Балалар әлемі
Балалар әлемі атты журнал бар ғой,
Мақал, жұмбақ, жаңылтпаш бәрі бар ғой,
Әзіл оқып күлкіге батамын мен,
Ойындарды ойнап та аламын мен.
Мұндай журнал ешқешен болмаған деп,
Балаларға қуаныш силаған деп
Әрдәйім кіріп, оқып мақаланы,
Ұнайды есте сақтап тәлім алған.
Назерке 11 жас ОҚО, Мақтарал ауданы, Атакент кенті, Қ.Пернебаев ауылы
Ұстаз
Аяулы ұстазым,
Сіз бізге ақыл бердіңіз.
Сіз біздің екінші анамызсыз,
Біз сізге алғыс айтамыз.
Мектеп біздің екінші үй,
Сізден біз үлгі аламыз.
Бізде тағы да үшінші анамыз бар,
Кім қосымшаға қатысады, оның үшінші анасы бар.
Алғыс айтам ұстазға,
Алғыс айтам білімге.
Ең алғашқы ұстазым,
Менсұлу Окешовна
Аман Ілияс №84 мектеп-лицейінің 3 «ә» сынып оқушысы
Жақсылық пен Жамандық
Ертеде бір Арнұр есімді бала болыпты. Арнұр өте еріншек, жалқау, жатып ішер бала болатын. Ол еш нəрсеге құмарлық танытпастан жата беретін. Бір күні Арнұр өзен жағасына суға шомылуға келеді. Суға шомылғаннан кейін орман ішінде жарқырап, қып-қызыл болып тұрған жеміс-жидектерге көзі түсіп кетеді. Сөйтіп ол жемістерге барамын, оларға əбден тоямын деген ішіндегі ойын жүзеге асырмақшы болып, орманға қарай бет алады. Арнұр орман ішінде адасып кетеді. Ол қасқырлардың үрейлі дауысынан қатты қорқып, аңырап жылай бастайды. Сол кезде балақайдың қасына Жамандық атаулысы келіп:
- Эй, балақай! Сен неге жылап отырсың ?-, дегенде Арнұр:
- Мен адасып кеттім, енді не істеймін,- дейді. Жамандық саған көмектесемін деп балақай Арнұрды алдайды. Бала алданып қалады. Сол мезетте Жақсылық пайда болады. Ол Жамандыққа тіл тигізіп, баланы одан қорғайды. Жақсылық:
- Сен Жамандық, балақайға ештеңе істей алмайсың, сен оның көңілін тауып, жаман балаға айналдырып жібергің келді ғой, солай ма? Жоқ мен сеннен оңайлықпен жеңілмеймін. Арнұр еріншек болса да енді мен секілді жақсы адамға айналады,- дейді. Жамандық:
- Ол не дегенің, жо-жоқ! Қателесесің, керісінше мен Арнұрды алдап, оны жаман балаға айналдырамын, сен менен асып түсе алмайсың, Жақсылық (қатты күледі сықылықтап) Арнұр қатты қорқады. Бір орында қылжимастан тұра береді. Жақсылық Арнұрды Жамандықтан құтқарып, оған еріншек болма деп кеңестер береді. Сол күннен бастап Жамандық көзден ғайып болады. Ал Жақсылық болса балаларды еріншектіктен құтқарудан жалықпай, оларды дұрыс жолға салады. Арнұр болса жасаған өз қателіктерін түсініп, ендігəрі жаман, еріншек бала болмауға Жақсылыққа, ата-анасына сөз береді. Сол күннен бастап Арнұр еріншек болғанның қаншалықты жаман екенін түсініп, бақытты болады.
Жанерке Нұрғалиқызы 13 жас Саға ауылы
Əке
Əкешім, тірегім, мен сізге гүл едім.
Алыста жүрсем де жадыңда жүремін.
Əкешім, қамқоршым, үйімнің тірегі.
Əкенің мейірімін бар бала біледі.
Əкешім, асылым көзіңде сыр тұнған.
Өзіңмен бір болу мен үшін ұлы арман.
Оразова Кəусар 9 жас Ақтөбе облысы, Алтықарасу ауылы
Велосипед
Демалысқа шықтық. Мəз болып асыр сап жүрміз. Папам велосипед сатып əперді. Түсі туымыздың түсіндей. Мен оны тез меңгеріп алдым. Маған қатты ұнады. Мен велосипедіммен бұзау қараймын, өзенге шомылуға барамын. Балалармен жарысамыз. Велосипед – өте ыңғайлы көлік. Оны күтіп ұстасаң жолда қалдырмайды.
Ораз Əлкей 10 жас Ақтөбе облысы Алтықарасу ауылы
Жаз
Жаз да келді шаттанып,
Айналаны құлпыртып,
Көлге түсіп мәз болып,
Көлден балық сүземіз
Тау мен тасты кеземіз,
Сан қызықты көреміз.
Жақсы көрем жазды мен
Қуанады жүрегім.
Төлепбергенова Айнұр 8 жас Павлодар қаласы, Баянауыл ауылы №2 мектеп
Жаз
Жаз мезгілі. Құстар сайрап ұшып жүр. Жаз да жазғы демалыс басталады. Балалар қуанады. Олар кейде түскі тамақ ішуді ұмытып кетеді. Балалар далада асық, секірмек, тағы басқа ойындар ойнайды. Жазда қарбыз, қауын піседі. Балалар оларды тойғанша жейді. Жазда шөп шабады. Балалар сабаққа дайындалады.
Тоқтар Сания 9 жас Үштөбе қаласы
Астананың болашағы балалар көзімен
Астананың 20 жылдығы – ел өміріндегі аса ірі тарихи оқиға, Қазақстан халқының мерейлі мерекесі.
Біз ғасырлар тоғысқанда тәуелсіз жаңа мемлекет орнатып, байтақ еліміздің дәл ортасынан бас қаламыз – Астананы салдық. Бүгінде әлемдік қауымдастық үшін Қазақстан мен Астана атаулары егіз ұғымға айналып кетті. Бұл ұғым қарыштап даму мен өрісті өркендеудің өнегелі үлгісі ретінде орнықты. Біздер, қазақстандықтар, Астананы асқақтату арқылы дүние жүзінде өзімізді –келешегі кемел, әлеуеті қуатты мемлекет екенімізді таныттық. Астанамыздың 20 жыл ішіндегі жеткен жетістіктеріне куә болдық. Астанамыздың мерей той қарсаңында аудандық орталық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Еліміздің жүрегі – Астана» атты тасқа сурет салу сайысы өтті. Іс-шара барысында бүлдіршіндер Астанамыздың болашығын өз ойларын тасқа түсіріп, көпшілік қауымға таныстырылып, ән шырқалып, бүлдіршіндер өз тақпақтарын нақышына келтіріп жатқа айтты. Осындай көңілді кешімізге ат салысқан ауданымыздың «Балдырған», «Жұпар», «Қаламқас» балабақшаларының бүлдіршіндері. Сайыс нәтижесі бойынша 1 орынға ие болған – Әділханова Асыл «Жұпар » балабақшасы. 2 орынға ие болған – Қамбар Наргиз «Балдырған» балабақшасы. 3орынға ие болған – Тасболатова Айсауле «Қаламқас» балабақшасы. Кеш соңы бүлдіршіндер марапатталып, сыйлықтар берілді.
«Астана – халқымыз үшін тәуелсіздік пен өсіп-өркендеудің алтын тұғыры. Президенттің перзентіндей болған Астанаға Елбасының идеялық еңбегі ғана сіңген жоқ, қаланы жасыл желекке көмкерген бас бағбаны да, ажарын сәнді еткен бас сәулетшісі де Мемлекет басшысы болды. Сондықтан да Елбасы мен ел орда – егіз ұғым. Уақыттан оза шапқан бүгінгі Астана – тұтас еліміздің ертеңге деген үкілі үміті мен сенімінің көрінісі, арманы мен тілегінің кепілі».
З. Мусабаева Қостанай облысы, Аманкелді ауданы Аудандық орталық балалар кітапханасының меңгерушісі
Бар жақсылық балаларға!
Жыл он екі айдың жадыраған жаз айы да келіп жетті. Оқушы балалар үшін демалыс күндері басталса, ал мектеп бітіруші түлектерді ҰБТ күтіп тұр. Бәрінен де ең қызықтысы сол жаздың бірінші күні – Халықаралық балаларды қорғау күні. Балалық шаққа саяхат мерекесі күні.
«Бар жақсылық – балаларға!» Бұл ұран сонау Кеңес кезеңінің ұраны болса да, әлі күнге дейін өз мәнін жойған жоқ. Болашағымыз – балаларға жақсылық жасау ешқашан ұмыт қалған емес. Бұл ұранның әлі күнге дейін мәнін жоймағандығын, келешек ұрпақтарын тәрбиелеуде біздің ең басты ұранымыз болып қала беретіндігін, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы айғақтайды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Балалар – қоғамымыздың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі және олар құқықсыз болуға тиіс емес. Елбасы ретінде мен әрбір сәбидің құқығы қорғалуын талап ететін боламын»- дей отырып, өз сөзінде әр баланың құқығының қорғалуын талап ететіндігін айтып өтті.
Мереке күні облыс орталығында, қаланың шағын аудандарында, сол секілді өңіріміздің барлық елді мекендерінде небір мәдени іс-шаралар, ойындар, сайыстар, түрлі-түсті бормен сурет салу конкурсы, спорт жарыстары ұйымдастырылатын болады. Мәселен, Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай 2017 жылдың маусым айының 1 күні сағат 15.00-де «Балбұлақ» балабақшасында А.С.Пушкин атындағы ОБК қатысуымен «Әрқашан күн сөнбесін» атты мерекелік шара өтті. Шараға 120 бала қатысты.Аталған балабақшада 1-3 жас аралығындағы және 5 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді. Мерекеге орай, балабақша бүлдіршіндерінің қатысуымен концерттік бағдарлама өткізілді. Мерекелік шараға балабақша бүлдіршіндері мен тәрбиешілері қатысып, туған жер, бақытты балалық шақ, достық, татулық туралы өлеңдерді жатқа айтып, ән шырқап, би билеп шараның қызықты өтуіне өз үлестерін қосты. Балалар кітапханасының кітапханашыларының ұйымдастыруымен «Тәтті қалпақ» атты қызықты ойын өтті. Өнерлі балалар өздерінің өнерлерін көрсетті. Осы ұйымдастырылатын мерекелік сайыстар мен жарыстарға белсене қатысқан балалар құралақан қалмай, тәтті сыйлықтарға ие болды. Мерекелік шараны балабақша қызметкерлері, ата-аналар, ұстаздар тамашалады.
Орал қаласы А.С.Пушкин атындағы ОБК кітапханашысы Ирмагамбетова А. А