2019 қаңтар Балалар бақшасы

Жан ана
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Тал бесігін тербеткен.
Әр түніңді ұйқысыз,
Мен үшін ояу өткізген.
Қарыздармын мәңгілік,
Аяулы анам, жан анам!
Өтей алмаспын бәрінде,
Көп болмаса азында.
Бір қолымен әлемді,
Сүйсініп әр кез тербеткен.
Махаббатқа бөледің,
Сүйкімді анам, бал анам.

Жанат Қарақат Талантқызы
№185 жалпы білім беретін мектебінің 6 «А» сынып оқушысы
Алматы қаласы

Жаңа жыл
Жаңа жыл келді, алақай!
Қуан сен де, балақай.
Асыр салып ойнаймыз,
Шырша жырын жырлаймыз.
Достарыммен ән салып
Би билеп, күліп-ойнап,
Аяз ата келгенде
Қуанып қарсы аламыз.
Мешін жылға мың алғыс
Көрсеткен көп жақсылық.
Тауық жылы баршаға
Әкелсін ылғи қуаныш.

Қызылорда қаласы №112 орта мектеп 3 «Б» сынып оқушысы
Жолаушыбаева Ақбота

Адал досым - Сәбина!
Мейірімділіктен нәр алған.
Жүрегімді баураған,
Адал досым - Сәбина!
Көңілі кең жайдарлы,
Жүзі бал-бұл жайнайды.
Көңілімді баурайды,
Адал досым - Сәбина!
Көңілің дархан, жүзің кең,
Өмірімде көрмеп ем.
Сүікті де, сүйкімді
Адал досым - Сәбина!
Достық жолын жалғаймын,
Достыққа сызат қылмаймын,
Достығымыз мәңгілік
Самғай берсін Сабина!

Жанат Қарақат Талантқызы
№185 жалпы білім беретін мектебінің 6 «А» сынып оқушысы
Алматы қаласы

Келді Жаңа жыл
Барлық бала шаттанып
Алақайлап шулады.
Қалың жауған қарменен
Қар атысып ойнады.
Үлкен-кіші мәз-мейрам
Дайындап жүр жыр мен ән.
Бақыт тілеп баршаға
Тілек жазды шыршаға.
Барлық адам тілегі
Орындалсын әрқашан.
Қуаныш, бақыт әкелсін
Тауық жылы баршаға.

Қызылорда қаласы №112 орта мектеп 2 «А» сынып оқушысы
Асқаров Алинұр Бексұлтанұлы

Қыс қызығы
Мен қыс мезгілін өте қатты жақсы көремін. Ол бізді ұзаққа созылған жаңбыр мен ылғалдылықтан қорғау үшін келеді. Балшық пен шалшықтарды жауып айналаға ақ мата төселгендей болады. Табиғат көктемге дейін ұйқыға батады. Адамдардың көбісі қыс мезгілін көңілсіз дейді. Менің ойымша, бұл олай емес. Өйткені қаншама қызықты уақыттарымызды далада достарымызбен қар ойнап, аққала мүсіндеп, мұзда сырғанап, шаңғы, шана теуіп өткізуге болады. Отбасыммен осы мезгілді керемет өткіземіз. Әсіресе қар жамылған алаңда серуендегенді ұнатамыз. Сол кезде өзімізбен бірге тоңып қалмас үшін ыстық шай мен тәтті тағамдарды аламыз. Кейде шана тебеміз. Ал былтыр тауға барып шаңғы тепкенбіз. Бұл естен кетпес болды. Қыстың таға бір басты қызықтарының бірі –жаңа жыл. Жаңа жыл шыршасы, мандариндер мен кәмпиттер табыс етілген сыйлықтар.Теледидардан көрсететін сүйікті фильмдер,терезенің ар жағында жауып тұрған аппақ қар. Барлығы көңіл көтеріп қуануда, ал кейбір кішкентай бүлдіршіндер Аяз ата мен Ақшақарды күтуде. Сондықтан қыс мезгілін қалай көңілсіз деп айтуға болады?! Қыс – көңілді. Әрине жылдың кез келген мезгілдері өзінше тамаша. Ал мен үшін қыс мезгілі ғажайып сиқырлығымен, таза ауасымен және тамаша ойындарымен қызықты.

Талдықорған қаласы «М. Жұмабаев атындағы № 19 мектеп-гимназиясының мектепке дейінгі шағын орталығымен» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің
2 «Ғ» сынып оқушысы Мағрұпхан Адиля

Алтын күз
Балаларға жыл мезгілдерінің айырмашылығы барын түсіндіру.Олардың әрқайысы өз қызығымен ерекше. Күз айларының халыққа молшылық әкелетінін қуаныш сыйлайтынын жеткізу. Табиғатты сүюуге тәрбиелеу. Өнерге қызығушылықтарын дамыту,сөздік қорларын байыту, шығармашылық қабілеттерін, қызығушылықтарын арттырып, белсенділіктерін дамытып, ұйымшылдыққа, достыққа, жауапкершілікке тәрбиелеу

Алматы қаласы №102 жалпы білім беретін мектебінің 3 «А» сынып класс жетекшісі
Алимова Айгүл

Мәдени орындардың бірі – кітапхана
Кітапханашылар күні – бұл тек кітаппен жұмыс жасайтын адамдардың мейрамы емес, сонымен қатар оқырмандардың да мейрамы. Олар үнемі кітап  ордасына  келіп кезекті қызықты іс-шаралардың куәгері болуы мүмкін.  Кітапханада көрмелер, жаңа басылымдардың тұсаукесері және концерттер ұйымдастырылады. Келешектің кілті жастарда дей отырып ауылымыздың кітарханашысы Ақнұр Амантайқызын 15 қазан кітапханашылар күнімен құттықтаймыз! Осы қуанышты күні Сізге деніңіздің саулығын, шаңырағыңызға ырыс байлығын, жүрегіңізге мәңгі жастық жалынын, көңіліңізге сезімнің шалқыған шаттығын тілейміз. Әрдайым осы тыңғылықты да тындырымды қалпыңыздан танбай, табыстан табысқа жете беріңіз!

Ізгі ниетпен Мереке ауылдық Мәдениет үйінің ұжымы
Ақнұр Мұсабаева

Сағыздың иісі
Аиша екеуміз дүкенге сүт алуға барғанбыз. Сағыз алып бер деп сұраған соң, ол керек емес, шайнауға болмайды деп түсіндірдім. «Апа, сен еш уақытта сағыз шайнамадыңыз ба?» деп сұрады. Мен «иә деп жауап берсем, «Онда сіз білмейсіз, сағыздың ғажап дәмі бар?» дейді, Аиша.
Ескерту
Аиша қуыршақтарымен ойнап отыр. Киіндіріп, жуындырады, тамақ береді. Бір кезде даусын көтеріп, түсін суытып, қатаң ескерту жасайды. «Ешқандай мултьфильм, ешқандай айпад қарамайсыңдар!» дейді.

Майдагүл Қыдырбайқызы

Мағжан – сыршыл ақын
Қазақ поэзиясында лирикалық сыршылдықтың шыңына лайық, поэмаларында суреткерлік пен ойшылдығы қат-қабат келіп жататын өлең өлкесінде өшпес мұра қалдырған ұлы ақын – Мағжан Жұмабаев. Ақын 1893 жылы Қызылжар уезінің Сарыайғыр облысында дүниеге келген. Үлкен атасы Қажы атанған Жұмабай болса, өз әкесі Бекен де елге беделді, ауқатты, болыс болып ел тізгінін ұстаған жан. Мағжан – өз жерін де, өз тегін де мадақтаумен өткен, өмірдегі азаматтық орнын ақтауға ұмтылған, асыл маржанға теңелген сұлу лирикалық жырларымен оқырманын еліткен халқының дара перзенті. Мағжан поэзиясының тіл кестесі, лирикасындағы нәзік сезім мен терең ой тоғысы ерекше ілтипатқа бөленген ақын. Мағжан поэзиясы – одан рухани азық алып, жандүниеңді байытып, өмір құбылыстарына деген көзқарасыңды кеңейтіп, қоршаған ортаның қыр-сырын түсінуге көмектесетін көркем дүние. Мағжан – сыршыл да өршіл маржан жырларының құдіреті арқылы өзінің бүкіл болмысы мен поэзиясының ерекшелігін танытып кеткен ұлы ақын. Осыған орай А. С. Пушкин атындағы орталық балалар кітапханасы 2018 жылдың қазан айының 23 күні «Әдеби кездесулер» клубында қазақтың ұлы ақыны, көркемсөзші, аудармашы  Мағжан Жұмабаевтың 125 жас толуына орай «Мағжан – сыршыл ақын» атты шығармашылық бейне кеші өтті. Кеш басында оқушыларға ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы айтылудан басталып, «Мағжан – дана азамат, ұлы ақын» атты бейне роликпен  таныстырылды. Кеш соңына қарай кітап көрмесіне шолу жасалуымен аяқталды.

Орал қаласының А.С.Пушкин атындағы балалар кітапханасының кітапханашысы Джумағалиева Лола Темирбекқызы

Сараң бай
(ертегі)
Ерте, ерте, ертеде. Ешкі жүні бөртеде, бір ауылда өте бай кісі болыпты. Бай қора-қора қой өсіріпті. Ол ауылдағы өте сараң адам болғандықтан. Ешкімге ештеңе бермей, тек өзін ғана ойлапты.Оның бағып өсірген қойларын ешқашан қасқыр немесе басқа жыртқыштар жеп көрмепті. Күндердің күнінде байдың үш қойын қасқырлар жеп кетеді. Бай қатты қайғырады. Ол «Осы күнге дейін менің бір малым қаза болып немесе аң-құсқа жем болған емес. Бұл қалай болғаны?!» - деп, ұзақ ойланады.
Ауыл ішінде үйі жоқ, күйі жоқ бірақ өте ақылды кедей бар еді. Бай сол кедейден ақыл сұрайды. Бай болған жайды мұқият баяндап береді. Кедей үнсіз тыңдап отырып, Байеке, «Қызғанған қызыл итке жем болар» деген нақыл сөз сіздің әрекетіңізге саяды. Өзім, өзім дей бермей, елдің де қамын ойлап қойсаңыз бұлай болмас па еді?! – деп, басу айтыпты.
Сараң бай ақылды кедейдің бұл сөзінен кейін, мейірімді бола бастапты.

М.Мақатаев атындағы №140 гимназиясының 3 «Ж»  сынып оқушысы Кеңес Асылжан

Қыс
Ойнап күліп асыр салып,
Жүреміз біз аппақ қардың үстінде.
Ақ қаланы құрамыз біз қызықтап,
Асыр салып ойнаймыз да күлеміз.

Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Ынтымақ ауылы
Тулеубай Мерей 4-сынып оқушысы

Қыс
Аппақ қардай жайнаған,
Əсем гүлдей сайраған.
Барлық қала түрленіп,
Қыс қызығын көрелік!

Аруна 8 жас
Талдықорған қаласы

Еліміздің дара перзенті
«Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені ұлым деп, перзентім деп, төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенісіне бұйырмаған бақытты толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың қасында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ. Осы жолда мен бойымдағы бар қайрат қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын. Қандай да тәуекелге барамын...» Н.Ә.Назарбаев
Орталықтандырылған балалар кітапханасы Тұңғыш президент күніне орай №46ЖОББМ 7 «а» сыныбында «Еліміздің дара перзенті» атты саяси бейне кеші өтті. Оқушыларға Елбасының өмір жолымен, балалық шағы, өскен ортасы, қызметі туралы бейне ролик көрсетіліп, әрі қарай викториналық сұраққа жауап берілді. Кітапханашы кітапхана қорындағы Н.Ә.Назарбаевтің кітабымен танысып, Елбасының куәліг аттестатымен балалар қызығушылықпен танысты. Кеш соныңда кітап көрмесіне шолу жасалды.

Орал қаласының Орталықтандырылған балалар кітапханасының кітапханашысы

Джумағалиева Лола Темирбекқызы