2017 қыркүйек Балалар бақшасы

Мектебім
Мектебім аяулы ұям, бесігім,
Әрдайым ашқан бізге есігін.
Талай тұлға қанат қаққан өзіңнен
Мәңгілік биік тұрар есігің.
Әбдіразақ Дінмұхаммед 11 жас Шымкент қаласы 

Мұғалім
Жанымды менің жайнатып,
Баураған өзің мұғалім.
Өзіңмен бірге таң атып,
Өзіңмен күліп шығар күн.
Ер жеткенде, ұстазым,
Уәдемде берік тұрамын.
Қиынға берік шыдармын,
Қияға талай шығармын.
Ықылас Нұрбибі 9 жас Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Жеңіс ауылы
Ана тілім
Ана тілім бал тілім
Ана тілім бай тілім
Ана тілім мақтанатын
Ең қадірлі бақытым
Ана тілім ғажап тіл
Бар ғой онда көп сыр
Ана тілім тірегім
Ана тілі тілегім
Абдіғалиева Бану 11 жас Ақтөбе қаласы

Әке
Әке деген асыл тасты жан адам
Оны әлі өзгертпеген әр адам.
Мәңгілікке әке деп соққан жүрегім
Арналады бұл тақпағым тек саған!
***
Ана деген ардақты жан,
Бәрі оны аялаған.
Мәпелеп бізді өсірген,
Тоғыз ай құрсақта өсірген,
Жақсы көрем анамды
Мәңгі сыйлап жүрем мен!
Байжанова Таңнұрым 10 жас Кентау қаласы

Әлия
Ұмытылмас есімдер
Бауыржан, Мәншүк, Әлия
Жауға қарсы беттеген.
Отқа төсеп кеудесін
Ешкімге дес бермеген.
Тарихта қалған тұлғалар
Қаһарман ата-апалар
Есімдері олардың
Ел есінде сақталар.
Хасенов Ислам 13 жас Аягөз ауданы, Өркен ауылы

Балалар әлемі
Балардың әлемі ең қызықты,
Қазақ тілін дамытытқаны шыжықты.
Мен ойнаймын балалардың әлемін,
Сен де ойна, көріп таңғал қызықты.
Іңкәр 7 жас Жетісай қаласы

Отан
Отаным менің – Қазақстан
Сан алуан халық табысқан.
Тәуелсіз елім – Қазақстан
Бірлігі мәңгі жарасқан.
Желбіресін көк байрағым мәңгілік
Әнұраным тұрсын әркез жаңғырып.
Тәуелсіз ел іргесі берік болсын,
Қуанышпен елімнің көңілі толсын.
 
Өтірік өлең
Шыбынды шырқыратып ұстап алдым,
Он күндей топырақты жем қып салдым.
Бәйгеге қосып едім жарықтықты,
Адам сенбес тік ұшақтай жүлде алдым.
Тік ұшақты үйім етіп жатып алдым,
Тамақты күн көзінен сатып алдым.
Аспанның құдіреті таң ғажайып,
Аядай алақанға басып алдым.
Қуантқан Альмира 11 жас Қызылорда қаласы

Ел рәміздеріне 25 жыл
«ҚР мемлекеттік рәміздер туралы» заңның қабылданғанына 25 жыл толуына орай
1992 жылдың 4 маусым күні тарихта және жас ұрпақ жадында ҚР-ның Мемлекеттік рәміздердің туған күні ретінде мәңгі есте қалмақ. Әрбір адам өз халқын, өз Отанын, өз мемлекетін құрметтеуге, мақтаныш тұтуға міндетті. Ал азаматтарға өздерінің бірлігі мен ынтымағын сезінуде мемлекеттік рәміздер көмектеседі. Рәміздер – бір мемлекетті басқа мемлекеттен айырып тұратын белгілер. Қазақстанның әрбір азаматы Туын, Елтаңбасын, Гимннін тұмардай қасиет тұтуы қажет.Елдігіміздің сыналатын тұсы осы. Мемлекеттік рәміздерді сыйламау – мемлекетті, халықты, оның тарихы мен мәдениетін сыйламау деген сөз. Осы кезекте өскелең ұрпақ арасында мемлекеттік рәміздерді насихаттап дәріптеу мақсатында кітапханада  жыл бойы әр түрлі көпшілік шаралар өткізілді. Атап өтсек «Ел рәмізі – ел рухы», «Көк байрағым – айбыным», «Ел таңбасы елімнің», «Бір ән тарихы» атты көпшілік шаралар түрі өткен болатын. Соның ішінде  оқырман назарына ерекше көз түскені кітапханамыздың оқу залында безендірілген «Елдің туын желбіреткен Елбасы» атты кітап инсталляция көрмесі. Көрме төрт бөлімнен жасақталған. Бірінші бөлім «Асқақтай бер, көк туым!» Бұл жерде Тудың авторы – суретші Шәкен Оңласынұлы Ниязбеков туралы мәліметтер мен тудың сипаттамасы  толық жинақталған. Ал екінші бөлім «Тәуелсіз елдің таңбасы»деп аталады. «Таңбасыз ел болмайды, найзасыз ер болмайды», - дейді қазақ халқы. Кез келген  халықтың өз таңбасы болады. Осы бөлімде елтаңба туралы мәліметтер және елтаңба авторлары – халқымыздың танымал ұлдары Жандарбек Мәлібеков пен Шота-Аман Уәлихановтардың өмір мен шығармашылығын баяндайтын әдебиеттер жинақталған. Үшінші бөлім «Төлқұжатым – Гимн» тақырыбында  2006 жылғы 7-қаңтардағы Конституциялық заңға сәйкес Мемлекеттік Гимннің мәтіні жаңа редакцияда жазылғандығы және Мемлекеттік Гимннің авторлары – Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар – Нұрсұлтан Назарбаев, Жұмекен Нәжімеденов туралы оқырмандардың қызығушылығын арттыратын  әдебиеттер жинақталған. Соңғы бөлім ол негізгісі. Бұл жерде кітапхана қорындағы ауыз әдебиетті, тарихты, салт-дәстүрін насихаттайтын кітаптардан 25 саны қаланған. Көрме инсталляциясы оқырман қызығушылығын арттырып, бір  ай бойы көпшілік назарына насихатталады.
А.С. Пушкин атындағы орталық балалар кітапханасы Торғын Болатқызы Бекешева Орал қаласы

Ұстазымның еңбегі
Мен Ақсай  қаласының №4 жалпы орта білім беретін мектебінің 3 «ә» сынып оқушысымын. Сыныпта апайымның көмекшісімін. Оқуда озат үлгілі оқушымын. Менің сыныбымдағы балалар өте ақылды, тәртіпті, бәрі де білімді, шеттерінен өнерлі. Білімі орташа оқушы жоқ, барлық 18 оқушы да оқу озаттары мен екпінділер қатарындағылар. Сынып жетекшіміз  Сандибаева Жаннат Калидоллақызы жұмысына қатал болса да, бізді өте жақсы көреді, бар білгенін үйретуден жалыққан емес. Менің ұстазым оқушылардың білімдерін жоғары белестерден көрінгенін қалайды. Үнемі тест, шығармашылық жұмыстармен  жұмыстандырады. Қолы босай қалса, мектепке де, үйіне де шақырып, қосымша жұмыстар береді. Мені бұл кісінің еңбекқорлығы қатты қызықтырады. Жұмыстан да бір күн де қалған емес. Еңбегіне жеміс, денсаулығы тек жақсы болуын тілеймін. Ал мен осындай еңбектің арқасында үлкен жетістіктерге жеттім. Тіл байлығым шыңдалды, апайым беріп отырған тапсырмаларды үздік орындап отырдым. Анашым да менің біліміме өте риза болады. Кім көп біліп еңбектенсе, сол ұтады емес пе?! Мақтанышымды осындай өлең  жолдарымен жеткізгім келеді:
                     Оқуда озат болдым,
                     Ұстазымның арқасы.
                     Білімсізді басып оздым,
                     Білім –оқу арнасы.
                     Мен де өскен соң
                     Ұстаз жолын қуамын.
                     Анам қолдар үмітті,
                     Қатарымнан озамын.
                     Тілейтінім ұстазға
                     Бақыт, еңбек, денсаулық.
                     Алдында бас иемін,
                     Кенелтемін мол шаттық.
Самат Амир Азаматұлы Батыс  қазақстан  облысы Бөрлі ауданы Ақсай қаласының №4 ЖББО мектебінің 3 «ә» сынып оқушысы