2017 желтоқсан Балалар бақшасы

Анашым
Түн ұйқысын төрт бөлген,
Қатем болса кешірген
Ақ пейілді анашым,
Ақ сүт беріп өсірген
Күлімдеген көзінен,
Қуат алам өзінен
Құлыншағым, ботам деп,
Еркелеткен сөзінен
Анам менің сырласым,
Сырлас жəне жан досым
Қуаныш пен қайғыда,
Анашым менің қасымда
Асыл анам дарасыз,
Ақыл берген данасыз
Жанын қиған біздерге,
Бізге қымбат анасыз!
Ерасыл 12 жас Жезказған

Қазақстаным
Ауыл, қала, өзен, көл
Бәрі Қазақстаным.
Көк аспандай қолыма
Жалаушамды ұстадым
Кіп кішкентай жалаушам
Үлкен таудың өзіндей,
Оны да әлі ұстаймын
Осы балғын кезімдей.
Хайрат Ақерке 12 жас Көкшетау қаласы

Жалқау тырна
Ертеде тырналар өмір сүріпті. Олардың балалары тырна өте жалқау болыпты. Ата-анасы жұмсаса бармайды, өз бетінше бір нәрсені істеуге талпынбайды. Тек тамақ ішіп жата беріпті. Оған көршілері, достары жалқауланба, одан да еңбектеніп үйрен десе, жоқ менің ата-анам маған бәрін өздері дайындап береді. Мен несіне қиналамын дейтін көрінеді. Сөйтіп, жаз өтеді. Күз келеді. Барлық тырналар жылы жаққа жиналады. Өйткені қыстап қалу тырналар үшін қауіпті еді. Тырналар ұшуға қамданса, жалқау тырнаның ұшуға күші жетпейді. Өйткені ол жаттықпаған еді. Ол сол кезде өзінің ісіне өкінді. Жалқаулық еш пайда бермес!
Акпанбетов Рахат 8 жас Петропавл қаласы

Бала тілі – бал
Отан – менің анам
Отан – менің панам
Өркен жайып осы елде
Өскен ата-бабам
Әжем – менің алтын
Атам – менің батыр.
Мінгізіп ап інімді
Ат боп ойнап жатыр
Жігіт боп ер жетемін
Аялап, қорғап өтемін
Ол – менің туған Отаным,
Ол – менің  Атамекенім
Шатастырып інім
Мысық пенен күшікті
Байлап жатыр мысығын
Ит тұратын үйшікке
Жамалхан Өтегенова

Кемеңгердің келбеті
«Мұхтар Әуезов – қазақ халқының кемеңгер ойшылы, ұлы суреткері. Осы бабамыздың өмірі мен еңбегі еліміздің бүгінгі тәуелсіздігін аңсап өткен. Мұханды құрметтеу – елдің тәуелсіздігін құрметтеу, өз еліңді сүю, Отаныңды қорғау, қазақ елінің тәуелсіздігі үшін жан аямау» деп елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай А.С.Пушкин атындағы балалар кітапханасының «Әдеби кездесулер» клубының ұйымдастыруымен №46ЖББМ-де 6 «б» сынып оқушыларымен М.Әуезовтың 120 жылдығына орай «Кемеңгердің келбеті» атты әдеби кеш өтті. Шара барысында оқушыларға М.Әуезовтың балалық шағы, өскен ортасы, шығармашылығы кеңінен әңгімеленді. Оқушылардың жазушының шығармашылығын қаншалықты деңгейде білетінін тексеру мақсатында «XXI ғасыр көшбасшысы» атты ойын оздырылды. Ойынды бастамас бұрын оқушылар арасында іріктеу кезеңі өтті. Сол іріктеу кезеңінен сүрінбей өткендер ойынды жалғастырды. Ойын 3 кезеңнен тұрды. Әр кезең жазушының шығармашылық жолы туралы сұрақтардан құралған болатын. Оқушылар шараға белсенді қатысты. Шара соңында «Әуезов – асыл мұрасы» атты кітап көрмесіне шолу жасалды.  
А.С.Пушкин атындағы балалар кітапханасының кітапханашысы Джумағалиева Лола Темырбекқызы

Қазақ елі
Біз қазақ еліміз. Мен тәуелсіз елдің ұрпағымын. Мен елімнің, жерімнің, ата-бабамның арқасында қырандай еркін, Бәйтеректей биік, Алтын адамдай елімнің алтынымын. Міне, еліміздің осылай жайнап күлуіне септігін тигізген ата-бабаларымыз. - Ей, жастар! ата-бабаларымыз осы күнге жеткізгені үшін ата-баба әруағын құрмет тұтып, құрметтеу біздің парызымыз. Егерде ата-бабаларымыз сол заманда қасық қаны қалғанша күреспесе, сен осылай отырар ме едің? Міне ел үшін жанын берген ата-бабаларымызды құрметтейік!
Назерке 11 жас Атакент кенті                                                              

КҮЗ
Өлкемізге күз мезгілі де келіп жетті. Бұл кез өзінше қызыққа толы, табиғатқа әдемілік беретін, керемет мезгілдің бірі. Табиғаттағы болып жатырған өзгерістерді байқамау мүмкін емес. Айтар болсам, күн қысқарып, түн ұзарды. Жыл құстары жылы жаққа ұшып кетті. Аспаннан бұлттар қаптап, сіркіреп жаңбыр да жауып тұр. Анда-санда таңертең салқын болып қояды.  Ағаштардың жапырақтары сарғайып түсіп, шөптер де қурап қалған. Егіншілер астығын жинады. Жемістер мен көкөністер пісті. Адамдар күзде мол өнім алып, көп еңбек етеді. Жинаған жеміс-жидектерінен шырын, тосап қайнатып, көкөністерден салат дайындап, қызанақ, қияр, орамжапырақты тұздап, банкаға жауып, қысқа дайындап қояды. Жер үйде тұратын адамдар әлсін-әлсін ауласындағы  сарғайып түскен жапырақтарды жинап, шұңқырға жиналған жаңбыр суын  арық қазып ағызады. Осы мезгілде оқу да басталады. Алтын ұя мектебіміздің қабырғасы ұлағатты ұстаздар мен ақылды, білімді оқушылармен толады. Сонымен қоса, күзде «Құрбан айт», «Тілдер», «Мұғалімдер»  мерекесі және де «Алтын күз» мерекесі де  аталып, тойланып өтеді. Сол себептен, алтындай сап-сары, табиғатқа әдемі сән беретін күз мезгілі маған өте қатты ұнайды.
Алиева Джанита, 10 жас БҚО, Ақсай қаласы №4 ЖОББМ

Үлкендерді құрметтеу
Парызымыз біздердің
Біз затты егер бүлдірсең
Кешірім сұрап үйренсең
Сені бәрі сыйлайды
Мәнісін ұқ сөздердің
Біреу затын берсе егер
Рахмет айтып жүр досым
Аяулы да ардақты
Адамдарға сен досым
Аида 8 жас Арал қаласы
 
Имандылық жарасады ұл-қызға
Аң жортар аяғымен, жер еркесі,
Құс ұшар қанатымен көк еркесі.
Халқыңа қалаулы ұл, қыз боламын десең,
Адам бол! Болма адамның көлеңкесі
Абай
А.С.Пушкин атындағы балалар кітапханасының оқу залында  № 46 ЖББМ 8 «а» сынып оқушыларымен  «Иманды ұл,  инабатты қыз – елдің көркі» тақырыбында мешіт қызметкерлерімен кездесу болып өтті. Шара Елбасымыздың  «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру»  мақаласымен таныстырып, кітапханада өтетін барлық іс-шаралар осы бағдарлама аясында өтетіндігі және келген қонақтарды таныстырудан басталды. Кітапханашы балаларға халықымыздың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы мәдени құндылықтарын, салт-дәстүрін, ата-бабамыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлгенін атап өтті. Кездесуге Орал орталық мешітінің найб имамы Сабралиев Бақытжан,  Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасының БҚО бойынша баспасөз хатшысы Қабыкешев Нұрлан Саматұлы қатысып, өз ойларын ортаға салды. Келген қонақтар оқушыларға елді қорғайтын ер, батыр, би, ақын, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кешірімді болуына, өнерге, білімге, салт-дәстүрімізді сақтап, жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренуге шақырды. Сонан соң оқушылар өздерін толғандыратын сұрақтар қойып, кездесудегі әсерімен бөлісті. Шара соңында «Тәрбие кілті – имандылықта» атты кітап көрмесіне шолу жасалды.           
А.С.Пушкин атындағы орталық балалар кітапханасы кітапханашы  Ирмагамбетова Ажар, Орал қаласы

Кітапхана – абыройлы мамандық
№2 Облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының балалар әдебиеті бөлімінің ұйымдастыруымен «Кітапхана – абыройлы мамандық» атты бенефис шоу болып өтті. Эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп беріп отырған, ой-өрісі кең, жан-жақты, білімді, парасатты кітапханашылардың орны өзінше бір бөлек. Осы кешті әріптесіміз Зайра Сансызбайқызына арнадық. Мақсатымыз кітапхана саласы ақпарат және білім орталығы ретінде, ақпаратты беру мен табу, іздестіру жолдарын білуде кітапханашы мамандар бірінші кезекте, жоғары ақпаратты біліммен қаруланған, өз ісінің шебері, әмбебап маман болу керектігін насихаттау. Кітапханашының еңбегі қоғам мен мемлекеттің дамып, өркендеуіне өте қажет әрі маңызды мамандық екендігін, ешкім жоққа шығара алмайды. Бенефис шоудың дәстүрі бойынша, келген қонағымызға сый құрметпен  біз сыйлығымызды табыстадық. Келген қонақтар, оқырмандар, әріптестер Зайра апайға асу-асу белестер, табыстан табысқа жете беруіне өз тілектерін білдірсе, апайымыз кітапханашы мамандығының біз білмейтен қырларынан ой бөлісті. Кітапхана – дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, ғасырдан ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы. Кітапхана – оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын сиқырлы да киелі орда. Бүгінде рухани өміріміздің өзегі іспеттес ғылымды, білімді жеткіншек ұрпаққа насихаттауда, рухани мәдени байлығымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде өздерінің елеулі үлестерін қосып келе жатқан өзіндік тұлға, ол – кітапханашы.
Арқалық қаласындағы №2 облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының балалар әдебиеті бөлімінің кітапханашысы: Альмағанбетова Айгерім