із бақытты ұланбыз
Біз бақытты баламыз,
Шырқап әнге саламыз,
Тәуелсіздік ұранын
Дереу жаттап аламыз.
Аспанда арайлы күн,
Төгіп тұр бізге нұрын.
Толқынды сонау көк бұлттар
Паш етер әлем сырын.
Қыран самғап биікке
Жасыл жайлау жарқырап,
Той-думандар шарықтап,
Қазақ елі жүректе.
Мақсатова Эльнара М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының 7-сынып оқушысы
Көктем
Көктем келді, қыс кетті
Жер қарайып, қар кетті
Қуанып ойнап далада,
Сән кіріп елге, құс кепті.
Атағоллаева Гауһар
Көктем келді қыс кетті,
Жердің бәрі жасыл шөп,
Жан-жануар, мал төлдеп,
Жылғалардан су кетті.
Ақымов Нұртас
Көктем келді жадырап,
Күннің көзі күлімдеп,
Гүлдер мен ағаш майысып,
Сулар ақты сыбдырлап.
Алдамжар Халида Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Аралтоғай ауылы, С.Оразалин атындағы орта мектептің 2-сынып оқушылары
Арман алысқа жетелейді
Әр адамның өз арманы бар. Ол арманды іске асыра білу үшін алдыңа мақсат қоя білуің керек. «Егер мақсатың болмаса, нүктені бітіре алмайсың, ал мақсатың мардымсыз болса, ешқандай көрнекті нәрсе тыңдырмайсың» деп Дидро айтқандай. Арманыңды іске асыру үшін табандылықпен ұмтылуың керек. «Армансыз адам қанаты жоқ құспен тең». Бұл нақыл сөздің мағынасы өмір де армансыз адам жоқ екенін дәлелдейді. Мен өскенде дәрігер боламын. Оған менің өмірімнің көп уақыты кетеді. Бірақ мен ауру адамдарға екінші өмір сыйлағым келеді. Мен өскенде хирург немесе тіс дәрігері болғым келеді. Тіс дәрігердің ішінде балалар дәрігері болғым келеді. Себебі: Қазіргі заманда балалардың тістері әлсіз болады. Ал хирург болсам жарақатқа түскен адамдарды емдеймін. Бірақ менің бір әлсіздеу орным, мен ота жасаудан қорқамын. Бірақ өз алдыма мақсат қойып, бірте-бірте ота жасауды үйреніп, әкемнің жолын қуамын. Ең бастысы оқуға түсіп, өзіме тән мамандық таңдау. Өзімнің қасымдағы жолдастарымның көбісі дәрігер мамандығын таңдайды. Біз келешекте бірдей оқуға түсіп, бірге жұмыс істеуімізді аңсаймыз. Келешекте бірге көрісіп, шетелдегі әйгілі қалаларға барып, балалық шағымызды есімізге түсіріп, демалып қайтуымызды армандаймыз.
Тұрмағанбетова Рамира М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының 7-сынып оқушысы
Келді Жаңа жыл
Барлық бала шаттанып
Алақайлап шулады.
Қалың жауған қарменен
Қар атысып ойнады.
Үлкен-кіші мәз-мейрам
Дайындап жүр жыр мен ән.
Бақыт тілеп баршаға
Тілек жазды шыршаға.
Барлық адам тілегі
Орындалсын әрқашан.
Қуаныш, бақыт әкелсін
Тауық жылы баршаға.
Асқаров Алинұр Бексұлтанұлы №112 орта мектептің 2 «а» сынып оқушысы, Қызылорда қаласы
Асыл анашым
Ана – ол әлемде жалғыз, анасыз өмір жоқ. Бізді мына өмірге әкелген анамыз ақ сүтін беріп, түн ұйқысын төрт бөліп біздің қамымызды ойлап, бар жағдайымызды жасаған. Ешкімнен кем қылмай, не тілесең қолыңа салып, қателігімізді кешірген де ана. Сондықтан да бар мейірімін баласына төгіп, баласынан тек жақсылық күтетін анамызды ешқашан ренжітпеуіміз керек. Кез-келген бала ана махаббатын сезінуі тиіс, өйткені біз анамыздың қарызын қайтара алмаймыз, анасы бар адамдар бақыттың не екенін сезінеді. Мен анамды өте қатты жақсы көремін және бәрінен артық көремін. Анамның аты – Гаухар. Үнемі қасымнан табылады. Таңертеңнен қосымша үйірмелердің бірінен қалдырмай, кешке дейін менің қамымды ойлайды. Үнемі ақылын айтып жүреді. Мен де анамның қабағына бір дақ түсірмей ренжітпеуге тырысамын. Сабағымды дұрыс оқып, айтқанды ұғып, көмекші де боламын, анам осы қылығыма қуанады. Тәртіпсіз, әдепсіз балалардың анасына қарсы сөйлегендерін көрсем ішім қынжылады, оларға айтарым анаңды сыйлап жүрсең, бақытың алдыңнан шығады дегім келеді. Әрқашан асыл анашым аман жүрші.
Тілекқабылов Бейбарыс Ақсай қаласы, №4 ЖОББ мектептің 2 «ә» сынып оқушысы
Қыс
Қыс мезгілі келді міне,
Қар жауып тұр далада.
Қызыл шұнақ аязбенен,
Боран тұрды аулада.
Жауып тұрған қарды алып,
Жасайды балалар аққала.
Көлшіктегі сулар да,
Айналды енді мұзға да.
Мұзайдынға барып олар,
Коньки тепті қуана.
Қыс үйретер балаларды,
Түрлі-түрлі ойынға.
Зейнуллин Санаби Астана қаласы, №84 мектеп-лицейінің 3 «ә» сынып оқушысы
Менің Отаным
Менің Отаным – елім, жерім. Менің Отаным – Қазақстан. Отанымызда туып, өсіп келемін. Білім алып, өркендеудемін. Отанымызда бәріміз тату тұрамыз. Мен Отанымды құрметтеймін, мақтан етемін. Біздің Отанымыз – тәуелсіз. Тәуелсіздігін әлемге дәлелдеді. Дамыған елдердің қатарына енді. Отанымның табиғаты қандай тамаша. Таулары аспанмен таласқан, мөлдір сулары, көк шалғыны, таза ауасы қандай десеңізші! Керемет жерлер өте көп. «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл» деген мақал босқа айтылмаған. Құсы жоқ орманды, Отаны, елі, жері жоқ адамды елестету қиын. Отанымыздың өркендеп өсуіне көп еңбек еткен Елбасымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Елбасының қолдауымен біз де өсіп, білім алып жатырмыз. Болашақта үлкен азамат боламын деп сенемін.
Құндызбаев Нұрлан Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылы Т.Кенжебаев атындағы орта мектеп 4 «ә» сынып оқушысы
Ана
О, құдайым жараттың ғой ананы
Жараттың ғой ана менен ғаламды
Ана, ана, не деген керемет ең
Анаға сен, бұл сөз айтып жүрер ұранмен тең
Ана сөзі үш әріптен құралса да
Мағынасы тереңдегі қамалмен тең.
Анаға қайтаратын міндеттерден құтылу,
Адамзаттың ойындағы арманмен тең.
Набиева Алтынай М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының 6-сынып оқушысы
«Кітапхана – абыройлы мамандық»
№2 Облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының балалар әдебиеті бөлімінің ұйымдастыруымен «Кітапхана – абыройлы мамандық» атты бенефис шоу болып өтті. Эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп беріп отырған, ой-өрісі кең, жан-жақты, білімді, парасатты кітапханашылардың орны өзінше бір бөлек. Осы кешті әріптесіміз Зайра Сансызбайқызына арнадық. Мақсатымыз кітапхана саласы ақпарат және білім орталығы ретінде, ақпаратты беру мен табу, іздестіру жолдарын білуде кітапханашы мамандар бірінші кезекте, жоғары ақпаратты біліммен қаруланған, өз ісінің шебері, әмбебап маман болу керектігін насихаттау. Кітапханашының еңбегі қоғам мен мемлекеттің дамып, өркендеуіне өте қажет әрі маңызды мамандық екендігін, ешкім жоққа шығара алмайды. Бенефис шоудың дәстүрі бойынша, келген қонағымызға сый-құрметпен біз сыйлығымызды табыстадық. Келген қонақтар, оқырмандар, әріптестер Зайра апайға асу-асу белестер, табыстан табысқа жете беруіне өз тілектерін білдірсе, апайымыз кітапханашы мамандығының біз білмейтен қырларынан ой бөлісті. Кітапхана дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы. Кітапхана оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын сиқырлы да киелі орда. Бүгінде рухани өміріміздің өзегі іспеттес ғылымды, білімді жеткіншек ұрпаққа насихаттауда, рухани мәдени байлығымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде өздерінің елеулі үлестерін қосып келе жатқан өзіндік тұлға, ол – кітапханашы.
Альмағанбетова Айгерім Арқалық қаласындағы №2 облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының балалар әдебиеті бөлімінің кітапханашысы