Түсірмей төмен байрақты

Сең соққан кеше,
Желтоқсан десе,
Күңіренер қазақ даласы.
Қазақтық дара,
Азаттық бала,
Алматы – оның анасы.
 
Тани ма қазақ?
Сабира, Ләззат
Түсірмей төмен байрақты.
(Нәзік жан жауды жайратты)
Арлан қалды ма?
Жалғаннан мына
Қайраттар да өтті-ау қайратты.
 
Дастан жырым бар,
Бостандығым бар.
Ұмтылдық ғажап таңға да,
Тәуелсіз елім тәуелді жалғыз
Көктегі Ұлы Жаратқанға.
 
Далаға мынау қарашы кәне,
Өтпеген мұнда сындар қай?
Талай жыл бұрын сендей жастардың
Қанын көрдім деп тұрғандай.
 
Ұл-қыздарыңа, жұлдыздарыңа,
Айта бер қазақ мақтау ән.
Боздақтарыңның өшірме атын
Тарих дейтұғын тақтадан.
 

Нұрбол Маратұлы Жауынбаев
М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының 11-класс оқушысы