Ашуланба!

      Бір күні пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бір тайпаның көсемі келеді. Қайтарында: "Мырзам, маған бір насихат беріңіз!" деп сұрайды. 
Пайғамбарымыз алейһисалам оған: "Мұқият бол, Ашуланба!" дейді. 
Тайпаның көсемі бұл қысқа ғана насихатқа таң қалып, ауылына қарай беттейді. Ауылына келсе, ауыл тұрғындарының жасақтанып жатқанын байқайды. Олардан алаңдаумен сұрайды:
- Тыныштық па, не болды?
- Біздің жастарымыз көрші тайпаның малдарынан бірнешеуін ұрлапты. Олардың қаруланып бізге келетіндерін ойлап, қорғану үшін жасақтанып жатырмыз,- дейді.
- Демек бізге шабуыл жасамақшы ма,- деп айбаттанып, тайпаның көсемі де қаруланады. Дәл сол сәтте пайғамбарымыздың алейһисалам насихаты есіне түседі.
Дереу тәубе етіп, қару жарақтарын тастап, тұрғындарға былай дейді:
- Мен қазір арғы тайпаға барып сөйлесемін. Келіспесе де жоғалтарымыз жоқ. 
Арғы ауылға жақындағанда, сол ауылдың тұрғындары таңырқап, оны көсемдерінің жанына алып барады. Көсемдерімен сәлемдесіп былай дейді: 
- Біздің жастарымыз сендердің малдарыңа зиян келтіріпті. Қателік бізден. Барлық шығындарды мен өтеймін. Осының кесірінен қан төгілмеуі тиіс.
Арғы көсем бұл кең пейілділіке қатты риза болып:
- Олай болса мен де барлық нұқсандарды кештім,- дейді.
Осылайша қан төгілмей араларында бейбітшілік орнайды.