2017 ақпан Балалар бақшасы

Табиғат
Баяғы өткен заманда әнші қасқыр түлкіге келіп "әншімін, баймын, ал сенің қандай өнерің бар", - деп мақтаныпты. 
Түлкі:  
- Мен биші боламын, менің қолымнан би өнері келеді,- депті. 
Қасқыр сонда түлкіге: 
- Ал онда мен ән айтамын, сен сол әнге билейсің,- депті. Сөйтіп екеуі ән айтып, би билеп орманды көңілді етіпті. Содан бері қасқыр мен түлкі айырылмас дос болыпты.
Батыралиева Азиза Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылы, 3 "б" сынып оқушысы

Өскенде кім боламын?
Бұл өте қиын таңдау. Мен бұрын дəрігер болуды армандайтын едім, қазір өз анаммен ұстазыма қарап мұғалім болғым келеді. Мен оларға қарап қатты қызығамын, ал тіпті кейде мен сəнгер болғым келеді, өзімді кейде сəнгер етіп елестетемін. Бізге мұғалім осындай тақырыпта шығарма бергенде мен таңдай алмай қиналамын. Бəлкім бізге бұл туралы ойлау əлі ерте сияқты. Шынымен де мен өскенде кім боламын?
Шөкенова Жұлдызай 8 жас Ақтөбе облысы, Аралтоғай селосы

Жаңа жылым
Жаңа жыл келді еліме,
Жаңа жыл келді жеріме
Өмірді бөлейтін шаттыққа,
Көңілді бөлейтін бақытқа
Жаңа жыл – жаңа қадам, жаңа бақыт
Жарқырап жайнай бергің жаңа уақыт
Жаңа жыл – асыл арман, асқақ сезім,
Жүректі бөлейсің сен сағын кезім
Жаңа жылым құтты болсын ағайын,
Жаңа жылым құтты болсын мың елім
Өте берсін жарқырап әр жылдарда
Жаңа жылым көңілді уақыттарда
Тауық жылы келді, міне, халайық,
Мешін жылын зерделеп еске алайық
Ескі жылым есіркеп, Жаңа жылым жаңырқа!
Әсемай Үттібаева 10 жас Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Сарға селосы  

Ана
Түн ұйқысын төрт бөліп, бізді бақққан,
Еркелетіп ойнатып күлім қаққан.
Күндей күліп, әрқашан жадыраған,
Ақ сүт беріп, өсірген, мәпелеген.
Нұрланқызы Нұрбақыт 11 жас Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қоныстану селосы
 
Өтірік өлең
Қаңтар айы келгенде,
Құстар әнін салғанда,
Дала гүлге оранды.
Ат жарысы болғанда,
Ешек қостым жарысқа.
Көк ешегім жарыста,
Сауырына қамшы салдырып,
Талай атты қалдырып,
Жеңіп алды бәйгені.
Асылбек Әділет 2 сынып оқушысы Ақтөбе  облысы, Темір ауданы Алтықарасу-мектеп балабақшасы 
 
Ел ертеңін ойлаған Елбасы
Мен өз елімді мақтан етемін. Тұңғыш Президентіміз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Тәуелсіз Қазақстан мен елбасымыз бір-бірінен ажырамас, егіз ұғым іспеттес. Елбасымыз жиырма жылдың ішінде халқымызды үлкен жетістіктерге жеткізді. Біз әлем таныған мемлекетке айналдық. Елбасының ұсынысымен бас қаламыз Астана қаласы күннен-күнге құлпырып жайнап келеді. Астана – өте әсем қала. Астанада Есіл өзені ағып жатыр. Жағасында зәулім ғимараттар салынған. Елбасының жастарға өте көп көңіл бөліп, 2050 бағдарламасы бойынша үй беріп, жұмыспен қамтамасыз етіп жатыр. Осындай игі істерде елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үлесі зор. Ел қамын ойлаған елбасымызды Отанымыздың тірегі деп түсінемін және әрдайым мақтаныш етемін.
Халқы үшін жақсы адам,
Шырқайықшы асқақ ән
Елбасыммен мақтанам,
Елі оны мақтаған.
Бағдатова Шұғыла, 4 сынып оқушысы Ақтөбе облысы, Алтықарасу ауылы 
 
Тәуелсіздік күні
Көк аспанда ұлы күн,
Самға мәңгі адал ту.
Тәуелсіздік күні бүгінгі,
Құтты болсын бәріне!
Еркін Айсана 9 жас

Менің жүрегім Отаным деп соғады
Отан дейміз кең байтақ астананы,
Жасыл жайлау жаңа жол, жас қаланы.
Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ,
Ол бірақ өз үйіңнен басталады – деп Өтебай атамыз жырлағандай Отанды сүю құрметтеу әркімнің отбасынан басталады.
Отан... осы сөздің өзінде қаншама сөз, қаншама мағына  жатыр. Отан кім-кімге де қымбат, қасиетті емес пе ?! Қазақтың мен деген қас батыры Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай : "Отан үшін отқа түссең , күймейсің", демекші мен кішкентай болсам да өз отаныма деген  сүйіспеншілігімді оған деген сезімімді ақ қағазға түсіруге талпындым. Кімде-кім өз отбасын сыйламаса, демек отанын да сыйламағаны. "Отансыз адам – ормансыз бұлбұл"- деген дана халқымыз. Ал әрбір адам үшін ең қымбат, ең ыстық қасиетті ұғымның бірі – Отан. Құсқа ұшу үшін қанат, балыққа жүзу үшін су қажет болса адамзат үшін Отан да сондай қажет. Менің Отаным – Қазақстан . Менің ата-бабам, ата-анам , бауырларым, осы өлкеде туылған. Мен өз Отанымды жақсы көремін және осында туылғаныма қуанамын. Осы қуанышымды Мұқағали ақынның өлең жолдарымен білдіргім келеді.
Мен оның күнін сүйем, түнін сүйем,
Ағынды өзен асқар тау, гүлін сүйем.
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Мен тәуелсіз елдің ұланымын. Өскенде де отанымды мақтан етіп, атын жарияға жар салатын ұланыңның бірі боламын дегім келеді. Қазақстанның болашағы біз сияқты болашақ ұрпақтың қолында. Ал мен соның дамуына теңізге тамған тамшыдай болса да үлесімді қосуға әрқашан дайынмын дегім келеді. 
Наурызбай Рахымжан 3 сынып оқушысы ОҚО облысы, Түлкібас ауданы Жетекшісі: Сейдалиева Әнипа