Ата-ананың дұғасын алу

      Өз баласына Ислам дінін, иманды, әһли сүннет ақидасын үйреткен ата-ана одан разы болмағанша, баласы Аллаһу та’аланың сүйікті құлы бола алмайды. Ихсанға (жақсылыққа) қауышудың басты себебі ата-ананың дұғасы. Ата-анасын ренжіткен, разылығын және дұғасын алмаған адам, өлгенше басын сәждеден көтермесе де тозақтан құтылуы өте қиын. Дін ұлылары: «Анасын ренжіткен адамға жасалған дұға қабыл болмайды. Ата-анасының дұғасын алмағандар бізден дұға сұрамасын» деп айтқан.

Бір әулие кісі шәкірттерімен бірге отырған кезде шәкірттерінің бірі былай дейді:

      - Ұстаз пәлен кісі сізден дұға сұрап жатыр.

Ұстазы:

      - Мен оған дұға етсем Аллаһу та’ала менің дұғамды қабыл етпейді,- дейді.

Бүкіл шәкірттері сасып қалады. Өйткені әлгі дұға сұраған адам оның жақсы танитын, көп қызмет еткен досы еді. Әулие кісі сөзін былай жалғастырады: - Ол ата-анасының дұғасын алмайды. Олардың дұғасын алмаса Аллаһ та одан разы болмайды. Аллаһу та’аланың разы болмаған кісіге менің дұға еткенімнің не пайдасы бар! Сүйікті пайғамбарымыз: «Ата-анасының дұғасын алмаған адам Аллаһ та’аланың разылығына қауыша алмайды.» деген. (Бір шәкіртін көрсетіп) Тек қана осы бауырларыңа дұға етсем қабыл болады. Өйткені анасының оған көп дұға ететінін естідім. Анасы ұлынан разы болғандығы соншалық: «Ұлым, саған күндіз жасаған дұғам мені қанағаттандырмай жатыр. Тек саған дұға ету үшін ғана түнде де тұрамын. Йа Раббым, мен бұл ұлымнан разымын, сен де одан разы бол! Оның ұстаған тасын алтынға айналдыр, деп дұға етемін» дейді екен. Міне осы бауырларыңа дұға етсем сөзсіз қабыл болады.

Осы тұста бұл шәкірті де ұстазына мына болған жәйтты айтып береді:

      «Әкемнің өліміне шамамен 2-3 сағат қалғанда оның дұғасын алу маған нәсіп болды. Бәлкім сізге қауышуыма да осы дұға себеп болған шығар. Ол кезде 13-14 жастарда едім. Әкем үйде төсек тартып, қатты ауырып жатты. Бір күні апельсин жегісі келді. Мен дереу бір апельсин алып келіп, бір-екі тілім кесіп бердім. Аузына салып екі, үш рет суын сорып, болды алыңдар мынаны деп аузынан шығарды. Мен, ұлым менен жиіркенді, деп ойламасын деп аузынан шығарғанын алып аузыма салдым. Әкем, сен не істеп жатырсың дегендей бетіме қарады. Көздері жасқа толған еді, маған қарап: Аллаһ сенен разы болсын, деді. Одан кейін сөйлемеді, сосын қайтыс болды.»