2016 қыркүйек Балалар бақшасы

Ұстаз
Өмір мектеп, кітап тұнған тіршілік,
Жетелейді дәйім алға бір үміт.
Ғұмыр бойы сол мектепте оқисың,
Егілгендей жер бір шыбық.
Ұстазымыз әріптерді үйреткен,
Ренжіткенде шығармын-ау сірә мен.
Қатарымнан қалмай бірақ ілесіп,
Алға ұмтылдым адал таза жүрекпен.
Асылбекқызы Шұғыла 9 жас Атырау қаласы, Мақат ауданы

Ұстаз
Ақылшы асыл ұстазым 
Өзіңе мен де ұқсармын.
Жеткенше қайрат күш-әлім
Биікке самғап ұшармын.
Нұрай Қанатқызы 11 жас Өскемен қаласы

Әліппе
Үйретеді әліппе 
Қырық екі әріп те.
Ең алғашқы кітабың
Әліппені дәріпте.
Халматова Марал 7 жас Алматы қаласы

Қазақстан
Байтақ далам қарашы,
Республикам осы менің.
Молшылық, байлық даласы
Тәуелсіздігін алған елім.
 
Ту
Көк аспанда туымыз
Туды тіккен батыр бар
Мақтанамын көк тумен
Қошқар мүйіз оюлар
Жармұхамбет орта мектебі 4 "ә" сынып оқушысы Керімбекова Жібек
 
Өтірік өлең
Дөңгеленіп бүйірі
Өрістен кеп тұрады.
Біздің үйдің сиыры
Күнде бұзау туады.
Гүлхан 11 жас Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы 

Біржан сал
Біржан ақын Арқадан.
Ащы айғайға басқанда,
Аққуға әнін қосқанда.
желпілдеген түндік те,
Түндік түгіл аспан да.
Дауренқызы Раушан 8 жас Атырау қаласы
 
Ана
Ана деген күніміз,
Өміріміз, гүліміз,
Жырлап жүрген жырымыз,
Аппақ жүзді нұрымыз.
 
Бесік жыры
Әлди, әлди батыр ғой,
Жайлы төсекке жата ғой,
Тәтті ұйқыға бата ғой,
Төсегіңде түс көріп,
Рахатыңа бата ғой.
Шалқар Дина 3 "б" сынып оқушысы Алматы облысы Шелек ауылы
 
Куә болған оқиға
Үлкеннің өсиеті
«Алыс та болса жақын, жақын да болса алыс жол бар» деген сөзді атам жиі айтып отыратын. Жаздың қызықты күндері аяқталып қалды. Сабақ басталуға жақын. Көршімнің баласы Сырым екеуіміз мамама еріп, жәрмеңкеге жиналдық. Онда оқу құралдарының түр-түрі бар, керегіңді қиналмай-ақ табасың. Алатын заттарымызды тізбелеп, жеткенше асығып келеміз. Кенеттен Сырым лаң шығарды. «Жер асты жолымен айналып жүргенше, жолды тік кесіп өткен жылдам», - деп жүгіре жөнелді. Мамам қолынан ұстап үлгермей де қалды. Ол жерде «ақ жолақ» болса жөн-ау! Зуылдап келе жатқан такси аяқ астынан шыға келген Сырымды қағып кетті. Қорыққанымнан не болғанын білмеймін. Мамам жедел-жәрдем шақырыпты. Мейірімді кісілер көмекке келіп, есімізді әрең жинадық. Сырымды жедел-жәрдем ауруханаға алып кетті. Сол күні жәрмеңкеге қатыса да алмай қалдық. Алыстау болса да, жер асты жолымен өткенде ғой, мұндай болмас еді-ау! Атамның сөзінің мағынасын енді ұқтым.
Алматы қаласы М.Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназияның 4 «Ә» - сынып оқушысы Асқар Адиля
 
Астана арман қала
Астана – елдің  айнасы, еліміздің кіндік қаласы. Сондықтан оның өзгеге ұқсамайтын өз бет-бейнесі бірден-ақ аңғарылды. Бір кездегі облыс орталығы болған қаланың міне, енді өндірісі жан-жақты дамыған, мәдени-тұрмыстық жағдайы кеңнен өркендеген орталықтардың біріне айналуы, Елбасының жүргізіп отырған сындарлы саясатының жемісі екеніне әрине дау жоқ. Біз Астананың қалыптасуының куәгерлері және осы ауқымды зор жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін көзбен көру бақытына ие болып келеміз. Биылғы жыл Астана қаласына 18 жыл. Бас қаламыздың туған күніне орай аудандық орталық балалар кітапханасы «Астана арман қала» атты әдеби сазды кеш ұйымдастырылды. Бұл кешке «Қаламқас» балабақшасының «Ертөстік» тобының бүлдіршіндері ат салысып, өз өнерлерімен билерімен көрермендерді тамсандырды. Кешке көрермен қонағы болып «Жұпар» балабақшасының бүлдіршіндері келіп ат салысты. Астанамыздың туған күніне «Қаламқас» балабақшасының бүлдіршіндердің ата-аналары мен ажелер келіп, Астана күнін құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп жатты. Кеш соныңда бүлдіршіндерге тәттілер таратылып, ән-бимен жалғасты.
Қостанай облысы, Аманкелді ауданы Аудандық орталық балалар кітапханасының кітапханашысы Қабылдина Жазира