Айналайын туған жер

Перзенттік тілекпен,
Көкейімде сақтадым.
Сүйдім ыстық жүрекпен,
Туған жердің аптабын.
 
Болса да ауыр тағдырым,
Көрдім қанша таң нұрын.
Алыс жерде аңсадым,
Туған жердің жаңбырын.
 
Жарық дүние тар ма едің,
Таусылған жоқ жол әлі.
Мінезімде бар менің,
Туған жердің бораны.
 
Тағдыры да сан қилы,
Таланттың  туса әні.
Жырларымнан аңқиды,
Туған жердің жусаны.
 
Жолдан өттім сан қилы,
Алмасам да жүлдені.
Сәбиімнен аңқиды,
Туған жердің гүлдері.
 
Күндік жерден көрінген,
Ата-баба кезеңі.
Өлеңімдей өрілген,
Туған жердің өлеңі.

Нұғман Асқаров