Қашаннан екені белгісіз, балауыздың сөреде жатқанына көп болды. Ешкім оны керек етпейді. Жарқыраған электр жарығы бар. Бірақ, балауыз ешқашан үмітін үзген емес. Осы үйдегі адамдардың тіршілігін сырттай бақылап, кәдеге жарар күнін сабырмен күтіп жата берді.Қашаннан екені белгісіз, балауыздың сөреде жатқанына көп болды. Ешкім оны керек етпейді. Жарқыраған электр жарығы бар. Бірақ, балауыз ешқашан үмітін үзген емес. Осы үйдегі адамдардың тіршілігін сырттай бақылап, кәдеге жарар күнін сабырмен күтіп жата берді. Бұл үйдің де жандары өзге отбасылар секілді, күндіз ата-анасы жұмыста, балалары сабақта болатын. Кешке бәрі үйге жиналады. Әрқайсы өз смартфондарына шұқшиып отырып, кешкі астарын қалай ішкендерін де білмей, өз бөлмелеріне тарап кететін. Қолдарындағы смартфоннан жалықса, балалар компьютердің, үлкендер теледидардың алдына жиналатын. Осылайша бірқалыпты күндер өтіп жатты. Даңғарадай үйдегі адамдар бір-бірімен сырласып, сөйлесуден қалды. Әркім өзімен-өзі әуре. Отбасылық жылу жоғалып бара жатқандай. Осының бәрін көріп жүрген балауыздың адамдарға жаны ашып, сөніп бара жатқан жылуды қалай жандырсам екен деп уайымдайтын. Оларға шынымен де көмектескісі келді. Бір күні, қатты боран соқты. Қаттылығы сонша, электр желілері үзіліп, бүкіл қала жарықсыз қалды. Электр қуатын тұтынатын құрылғының бәрінің басына үнсіздік туды. Дәл сол сәтте сөреде жатқан балауыздың арманы орындалды. Аналары:- Осы сөрелердің бірінде бір балауыз болған. Қане, іздейікші, - деп ұялы телефондарының жарығымен барлығы жабылып, ұмыт қалған балауызды іздей бастады. Ақыры тапты-ау. Балауыздың табылуын күткендей, ұялы телефондардың да қуат көзі таусылып қалды. Оның астына кішкене ыдыс қойып, тұтатқаны сол еді, тас қараңғы үйге нұр себілгендей болды. Үйдегі жалғыз жарық - ұмыт қалған балауыздың сәулесі. Ата-анасы да, балалар да балауыз тұрған үстелдің басына жиналды. Олар бір-бірін танымайтын, ортақ әңгімелері жоқ адамдардай біраз үнсіз отырысып қалды. Кенет отағасы:- Балалар, осылай үнсіз отырамыз ба? Мен сендерге балалық шағымдағы қызықты бір оқиғаны айтып берейін, - деп ең алғаш атқа мініп үйренгендегі қызықтары жайлы майын тамызып тұрып әңгімелеп берді. Содан кейін аналары да өзіне көйлек тігемін деп, үлкен матаны қалай кескілеп тастап, анасынан ұрыс естігенін айтып бәрін бір күлдіріп алды. Балалар да мектептегі қызықтарын айтып, ата-аналарын біраз таң-тамаша қылды. Ал балауыз болса, өзінің арманының орындалғанына төбесі көкке жеткендей болып, маздап жана берді, жана берді. Қуанышы қойнына сыймай, осы бір мейірім, жақындық ұшқыны қайта орнаған отбасының жылуын сөндіріп алмас үшін, нұрын аямай төкті. Шаттанғаннан соңғы рет лап-лап жанды да, баяулап сөне бастады. Сол сәтте электр жарығы да самаладай жарқырап кетті. Бірақ, бұған ешкім де қуана қоймады. Олар әлі де болса біраз отыра тұрғылары келген еді. Осылайша, ұмыт қалған балауыз өз арманына жетіп, адамдардың жүрегіндегі бір-біріне деген шынайы отбасылық махаббат оятыпты. Сол кештен үлкен әсер алған отбасы, кей күндері бүкіл жарықты сөндіріп, балауыз жағып қойып, қызықты әңгімелерін айтып, бір-бірімен сырласатын болыпты.
Мира Сембайқызы