Терлеп тұрып су ішпеу керек

/upd/2016/0609/146545307057590a0eb4d748.38743393.jpg

Айша ұйқысынан бір түрлі мазасызданып тұрды. Оның бұл халін сезген анасы маңдайынан ұстап, қызуын тексеріп еді, денесінің қызып тұрғанын көріп, оны дереу дәрігерге алып бармақшы болды. Айша дәрігерден қатты қорықса да баруына тура келді. Себебі: “Егер мектепке бармасам достарымды, ұстаздарымды қалай көретін боламын?” деген үреймен тез жазылып, мектебіне оралғысы келді. Дәрігер ағай Айшаны тексеріп жатқанда,  дәрігерден қатты қорқудың аса қажеті жоқ екенін түсінді. Өйткені, дәрігер ағай оның температурасын ғана өлшеп, тамағын тексеріп, жүрек қағысын тыңдап көрген болатын. Негізінде Айша ауруының себебін өзі де білетін. Анасы мен ұстазы: “Терлеп тұрып су ішуге болмайды. Әйтпесе ауырып қаласың” деп үнемі айтса да, кеше мектепте әбден ойнап жүгіріп, терлеп тұрып мұздай су ішкен болатын. Енді міне ауырып отыр. Өзі де айтқанды тыңдамағанына қатты өкінді. Бұл ауру – оған бір сабақ болды. Дегенмен дәрігердің жазып берген дәрілерін ішіп, жақсылап тынығып, бірнеше күннен кейін оқуына оралды. Айша толық жазылып, достарына және ұстаздарына қауышқанына өте қатты қуанды.