Ана
Түн ұйқысын төрт бөлген сәби үшін,
Анамыздың мәртебесі биік əр күн.
Қарыздармыз мәңгі шексіз анаға,
Ақ сүт беріп, қиналғанда біз үшін.
Анамызды құрметтейік бәріміз,
Біздің бұл алға қойған парызымыз.
Қашан да ана деген ардақты жан,
Қанша жасқа келсекте сәбиіміз.
Ана деген тыңдар жанға аяулы сөз,
Ана деген тыңдамасқа емес жай сөз.
Ана деген сені жалғыз түсінер жан,
Ана деген нұрын шашқан күніміз сіз.
Гүлжайна Рахметоллаева 14 жас
Теміртау қаласы
Менің ұстазым
Екінші анам - ұстазым,
Өзіңнен алдым білімді.
Өзіңсіз өтпес күнім де,
Ұстазым, менің ұстазым.
Қабыл Айдаулет Павлодар қаласы, 4 а сынып оқушысы
Қоянның құйрығы неге қысқа? (Ертегі)
Ертеде түлкі мен қоян өмір сүріпті. Қоянның құйрығы ұзын екен. Сол құйрығымен іздерін жасырып, аңдардан сақтанады екен. Ал түлкінің құйрығы қысқа болыпты. Сол құйрығымен аңдарға таланыпты. Бір күні қоянның құйрығына түлкінің көзі түсіпті. Сөйтіп ол қоянға айла қолданбақшы болып оның үйіне келеді де, қоянға:
- Жүр, жарысайық! дейді. Қоян келіседі де, орманға барады. Сонан соң жарысқа дайындалады. Түлкі білдірмей қоянның құйрығын ағашқа байлап қояды. Жарыс басталған кезде қоянның құйрығы үзіліп кетеді. Содан бері қоянның құйрығы қысқа болып қалыпты. Ал түлкі болса құйрықты алып, өзінің құйрығымен алмастырып жүре беріпті.
Ермек Хантөре 8 жас Тараз қаласы
Асыл анам (Эссе)
Мені өмірге әкелген жан ол – асыл анам. Есімі – Рауана. Анам мені ақ сүт беріп әлдилеп, мәпелеп өсірді. Мен анамды жақсы көремін. Өйткені ол мейірімді, қамқор, жанашыр. Менің асыл анам өмірге бес бала әкелді. Әпкем Толғанай мен қарындасым Асылай, інім Жансұлтан мен ең кенже қарындасым Ханшайым. Анамның жүрегі кең. Себебі бізге ғана көңіл бөліп қоймайды атама да, туыстарыма да көңіл бөледі. Анамның ұнайтын жақсы қасиеттері көп. Анам біздің адал, үлкенді сыйлайтын, кішіге қамқор болып өскенімізді қалайтынын жиі айтады. Бізге әрқашан өтірік айтпауға, ақылды болуға үйретеді. Анам бізден көп нәрсе күтеді. Мен өскенде анам мақтанатындай болуға тырысамын. Өте жақсы оқуға тырысамын. Мұғалім ылғи мені мақтап отырады. Мұғалім маған «Ойың өте жүйрік, пікірің тамаша, ойыңды құрметтеймін» деп айтады. Сол кезде мен қатты қуанып кентемін. Анам менімен ылғи да ақылдасады. Мүмкін сондықтан солай ойлайтын шығармын. Тағы мен анаммен мақтанамын. Себебі ол – мұғалім. Ол әрқашан әдемі болып жүреді. Анам тек бізді ғана емес, алдына келген отыз баланы еркелетіп, жақсы көреді. Балаларды оқуға, жазуға үйретеді. Жұмыстан бөлек үй тіршілігі бар. Жұмыстан шаршап келсе де, бізге білдірмейді. Әпкем Толғанай екеуіміз анамызға қолымыздан келгенше көмектесуге тырысамыз, біріміз шаң сүртсек, біріміз гүлге су құямыз. Сол үшін де анамыз бізді «қолғанаттарым» деп еркелетеді. Бәріміздің де аналарымыз бар. Ал кейбір балалар аналарын сыйламайды, өз аналарына қарсы сөйлеп аналарының айтқанын тыңдамайды. Өмірде аналары жоқ балалар да бар, олар өз аналарын көруді аңсайды. Мен анасыз болудан қорқамын. Анамнан артық жан жоқ. Әрқашан қасымда болғанын қалаймын. Анашымның әрқашан амандығын тілеймін!
Ермек Хантөре 8 жас Тараз қаласы
Анашым
Асыл менің анашым,
Біз үшін сен данасың.
Ұзақ жаса қартайма,
Әрқашан бізге панасың.
Мұқағали Мақатаев
Қазақ үшін өмірге өмір жалғадың
«Елім» дедің бәрін елге арнадың,
Болашағың сені мақтан етеді.
Бір өзіңсің қазағымды танытқан.
Жанель Көшербай
Латын әліпбиіне көшуге көзқарас қандай?
Қазіргі уақытта жаңалықтардың бірі – қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына көшуі. Ақпарат жүйелерінде латын әліпбиі туралы көп көзқарастарды кездестіруге болады. Мені осы тақырып қызықтырып, мұғалімім Уақбаева Салтанат Иливханқызының көмегімен «Қазақ тілінің латын графикасына көшуіне адамдардың көзқарасы: прагматикалық аспект» тақырыбына зерттеу жүргіздім.
Мектебімнің төртінші сынып оқушылары мен олардың ата-аналарының, сонымен қатар ата-әжелерінің арасында әлеуметтік сауалнама өткіздім. Сауалнамаға 195 оқушы қатысты. 42% оқушы қазақ сыныптарында, ал 58% оқушы орыс сыныптарында оқиды. Олардың орташа жасы 9,5 жасты құрастырды. Сауалнамаға 43 ата-ана қатысты. Олардың арасында 39 адам – аналар, 4 адам – әкелер. Ата-әжелерге келетін болсақ, 40 адам сауалнамаға жауап берді.
Сауалнама барысында ата-аналар мен ата-әжелердің 100% қазақ тілінің латын әліпбиіне көшетіндігі туралы білетінін көрсетті.
Кесте 1
№ |
Жауаптар |
Оқушылар |
Ата-аналар |
Ата-әжелер |
1 |
Естідім |
71.82% |
100.00% |
100.00% |
2 |
Естімедім |
28.18% |
0.00% |
0.00% |
Латын әліпбиіне көшу артықшылығы ретінде респонденттердің басым көпшілігі «Шет тіліндегі материалдарды оқу жеңілдейді» деген жауапты таңдады. 16% оқушылар латын әліпбиіне көшу адамдардың дамуына, саяхат жасауына әсер етеді, сонымен қатар оны жеңіл үйренуге болады деген пікірде. Ал кейбір оқушылар латын әліпбиін латын тілімен шатастырып, сұрақты түсінбеген және оған жауап беруге қиналған. 18% ата-әжелер латын тілін үйрену оларға оңай болмайтынын атап өтті. Жалпы, бұл сұраққа барлық үш буын өкілдерінің ұқсас жауап бергенін байқауға болады.
Кесте 2
№ |
Жауаптар |
Оқушылар |
Ата-аналар |
Ата-әжелер |
1 |
Техника тілін меңгеру оңай болады |
18.08% |
31.82% |
23.68% |
2 |
Шет тіліндегі материалдарды оқу жеңілдейді |
49.72% |
47.73% |
50.00% |
3 |
Әлеуметтік желіде араласуға ыңғайлы |
15.82% |
6.82% |
7.89% |
4 |
Өз нұсқаңыз |
16.38% |
13.64% |
18.42% |
Зерттеу нәтижелері 46% оқушылар латын әліпбиіне көшуіне қарамастан сабақтары бойынша үлгеретінін, ал 33% ата-әжелер немерелерінің сабағына латын әліпбиі кері әсер етпейтініне сенетінін көрсетті. Олардан сәл аз 30% ата-аналар балаларының сабақты үлгереді деген сенімде. Ал 44% оқушылар, 53% ата-аналар, 40% ата-әжелер бұл сұраққа жауап беруге қиналды.
«Латын әліпбиін сіз қанша уақытта үйрене аласыз?» – деген сұраққа оқушылар мен ата-аналар ұқсас жауап берді. Мәселен, 29% оқушылар, 30% ата-аналар латын әліпбиін 1 айдан артық емес уақыт ішінде үйренетінін атап көрсетті. Ал 28% ата-әжелер немерелерінің латын әліпбиін 1 жылдан артық емес уақыт ішінде үйренеді деген сенімде.
42% оқушылар латын әліпбиін үйренуге мұғалімдер көмектесетінін атап өтті. Оларға қарағанда ата-аналар мен ата-әжелердің басым көпшілігі оқушыларға латын тілін мұғалімдер үйретеді деген сенімде.
Қазіргі уақытта сыныптастарымызбен бірге Салтанат Иливханқызының көмегімен латын әліпбиін үйреніп жүрміз. Алдымен жеке сөздерді, сосын сөйлемдерді, кейіннен шағын мәтіндерді латын әліпбиіне сүйеніп жазып жүрміз. Ойын түрінде тапсырмалар орындаймыз. Сыныптастарымның пікірінше латын әліпбиі ағылшын әріптеріне ұқсас болғандықтан үйрену оларға еш қиындық туғызбайды.
Әдептілік – әдемілік
Біздің халқымыздың әдепті де сыйластық қарым-қатынасқа ежелден-ақ көңіл бөліп келгендігі баршаңызға белгілі. Ұрпақтан-ұрпаққа туысқан бұл өнегені біз қазақтың мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерінен молдап ұштастырамыз. Ұлық болсаң – кішік бол, кішіпейілділік – кішілік емес кісілік - деп ой тарқатып, сөз маржандары халқымыз ұстанған тәлім-тәрбиенің жүйелі бағдарын меңзейді. Қазақ халқына тән дарқан қонақжайлылық, үлкенді құрметтеу, ағайын туғанға бауырмалдық, аталы сөзді қадір тұтып, уәдеге тұра білуге, жас ұрпақты әдептілікке, кішіпейілділікке тәрбиелеу тұрғысындағы озық дәстүрлер қазіргі кезде де ұнасымды жалғасып, бүгінгі өмірімізбен үйлесім тауып отыр. Осыған орай А.С. Пушкин атындағы балалар кітапханасының ұйымдастыруымен №46 мектептің 4 сынып оқушыларымен комильфо сағаты өтті. Оқушылар өздерінің әрдайым әдепті, сыпайы болуға, кездескен адамдармен амандасуды, кешірім сұрауды, өтінемін деген жылы сөздерді айтуға уйренді. Жақсы мен жаман әдет қалыптарды ажыратуды, жақын адамдарға қамқорлық, оларға көмек көрсету дағдыларын ұғынды.
А.С.Пушкин атындағы балалар кітапханасының кітапханашысы Джумағалиева Лола Темирбекқызы
Қадыр әлеміне саяхат
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында А.С. Пушкин атындағы балалар кітапханасының ұйымдастыруымен ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығын кішкентай балдырғандар арасында насихаттау бағытында №34 «Балбұлақ» бөбекжайының бүлдіршіндері Қадыр Мырза Әлидің атындағы мәдениет және өнер орталығында Қадыр ақынның мұражайында саяхатта болып қайтты. Есімі мен жалынды жырлары барша қазаққа мәлім, кең жүректі Қадыр ағамыз жыр сүйер оқырмандарымен әрқашан бірге. Қадыр Мырза Әли – қазақтың «дарабоз» ақынға айналғаны даусыз. Бұл саяхаттың мақсаты ақынның шығармашылығын бүлдіршіндер арасында таныстырып насихаттау болатын. Мұражай қызметкерлері Қадыр Мырза Әли аталарының өміріне, балалық шағына, шығармашылық әлеміне сапар шектіріп, шараны әңгіме – саяхат түрінде өткізді. Әрі қарай бүлдіршіндер Қадыр аталарының шығармашылығынан балаларға арналған өлеңдерін мәнерлеп жарыса айтып берді. Қадыр атамызды әлі әріп танымаған бүлдіршін бөбектен бастап,әріпті көзілдіріксіз көре алмайтын қарияға дейінгінің бәрі біледі. Мұндай танымалдықтың сыры-ақынның талантының қарапайымдылығында шығар. Олай болса, Қадыр жырлары ешқашан ұмытылмай ұрпақтан ұрпаққа насихатталана бермек.
Бекешева Торғын Болатқызы А.С.Пушкин атындағы балалар кітапханасының кітапханашысы Орал қаласы