2017 мамыр Балалар бақшасы

Көктем
Бәйшешек пен қызғалдақ
Тек көктемде өседі.
Бар балалар асыға,
Наурызды күтеді.
Тілеужанов Төлеген
***
Көктем келді алақай,
Қуанды барлық балақай,
Жер –ана гүлдеп көгерді,
Шаттыққа бөлеп баршаны.                      
Шөкенова Жұлдызай Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Аралтоғай ауылы, С.Оразалин атындағы орта мектептің 2-сынып оқушылары 

Бірлігі берік елміз біз!
Қазақ – өте отансүйгіш халық. Тәуелсіздік жолында талай өткел-сындарда сағысынбаған, сүрінбеген, моймыған қазақ осы күнге аман-есен жетті. Қазақстан егемендік алғалы да талай биіктерді бағындырды. Экономикамыз көтеріліп, халықтың әл-ауқаты жақсарды. Еңбек еткен жанның алға қойған мақсатының орандаулына бар мүмкіншілік жасалды. Диқандар, малшылар үшін мемлекет тарапынан атаулы көмектер қарастырылған. Мен бүгінгі күнді «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман деп түсінемін. Мұның бәрі де бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарғанымыздың арқасы. Елдің ортақ мүддеге жүгінгенінің, қасиетті Отанымызды гүлдендіруге жұмылғанының нәтижесі. Әрқашан осындай бірлігімізді, ынтымағымызды сақтайық дегім келеді.
Телағысова Жансая Дарын мектебі (Ақтөбе) 7 б сынып оқушысы

Ерлік ұмытылмайды!
9 мамыр – жеңіс күні тарихи күн. Мен соғысты көргенім жоқ. Мен Тәуелсіз Қазақстанда, бейбіт өмірде дүниеге келдім. Соғыс туралы кинодан көріп, кітаптан оқып білемін. Біздің аталарымыз бен әкелеріміздің қайтпас қайсарлығы мен өшпес ерліктері – бүгінгі ұрпақтар үшін үлгі. Жеңіс – біздің ата-бабаларымыздың батырлығы, бұл күн табандылық пен ерлік мерекесі. Аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы атамыз, батыр қыздар Мәншүк пен Әлия, Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев, ұшқыш қыз Хиуаз Доспанованың ерліктерін неге ұмытамыз! Жеңіс күні – Отанға, туған жерге сүйіспеншілікті дәлелдеген күн. Соғыстың болуын қаламаймын, ардагерлерді мақтан тұтып, жадымыздан шығармаймыз. Ерліктері жадымызда қалып, өнегесі болашаққа күш, қуат, рух береді. Бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған аталар, апалар ерлігі ешқашан ұмытылмайды!
Альмусина Зарина Астана қаласы №48 мектеп-лицейдің 4 «г» сынып оқушысы

«Әкеме»
Асқар таудай әкешім,
Біздің үйдің тірегі.
Әкем менің қашан да,
Бізді мақтап жүреді.
 
Жіберсек біздер қателік,
Үнемі бағыт береді.
«Бөбегім» деп мәпелеп,
Әрдайым қолдап жүреді.
 
Әкемізді қашанда,
Өнеге, үлгі тұтамыз.
Керек қой әке балаға,
Осынау үлкен ғаламда.                                                           
Асылбек  Әділет  Медетұлы Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Алтықарасу мектеп-балабақшасының 2-сынып оқушысы
***
А мен ə ағайынды 
Хан патшайым сияқты. 
Б мен в ағайынды 
Күзетшілер сияқты. 
Г мен ғ ағайынды
Егіз балалар сияқты. 
Д мен ж, з ағайынды
Немерелер сияқты. 
Е мен ё ағайынды 
Ай мен күн сияқты.
И мен й ағайынды 
Екі дос сияқты.
Барлық əріп ағайынды бір-бірімен 
Аға менен інілерімен!
Қазыбек Айғаным Марғұланқызы 9 жас Астана қаласы, №73 мектеп-лицей

Тәуелсіз қазақ елінің болашағын бірге қалаймыз!
Тәуелсіздік – қандай керемет сөз десеңші! Осы сөзді естігенде ең алдымен көзіме көгілдір аспанда қос қанатың көкке жайып ұшқан тәуелсіз қыран елестейді. Менің бала көңіліме дүние жүзіндегі ең бақытты тіршілік иесі осы қыран секілді сезіледі. Сол қырандай мен де Қазақстан деп аталатын тәуелсіз мемлекеттің бақытты ұланымын! Мен тәуелсіздігімді мақтан етемін. Тәуелсіздік жолында құрбан болған аға-апаларымызға басымды иемін. Біздер тәуелсіздікке оңайлықпен қол жеткізбегенімізді білеміз. Халқымыздың егемендігі жолында құрбан болғандарды ақтау үшін көп еңбек еткен жазушы ағамыз: Мұхтар Шахановтың «Желтоқсан тағылымы» поэмасын оқымаған қазақ кемде-кем шығар. Осыдан жиырма бес жыл бұрын Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекетке айналды. Сол кезден қазіргі кезге дейін тәуелсіз дамып өркендеген мемлекетпіз. Тәуелсіз Қазақстанның болашағын бірге қалайық. Ол үшін оқуымызды жаксы оқып, алдымызға үлкен мақсаттар қойып, сол арман-тілектерімізге жетуге талпынуымыз қажет. Қазақстанға оңай келмеген Тәуелсіздікті қастерлей, қадірлей білейік!
Алиева Гүлнұр Орал қаласы, Шыңғырлау ауданы

Мәншүк Маметоваға
Соғыстың дәмін тартқан зардаптарын,
Қыз болсақ та көтеріп, салмақтарын.
Қазақ қызы қаһарман Мәншүк апам,
Есімін мақтан тұтып ардақтадым.
Асынып қаруларын қан майданда,
Соғысқа тым бекініп сайланған ба?
Ерлігімен қазақ үшін басын тікті,
Өз жанын сақтауды ол ойланған ба?
Шығыстың ақ шынары топ жұлдызы,
Соғыстың бұйырды ғой дәм мен тұзы.
Қазақ үшін қан майданға араласып,
Батылдығын танытқан қазақ қызы.
Дүйсеш Нұрай 11 жас Қызылорда облысы,  Жаңақорған ауданы
  
Отан
Отан десе оралады ойыма -
Туған жерім, құт мекенім, дариям,
Ақ сақалды абық атам, қариям,
Қанатымды қағып ұшқан жанұям.
Осы жолды аңсап еді еліміз,
Нұр шуаққа бөленеді жеріміз.
Мақтан етер бай мұрам бар, салтым бар,
Мен сүйетін қалың қазақ халқым бар.
Набиева Алтынай М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының 6-сынып оқушысы
 
Аялы маған алақаны анамның
Мен сүйікті журналым «Балалар әлемімен» өзімнің жақсы жаңалықтарыммен бөліскім келеді.
Балалар шығармашылығын дамыту, қолдау және олардың өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында «Нұрлы жастар» республикалық орталығы 2016 жылы қазан айының 24-27 аралығында Алматы қаласында республикалыцқ «Жастар жаққан жұлдыз» шығармашылық конкурсын ұйымдастырған болатын. Байқауға қатысқан өнерлі балалар шығаршылық жетістіктерімен алмасты. Конкурс қорытындысы бойынша мен көрме номинациясында II дәрежелі лауреат дипломымен марапатталып, медальға ие болдым. Байқау балалардың эстетикалық талғамын тәрбиелеуде маңызы зор шара болды деп есептеймін.
2017 жылдың 20-наурызында «Аялы маған алақаны анамның» атты балалар мен жасөспірімдер арасында республикалық көркем сөз, ән-би, шығармашылық байқауы өтті. Байқаудың мақсаты – балалардың анаға деген махаббатын арттырып, ана мейірімін бағалай білуге тәрбиелеу, ана алдындағы балалық парызды ұғындыру. Байқауға еліміздің барлық өңірінен көркем сөз оқу шеберлігін игерген, дәстүрлі ән орындайтын әнші, биші, ақын, қандай да бір аспапта ойнайтын талантты оқушылар қатысты. Мен өз мектебім атынан көркем сөз номинациясы бойынша қатысып, үздік деп танылып, 1-жүлдеге ие болдым, дипломант атандым. Мені өнерге баулып, бойымдағы дарынымды жетілдіріп жүрген, Жүсіп Баласағұнның: «Әр бала жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет» деген сөзін ұстанатын ұстазым, сынып жетекшім Жүнісова Фариза Тілеуқабылқызына алғысым шексіз. Мен алдағы уақыттарда да білім мен өнердің биік шыңдарын бағындырамын деп сенемін.
Ким Томирис №177 жалпы білім беру мектебі 2 «в» сынып оқушысы, Алматы қаласы 

Ертегі сыр шертеді...
Балаларға халық ауыз әдебиетінің ішіндегі ең жақыны ол – ертегі. Бүлдіршіндерді жақсылыққа үйретіп, жамандықтан жирендіретін, тәрбиелі болып өсуіне сәби кезінен септігін тигізетін ертегінің кімнің де болсын өмірінде алар орны ерекше. Облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында 2015 жылдан бастап жүргізіліп келе жатқан сиқырлы  «Ертегімобиль»  жобасы ертегінің тұлғаның дамып, қалыптасуында тигізіп келе жатқан ықпалы зор.  Аталмыш жоба 2017 жылда да өз жұмысын жалғастыруда. №18 «Радуга» мектебі шағын орталығының бүлдіршіндері биылғы жылда сапарын бастаған «Ертегімобильдің» алғашқы жолаушылары болды. Музыкалық және «сөйлейтін» кітаптарды қызыға тамашалай отырып, бүлдіршіндер ертегілер тыңдап, шығармалардың атауын тапты.
«Әжейдің қызықты ертегілері» атты шығармашыл оқырманды тәрбиелеу  бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан шаралар кітапхана қабырғасында өз тыңдаушыларын асыға күткен әжейдің қызықты ертегілеріне толы. Бұл өшпес зор туындылар, қызықты жобалар  бала болашағының мәнді, мақсатты көзқарасын тудырары сөзсіз. Сондықтан да бізбен бірге ертегілер әлеміне саяхат жалғаса бермек!
Бөкенова Дана Серікқызы маркетолог кітапханашы Облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы