2018 мамыр Балалар бақшасы

Ұстаздарға
Ұстазым асыл қазынам білім берген санама,
Әліппені үйретіп ұстатқан қалам қолыма.
Жамандықтан арылуды үйреткен,
Ұстаздарға бас иемін шын жүректен.
Ұстаздарға ақ ниетпен шын жүрекпен қарайық,
Мәңгі бақи ұстаздарды бақытты деп  санайық.
Ұстаз ана мейірленген кең жүректі асыл жан.
Тәртіппенен білімдікті үйретеді жасынан.

Жанель Көшербай

Өс, өс қиярым!
Су əкелдім тағы да,
Іше қойшы қиярым.
Жаз айында томпиып,
Пісе қойшы қиярым.
Тегін кетпей еңбегім,
Піскеніңде қиярым,
Дəмді салат жасауға
Себетіме жиямын.

Аяулым Асқарқызы

Өтірік өлең
Ұстап алып қаламды
Салып шықтым ғаламды.
Ішіне қыдырып кірдім
Балмұздаққа тойдым.

Айша Бектасова 10 жас

Туған жер
Туған жерім алтын бесік ошағым!
Қайда жүрсем ыстық сенің құшағың.
Сенің гүлің әлпештейді, ұйықтатады.
Сенің тауың құшақтайды, жұбатады.
О, Отаным ақылгөйім, данамсың.
Дәл мейірімді, екінші анамсың.
Дәл өзіңдей кең байтақ жоқ ешкімде
Сол үшін сен өзгелерге армансың!

Каналқұл Нұрила 12 жас Оңтүстік Қазақстан облысы

Менің сүйікті құсым
Қазір далада қыстың соңғы айы. Мен көктемнің келгенің асыға күтудемін. Себебі менің сүйікті құсым қарлығаш көктеммен бірге келеді. Ол келгенде біздің үйде бір керемет мереке. Қарындасым екеуміз күні бой олардың шықылықтаған әнін тыңдап, олардың іс-әрекеттерін бақылаумен боламыз. Ол да бізді сағынғандай төбемізде достарымен жиналып алып шықылықтап ән салумен жүреді. Біз тіпті олардың іс әрекетіне қарап ауа райын бақылауда ұстай аламыз. Олар жер бауырлап ұшып жүрсе жылдамдатып апамыздың тандыр нан пісіретін отындарын жинай бастаймыз. Күз келгенде балапандарын ертіп ұшып кеткенде қимай артында біз қаламыз.

Дәурен Нұрислам 7 жас Қарағанды қаласы, Жаңаарқа ауданы, Талдыбұлақ ауылы

Мінез

Адамнын кейбір мінезі
Жаныңды баурап алады.
Мұңайтып кейде жаныңды
Бір оқ боп мəңгі калады.

Әуесхан Ақбибі 11 жас Арал қаласы

Ана
Ана деген өмірімнің бастауы,
Ана деген көңілімнің қостауы.
Анасыз болмайды бұл өмірде,
Бар анаңды қадірлей біл өмірде.
Ұлды ұяға, қызды қияға қондырған,
Ұмытпайық ақ сүт берген анамызды.

Жанель Көшербай

Оқушы
Оқушы мен боламын,
Ұстазын әркез тыңдайтын.
Білімді оқып аламын,
Биікке өрлеп самғайтын.

Мұратова Назерке 7 жас Атырау қаласы

Ай мен Күн
Жер ананың сұлу қыздары. Ертеде Жер ана дүниеге екі сәби әкеледі. Екеуі туылғанда Жер ана біреуіне Ай, екіншісіне Күн деген есімдерді береді. Жер Күн мен Айды мәпелеп, алтын бесікте бірдей тербетіп өсіреді. Осылайша екі ару өсе береді. Сұлулар өскен сайын бір-біріне сүйіспеншілік емес, жек көрініш пайда болады. Екеуінде де әрқашан кім сұлу? - деген сауал туындайтын. Ай ару Күннің жарқылын жек көретін. Онымен бүкіл әлем жарқырап, тіпті Ай да жарқылдайтын. Екеуі тіл табыса алмайтынын түсінген Ай анасы Жерге барып: - Анашым мен Күнмен бірге тұра алмаймын, екеуімізді екі жаққа бөліп тастауыңызды өтінемін, - дегенде Жер ана қатты ашуланады. Айға рұқсатын бермейді, сонымен қатар екеуіне Жер ана іштей қайғырып, жас қыздарының болашағына алаңдайды. Ең қорқыныштысы сұлу қыздарының бір-бірінен ажырап кетуі еді. Ай Күнге барып: -Екеуіміз екі бөлек жандармыз. Мұны анамыз Жерге түсіндіру керек екеуіміз ешқашан тіл табыса алмаймыз,- дегенде Күн де қалыспай: - Демек мен саған қарағанда сұлу екенімді мойындап, менен бөлініп кетпексің ғой,- дейді. Бойын ашу ыза кернеген Ай Күнге барып ерегіседі. Ерегісіп жатқанда ашуланған Күн Айдың әдемі бетін тырнап тастайды. Ай арудың беті қатты теңбілденіп қалады. Оны көрген Ай қатты қайғыға батып, көз жасы көл болады. Сұлулығынан айырылған Ай Жер ананың рұқсатынсыз алысқа кетіп қалады. Күн Айдан кешірім сұрау үшін оны қанша іздесе де таппайды. Ал Ай болса түрінен ұялып Күннен қашып жүреді. Апалы сіңілі қанша тырысса да бірге бола алмайды. Енді мүлдем кеш еді. Сол сәттен бастап екеуі бір-бірін ешқашан көрмепті. Күн ұйқыға кеткенде Ай шығып, Ай ұйқыға кеткенде Күн шығыпты. Біз де туған бауырларымызға қамқор болмасақ, кейін арамыз бөлініп кетуі мүмкін.

Каналқұл Гүлсая 14 жас Оңтүстік Қазақстан облысы

Ұстаз
Кем көрмеймін сізді анамнан,
Сізге ұқсамадық жолыңызды қумадық.
Сан арман сіздей жандар көп болсын
Балалардың бақыты үшін жаралған.

Ақмаржан 14 жас Алматы қаласы

Астана
Бәйтерегім айбынды,
Астанам бас қалам.
Жасыл әлем тұғырлы,
Көркейе бер жас қалам.

Сүйеніш Аяулым 10 жас

Үлкенге – құрмет
Көрісу – Батыс Қазақстан облысында ғана  сақталған ежелгі дәстүр. Бұл күні адамдар ерте тұрып, елең-аланнаң жасы үлкендерге сәлем береді. Көрісу күні бұрынғы өкпе реніш кешіріліп, араздық ұмытылады. Көрші көлем бір-бірін қонаққа шақырып,  меймандардың отбасына, ағайын – туыстарына  амандық, саулық тілейді. Көрісу – тек адамдардың  бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, құрмет білдіретін дәстүрлі көрініс. Осыған орай А.С. Пушкин атындағы балалар кітапханасының ұйымдастыруымен №46 мектептің 2 «е» сынып  бүлдіршіндеріне «Үлкенге – құрмет» атты танымдық сағатын өткізді.  Шараның мақсаты кішкентай бүлдіршіндерге көрісу дәстүрімізге айналған мерекенің ел жұртымыз үшін маңызды күн болып есептелетіні айтылды. Кейін көрісу күнінің шығу тарихы, адамдарды табыстыруға, жақсылыққа бағытталған дәстүрдің бірі екені туралы мәліметтер айтылды. Сонымен қатар көрісудің ерекшіліктерімен, көрісу кезінде атқарылатын істер туралы бүлдіршіндердің естеріне салынды. Шара соңында кітап көрмесіне шолу жасалды.

Орал қаласының А.С. Пушкин атындағы балалар кітапханасының кітапханашысы Джумағалиева Лола Темірбекқызы

Ел тірегі – Елбасы
Еліміздің ел болу шежіресі сан түрлі белестерден тұрады. Сол белестердің ең алғашқысы ол еліміздің Тұңғыш Президентінің сайлануы болатын. Тәуелсіз Қазақстанды сындарлы жолдардан, сан түрлі белестерден құлатпай, сүріндірмей алып шығу үшін де үлкен қажыр қайратпен, ұлтына, қазағына деген сүйіспеншілік керек еді. Нұрсұлтандай ұлдың бойынан сол қасиеттердің барлығы дерлік табыла білді. Халықты қашанда білікті басшы шыңға шығарады емес пе? Ал біліксіз басшы шыңырауға түсіреді. Біздің еліміздің шыңға өрлеп, бүкіл әлем мойындаған ел болуына аянбай еңбек еткен басшымыздың арқасы екенін бүгінде баршамызға аян.
Тұңғыш президент күні – 2011 жылдың 10 желтоқсанында парламент сенатының толық отырысында қол қойылып, бүкіл елден қолдау таба білген мереке. Бұл мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін мейрамның маңызы да ерекше. Тарихы да тереңде жатыр. Бұл мерекенің тойлануының өзіндік ұлтқа берері мол. Осы мереке арқылы жас ұрпақ Тәуелсіз Қазақстанның тарихын танып, оның ел болып қалыптасу жолында қандай тұлғаның аянбай еңбек еткенін жадында сақтауына үлесін қосады. 1-желтоқсан Қазақстанның шежіресінде үлкен мәнге ие, сондықтан аталмыш күнніңТұңғыш Президент күні ретінде тойлануы заңды құбылыс.
Ағымдағы жылдың қараша айының 27 күні «1-желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш президент» күніне орай  №46 ЖОББМ 8 «а» сынып оқушыларының қатысуымен «Елбасы туралы мың сұрақ» атты зияткерлік сайыс болып өтті. Тұңғыш Президент күніне арналған шара ҚР Әнұранын тыңдаудан басталды. Сонан соң кітапханашы оқушыларға Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының мазмұнын аша түсті. Әрі қарай оқушыларға слайд арқылы Елбасымыздың балалық, жасөспірім, жастық, кемелденген кезеңдеріне саяхат жасалып, Елбасының қызметтен тыс  уақытында музыка, кітап оқу, табиғатта сейілдеу, спортпен шұғылданатынына тоқталып, өсіп келе жатқан жас ұрпақты патриоттық рухта, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Шара соңында «Елбасы туралы мың сұрақ» атты зияткерлік сайыспен жалғасып, «Елін сүйген Елбасы!» атты кітап көрмесіне шолу жасалды.

А.С.Пушкин атындағы орталық балалар кітапханасының кітапханашысы кітапханашысы Ирмагамбетова А. А.