2017 қазан Балалар бақшасы

Анам әкем
Айналайын Әкетай,
Жақсы көрем мен сені.
Өзің барда ешқашан,
Түсірмеймін еңсені.
Айналайын Анашым,
Бәріненде дарасың.
Мен барда әркез жаныңда
Бақытты боп қаласың.
Жаңабаев Нұржан Дүйсенбекұлы Қызылорда қаласы
 
Жүрек жылуы
Жүрек жылуын адам бойындағы адамгершілік, қайырымдылық, ізгілік, инабаттылық, әдептілік қасиеттері арқылы таратамыз. Адамдардың әдептілігі, жан дүниесінің жылулығы ең алдымен балаға ақ сүт беріп әлпештеген ана жүрегінің жылуынан басталады. Достарыңа, отбасыңа деген жақсы тілек тілеу, кішілерге ізет көрсету, үлкендерге қамқор болу адамдардың жүрегінің жылуы деп білемін.
Қазбек Дәулет 3 «Б» сынып оқушысы Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Ембі қаласы

Қоңырау
Күмбірле, қоңырау,
Шақырып білімге.
Гүл толы омырау,
Толқу бар үнімде.
Әніңмен көңілге
Сезімде сыр тұнып.
Талпынып өмірге,
Өрледік бір сынып...
Ерасыл Ысқақов Теміртау қаласы

Жеңіс туралы
Тастар көкке атылды,
Орман шулап тау құлап,
Жиырма сегіз батырды
Жеңе алмады жау бірақ.
Саламат Диас Асылжанұлы 5 жас Атырау облысы, Исатай ауылы

Туған жер
Мен елімді мақтан етем,
Сарыарқадай елім бар
Каспий деген көлім бар.
Біз тәуелсіз ұлы елміз
Болашақтан сенім бар.
Жандаулет 3 «А» сынып оқушысы Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Ембі қаласы

Өтірік өлең
Құмырсқаға  мініп ап,
Қоян қудым балдармен.
Құстай ұшып зымырап,
Ұстап алдым арбамен.
Асылбек Әділет Медетұлы Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Алтықарасу мектеп-балабақшасының 2-сынып оқушысы

Сыныбым – мақтанышым.
Мен өз сыныбыммен мақтанамын. Себебі сыныбымыздағы ұл -қыздар бір-бірімен өте тату, ұйымшыл, еңбекқор. Өздеріне тапсырылған жұмыстарды жауапкершілікпен орындайды. Ұстазымыз Джанбирова Гүлжан апай да бізге сенім артады. Республикалық «Мәңгілік ел үміттері» антологиясына біздің сыныбымыздан 10 оқушы қатысып, арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Сыныптастарымыз Төлеген мен Шадыман Республикалық спорттық жарыстарға қатысып, жүлдемен оралды.Ал Жәдігер мен Гүлдария, Төлеген мен Іңкар «Әдепті бала «сайысының жеңімпаздары. Камшат «Айголек» байқауының «Ұлттық билер» номинациясы бойынша жеңімпазы. Биыл біз төртінші сыныпқа көштік. Сыныптастарымды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын.
Жанель Мамбетова Исламқызы 9 жас Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Мұнайшы ауылы

Менің елім
Менің жерім, елім
Туып өскен жерім.
Мақтанам осы жерлермен
Көркем, әсем елдермен.
Жұлдыз 3 «А» сынып оқушысы Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Ембі қаласы

Мәңгілік  елім жасасын!
Қазақстан – зайырлы, тәуелсіз, мәңгілік  ел. Сол тәуелсіздік  жолында бабаларымыздың  басынан қаншама  қиындықтар өткен. Соғыс, аштық, құрбандық, желтоқсан оқиғасы қазақ халқы  үшін ауыр тиіп, қайғыға  толы кезеңімен есте  қалды. Бұның  барлығы да  қазақ жеріне үлкен соққы болды. Осындай  қиыншылық  кезеңді ешқашан ұмытпай, ерліктерін есте  ұстаймыз.
Ата-бабамыздың жылдап, ғасырлап аңсаған бостандығын, тәуелсіздігін біздер көріп жатырмыз. Біз өзіміздің  мәңгілік ел екенімізді тілімізден, дінімізден, тарихымыздан, салт-дәстүрімізден білеміз. «Мәңгілік  елдің» басты құндылықтарының бірі – отансүйгіштік, еңбексүйгіштік. Ендеше, еліміздің дамуына өз үлесімізді қосу үшін дұрыс тәрбие алып, сабағымызды жақсы оқуымыз  керек. «Нағыз патриот тек өзі  үшін ғана емес, елі үшін де өмір  сүреді. Еліне елеулі, халқына  қалаулы, қадірлі адам атану үшін алға талпыну қажет» деген болатын Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенова. Біз бүгінгі  бейбіт тірлігіміз үшін жүректері «Елім» деп соққан қайсар жандардың аруағының алдында  мәңгілік қарыздармыз.
Тәуелсіз ел болдық. Мәңгілік еліміздің дамуын әрі жандандырып көркейтеміз, дамытамыз.
Сендердікі қоғам, өмір, заман да,
Сен түзеген қалаңменен далаң да,
Болашақта барлығы да сендердікі, жас ұрпақ,
Сендерге аманат етіп табыстаймыз барын да! - деп Мұқағали атамыз жырлағандай, біз халқымыздың үмітін ақтар сенімді ғасыр жастарымыз.
Орынбай Таймас Жексенғалиұлы 9 жас, Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы, Ақсай қаласының  №4 ЖББО мектебінің  3 «ә» сынып оқушысы                             

ЖАҢА СТАНДАРТ ЖАҢАЛЫҚҚА ТОЛЫ
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 13 мамырдағы №292 қаулысының 1 қосымшасында «Білім туралы» Заңының  5 және 14 баптарына сәйкес әзірленген мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты жаңартылды. Стандартқа сәйкес 2016 жылы жаңа үлгілік бағдарлама берілді. Қазіргі кезде балабақшаларда осы жаңартылған бағдарламамен жұмыс жүргізудеміз. Бұл бағдарламаның ерекшелігі – бұрынғыдай бес білім беру саласы бойынша оқу қызметтерін жүргізе отырып «коммуникация» білім беру саласында драма оқу қызметінің енгізілуі. Мақсаты: баланың тілін дамыту, байланыстырып сөйлеуге үйрету, көркем шығармаларды, шағын әңгімелер мен ертегілерді сахналауға үйрету, әдеби кейіпкерлердің эмоцияларын білдіру үшін дауыс интонациясымен дыбыстау, әдеби кейіпкерлердің әрекеттеріне өзіндік көзқарас білдіру ой қиялын дамыту. Жаңа бағдарламаның балаға берері де мол: көркем бейнені жасауда балалар есте сақтау зейіні, көпшіліктің алдында өз ойын еркін айта білуі, батылдығы қалыптасады. Қысқасы, жақсы мен жаманды, дұрыс пен бұрысты ажырата алып, заманға сай білімді, білікті, мәдениетті, елін, жерін сүйетін әрі шығармашыл тұлға болуына іргетас қаланады. Яки, болашақта ойы мен шұқыры, қалтарысы мен бұлтарысы басым өмірде өз жолын табуға моральды тұрғыда жол ашылады. Жаңа бағдарламаның екінші ерекшелігі: бұрын «таным» білім  беру саласында қоршаған ортамен таныстыру мен экология негіздері оқу қызметтері жүргізілген. Қазір олардың орнын жаратылыстану басып отыр.Ал қоршаған ортамен таныстыру, экология оқу қызметтері «әлеумет» білім беру саласына ауыстырған. Мұндағы мақсат: қоршаған ортамен өзара іс-қимыл үшін қажетті танымдық әрекеттің қарапайым дағдыларын меңгерту, өлі және тірі табиғат обьектілерін ажырататын, маусымдық өзгерістерге бақылау жасауды, табиғаттағы қарапайым тәртіп ережелері туралы білімдерін қалыптастыру. Жаратылыстану оқу қызметінде тақырыптар көбінесе бақылау мен тәжірибе жасаудан құрылған. Балалар жаратылыстану оқу қызметінде физикалық құбылыстарды біледі (жарық, дыбыс, жылу) табиғаттағы маусымдық өзгерістерді атайды,  ажыратады,  бақылайды. Табиғатқа қамқорлық жасайды, қорғайды, ауа мен судың ластану себептерін біледі, тірі өлі табиғаттың байланысын түсінеді, жануарлар мен өсімдіктердің тіршілігіндегі  өзгеріске ұшыратуы мүмкін себептерді атайды. Балалар жалпы табиғат пен адамның егіз ұғым екенін санасының саңылауына сіңіреді. Дәл кәзіргі жасыл экономика жайында алғашқы қарапайым түініктері қалыптасады.
Түмен ойдың да түйіні бар. «...Адамзат үшін ХХІ ғасыр жаңа технологиялардың ғасыры болмақ, ал осы жаңа технологияларды жүзеге асырып, өмірге енгізу, игеру және жетілдіру – бүгінгі жас ұрпақ қолында» - деген еді Елбасмыз Нұрсұлтан Назарбаев. Ал ертеңіміздің ажары да базары да болатын өскелеңді тәрбиелеу – біздің қолымызда. Сондықтан, бүгінгі бір күніміз – ертеңгі мың күніміз екенін ұмытпайық.
Майликутова Сайрамхан Джумагоджаевна «Арман» бөбек-жәй балабақшасының әдіскері

ЕЛДІҢ СӘНІ – ЕРКЕ БАЛҒЫНДАР
1 маусым балаларды қорғау күні қарсаңында № 2 Облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының балалар әдебиеті бөлімінде «Елдің сәні – ерке балғындар»  атты мерекелік іс-шара болып өтті. Мерекені кітапхана басшысы  Борибаева Казына  Байсабековна құттықтау сөзімен ашып, А. Құнанбаев атындағы  № 6 мектептің оқушысы Жылқыбай  Ілияс  әннен шашу шашты. Іс-шараның басты мақсаты:  балаларға мерекелік көңіл күй сыйлау, балалардың шығармашылығын көрсетуге мүмкіндік туғызу, өмірге, өнерге сүйіспеншіліктерін қалыптастыру болса, ал оқырмандардың кітапқа  деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Біз - өмірдің гүліміз» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Ертегі кейіпкерлері Мальвина, Қызыл телпек, Алладиндер  қонаққа келіп, балаларды мерекесімен құттықтап, балғындарға бақытты балалық шақ тіледі. Балалар «Гүлге қонған көбелек», «Қолшатыр» ойындарын қызыға ойнады. «Ақбота» балабақшасының кішкентай  бишілері «Домбыра» биін билеп мерекенің сәнін келтірді. Ал «Золотой ключик» балабақшасынан келген өнерлі балдырғандарға жиналған жұрт сүйсіне қол соқты. Кітапханашылар бүлдіршіндермен бірге «Жаяу» әуеніне флешмоб биледі. Іс – шарамызға қатысып, өнерлерін көрсеткен бүлдіршіндер, мектеп оқушылары Мақтау қағаздарымен марапатталып, түрлі сыйлықтармен тәттілер алып қуанышқа кенелді.
Арқалық қаласындағы №2 облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының балалар бөлімінің меңгерушісі: Сандуғаш Қазыбекқызы