2019 маусым Балалар бақшасы

Ана
Өмірдегі ең керемет адам, Бұл менің анам.
Түн болғанда түн ұйқысын төрт бөліп,
Жаным, күнім деген жақсы адам.
Өзі тоңып жүрсе де, өзі ауырып жүрсе де,
Осы балам ауырмасын деп,
Барлығын да береді ол бізге.

Бахадир Эльнара 12 жас
Нұр-Сұлтан қаласы

Өнер
Бұл менің өлеңім,
Бар менің өнерім.
Сурет салу өнерін,
Ата-анамнан үйрендім.

Абжаханова Инкар 9 жас
Нұр-Сұлтан қаласы

Отбасым – байлығым
Атаң болған қандай жақсы, күнде ертегі тыңдаған.
Әжең болған қандай жақсы, құрт ірімшік жинаған.
Әкең болған қандай жақсы, бар жақсыны үйреткен.
Анаң болған қандай жақсы, жамандықтан жиренткен.
Ағаң болған қандай жақсы, бауырым деп қорғаған.
Апаң болған қандай жақсы, қамқорлаған қолдаған.
Інің болған қандай жақсы, жұмсағанда жүгірген.
Қарындасың болған жақсы, ақ тілегін білдірген.
Баршамыздың бүтін болсын бауырларымыз ағайын.
Ағайынның амандығын, жаратқаннан сұраймын.

Ураков Мансур 10 жас
Атырау қаласы

Анаға арнау
Айналайын ақ пейілді анашым,
Кең пейілді қорғанымсың, панасың.
 Мерекеңмен құттықтаймын өзіңді,
Тəлім берген жетелеген данасың.

Мадина 20 жас
Талдықорған қаласы 

Ұстазға тілек
Ұстазым парасатым ақылшым сен,
Алғаш маған әліппені үйреттің сен,
Алғаш қалам ұстатып байыппенен
Еркелікті тентекті көтердің сен.
Ұстазым сенің арқаң бестік алсам,
Өзіңнен мақтау естіп шын қуансам,
Бәрін маған үйреткен данасың ғой
Тыным таппай, уақытыңды аямастан.
Биыл мен де төртіншіні бітіремін,
Білімменен толысып жетілермін,
Мейірбан жүзіңізді жадымда ұстап
Зерделі ой түбіне жүгінермін.

Бағытжан Құндызай 10 жас
Атырау қаласы

Гүл
Баяғы өткен заманда бір гүл өмір сүріпті. Гүлдің басқа достары болмапты. Бір күні күн бұлттанып, жаңбыр жауа бастайды. Гүл жаңбырдан қаша алмайды. Жаңбыр жауып, басылған соң, күн қайта ашылады. Кейін гүлдің көңілі көтеріліп, қуанады. Ол әр-түрлі қимыл жасап билейді. Бір кезде оның басындағы тұқымы жерге себіледі. Гүл оны байқамайды. Гүл тағы да менің достарым жоқ, деп мұңайып жылай бастайды. Қарап тұрған күннің көзі жабылып, тағы да жаңбыр жауады. Жаңбырдан соң, гүл жан-жағына қараса кішкентай-кішкентай гүлдердің шыға бастағанын көреді. Гүл: «Енді менің достарым көбейді, алақай» - деп қуанады. Содан бері әр түрлі гүлдер жерге шыға бастапты.

Ақерке Алтынбекова 10 жас
Шу қаласы

Ақындық
Ең керемет қасиет бұл ақындық,
Керек емес абырой мен үлкен даңқ.
Айтады кейбір ақындар мықтымын деп,
Алайда ол сөздері болады артық.

Нұржан Үсен 12 жас
Қызылорда қаласы

Ақтөбем
Сұлу қала, көркем қала – Ақтөбе,
Көңіл қала, өмір қала – Ақтөбем.
Шаттық қала, жарық қала – Ақтөбе,
Жасың жетті 150-ге Ақтөбем!
Ақтөбемнің көркіне мен тамсанам,
Ақтөбем деп жүрегіммен ән салам.
Құтты болсын туған күнің, Ақтөбем!
Мақтанышпен бар әлемге жар салам.

Дабылова Гүлжайнар 9 жас
Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Жаңабаз ауылы

Есеп өлең
Менің болды жалғыз қойым,
Егіз тапты осы қойым.
Биыл жазда өзі туды,
Тағы екі қозы туды.
Сонда бәрі неше қозы?
Жеті тауығым туды,
Тумады тек бесеуі
Сегіз үйрегім туды.
Тумады тек үшеуі
Барлық құсым нешеу еді?
Шалбарда екі жанқалта,
Артында тағы екі қалта.
Жейдемде екі төсқалта
Күртемде екі іш қалта.
Сонда менде неше қалта?

Бижанова Жібек Алматқызы 10 жас
Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Иіркөл ауылы

Денсаулық – зор байлық
Уа, халайық, назар аудар денсаулыққа,
Өмірде бақыттысың денің сауда.
«Денсаулық – терең бақыт» деген сөзді,
Құр айтпаған ұлы ойшыл, данамыз да, - демекші сыныбымызда әр жұма сайын тәрбиелік мәні зор тәрбие сағаттары өткізіліп тұрады. Дені сау адам – ең бақытты адам дейді ұстазымыз Жансауле Какімжанқызы. Шынында  да қазіргі кезде көп балалар компьютер не теледидар қарап, өз денсаулықтарына мән бермейді. Таза ауада көп жүру, шана, шаңғы, коньки тебу денсаулыққа өте пайдалы. Ата-анаммен, бауырларыммен таза ауада серуендегенді қатты ұнатамын.

Орал қаласы №46 ЖОББМ
3 «д» сынып оқушысы Аяпберген Іңкәр

Барлық бала бақытты болуға лайықты
Мен тәуелсіз елде тұрамын. Тәуелсіз деген сөздің ұғымы – ешкімге тәуелді болмау. Бейбіт заманда сәбилердің жылағанын немесе ауыр жағдайын көріп, естіп жаным ашиды.
Осындай әлем бар
Қызықты, шуақты
Әлемде әр ел бар,
Бақытты, қуатты.
Ондағы балалар
Жайдары, көңілді,
Бәрі де керемет! – деген өлең жолдары бар.
Онда неге балалардың бәрі бақытты болмайды. Жақында бізге апайымыз «Балалардың көз қуанышы» деген әңгіме оқып берді. Онда биік ақ қайынның түбінде кішкентай балақай жылап тұрды. Ол сол мезетте бақтардың қалай гүлдегенін көрмед, құстардың қалай сайрағанын естімеді. Көгілдір аспан оған қара болып, ал тырналардың тізілген қатары оның көзінен тамған жас секілді елестеді. Қасынан өтіп бара жатқан жандар кішкентай баланың өзін де, оныңжылап тұрғанын да байқамады. Тек бір қарт қана баланы байқап, оның қасына келіп, басынан сипады. Қарт балаға көптеген сөздер айтып, әлденелерді жеткізгендей болды. Әңгіменің ақырында бала күлім қақты. Ол енді айналасында бақтардың гүлдеп тұрғанын көрді, құстардың қалай сайрағанын естіді. «Міне қазір көктем екен», - деп ойлады бала. Бұл шағын әңгімеден өзіме түйгенім: Әлемде барлық сәби жыламай, бақытты балалық шақтары болсыншы. Біреудің көзіндегі жасты тыйып, жүзінде күлкі ойнату қандай бақыт!

Орал қаласы №46 ЖОББМ
3 «д» сынып оқушысы Ихсанов Амирхан

Туған  елім
Биіктеген  әсем  қалам – Түркістан,
Саған  арнап  жазылады  осы  ән.
Дами  берші, өркендеші Отаным,
Үлесімді  менде  соған  қосамын.

Жанель Көшербай

Есеп өлең
Алма менен алмұрт бар,
Қияр менен сәбіз де,
Ал, қане досым санап ал,
Неше жеміс бар бізде?
Себетімді толтырып,
Жүріп келем жолдармен.
Картоп пен пияз алып ап,
Шиені мен жолда жедім,
Ойланшы досым, асықпай,
Неше жидек бар менде?

Әлбатыр Әлсерікұлы, 9 жас
Алматы облысы, Талғар ауданы, Дәулет ауылы.
№ 11 орта мектептің 4 «Ә» сынып оқушысы

Таныстыру
Қыз өсірген қырық үйден тиым салып,
Алдыменен алайын амандасып.
Армысың жалпақ жұртым қасиетті
Жасай бер күннен күнге бағың артып.
Айналайын қазағымның даласынан,
Иісі шыққан әр қазақтың баласынан
Мендағы келіп қалдым ортаңызға,
Әуезов атты білімнің ордасынан.
Еркежан деп қойған екен атымды ерек,
Тіл, өнерге жастайымнан болғам зерек.
Қазағымның қай қызын қарасаңда,
Ақылына көркі сай болса керек.

Мухтасар Каусар
Семей қаласы