адам – адамгершілігі мол, айналасындағы адамдарға әрдайым мейірімділік танытып, көмек қолын созуды аямайтын адам»,- деп нық сеніммен айта аламын.
Т.Фонтане «Қарапайымдылық – ең тәуір нәрсе ғана емес, сонымен бірге ең ізгі нәрсе де» деген екен. Қарапайымдылық адам бойындағы ең асыл, көркем қасиеттердің бірі. Әрбір жағдайда қарапайым бола біліңіз. Шынайы күле біліңіз, шынайы эмоцияңызды жасырмаңыз. Сол сәтте ғана сіздің жаныңызда тек қана адал, шынайы достар пайда болады. Адамның жақсылығын жолдасына қарап бағала дейді. Яғни, өзіңіз қандай болсаңыз жаныңыздағылар да сондай болады. Сол себепті әрбір күн сайын жақсы жаққа қарай өзгере түсіңіз. Бойыңызға асыл қасиеттерді жинап, айналаңыздағы адамдармен бөлісіңіз.
М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық мамандандырылған мектеп-интернаттың 9-сынып оқушысы Алтынай Нәбиева