Балалар әлемінің достары
Мен 4 сынып оқушысымын. "Балалар әлемі" журналын оқығанды жақсы көремін. Мен журналдың жумбақтар мен қызықты әңгімелерін қызығып оқимын. Өзіме керекті мәліметтерді де аламын. "Балалар әлемі" журналында денсаулыққа, әдептілікке, тағы басқа тақырыптарды оқып аламын. Біздің сыныпта жиырма үш бала бар. Олардың барлығы ай сайын "Балалар әлемі" журналын қуана алады. Бұл журналдың арқасында білмегенімді біліп, көптеген жаңа мәліметтер алып отырамын. Көптеген ертегілер оқимын. Оларды атап өтсем: "Уәзір мен шал", "Зерделі", "Менің сүйікті пайғамбарым", "Ғибратты оқиғалар", т.б. "Балалар әлемі" журналын оқыған әңгімелерімді сыныптастарыммен бөлісемін. "Балалар әлемі" журналы балалар мен жасөспірімдерге арналған журнал. Осы журнал балалардың ой-өрісін, сөз байлығын кеңейтетін, еңбек сүйгіштікке, отан сүйгіштікке тәрбиелейтін басылым. "Балалар әлемі" журналына шығармашылық табыс тілеймін. Бұл журналдың оқырмандары көп болуына тілектеспін!
№102 ЖББ орта мектебі 4 "а" сынып оқушысы Бекенов Бекжан Алматы қаласы
Мамыр айы – шаттық айы
Мамыр айы шуағын шашып келді. Мамыр айы – мерекелер айы. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. 9 мамыр – жеңіс күні болса, 25 мамыр – соңғы қоңырау. Бұл күні жас түлектер мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қадам басады. Менің әпкелерім Арай мен Жанай да солардың бірі. Мен барша Қазақстандықтарды мамыр айының мерекелерімен құттықтаймын және барша мектеп бітіруші түлектерге ақ жол тілеймін.
Алимбаева Асемай 11 жас Талғар ауданы, Жалқамыс ауыл
Атамның денесі неге түршігеді?
«Соғыс» деген сөзді естігенде атамның денесі түршігетінін байқаймын. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына байланысты бейнефильмдерді көріп отырып, көзіне жас алғанын көрдім. Шыдай алмай, қасына барып сұрадым.
Атам: «Е-е-е-балам! - деп күрсіне маған қарады:
- Соғыстың зардабын білгеніңді де, білмегеніңді де қалаймын. Менің денем неге түршігетінін есейгенде түсінерсің, «қоңыр қозым» - деп басымнан сипады.
- Соғыс басталған жылы мен сендей едім. Соғыстың не екенін жақсы білетінмін. Ал сен білмейсің. Білмегенің де жақсы ма, бәлкім. Мен бір-ақ нәрсе айтайын, осы бір сөздің терең мән-мағынасын білмегенің – соғысты басыңнан өткермегендігің. Кімдердің арқасы деп ойлайсың? Отан үшін от кешірген, су кешкен батыр аталарыңның арқасы. Батыр аталарыңды біліп жүргейсің, олардың бастарынан кешкен қиындықтарын біліп, түсініп жүргейсің. Ең бастысы олар қазір біздің арамызда, ал олар арамызда жүргенде «соғыс» дегеннің не екенін, не үшін соғысқандығын сұрап жүргейсің. Себебі, олар азайып бара жатыр, оларға қамқорлық көрсетіп жүргейсің. Достарыңды да соған баулып жүр. Атаң тірі тұрғанда ақылы мен нақылын ойыңа түйіп жүр жарайма! – деді.
Атам соғыс кезіндегі көрген бар қиындықтарын нақышына келтіріп айтып берді. Атам әңгімені жақсы айтады. «Соғыс» деген не екенін, атамның денесі осы сөзді естігенде неге түршігетінін түсінгендей болдым. Шіркін, қолымнан келсе ғой, қолымнан келсе «соғыс» деген сөзді әлемдік сөздіктен алып тастар едім.
Сәлім Сәбира 9 жас Павлодар облысы, Лебяжі ауданы, Шақа ауылы
Атамның әңгімесінен...
Атам маған біздердің ең бақытты бала екенімізді үнемі айтып отырады.
Өздерінің бала кезіндегі көрген қиыншылықтарын, осы күнге жету үшін талай аға-апаларымыздың өмірден өткенін айтады. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы деген сөзді естігенде көзіне жас алып, «балам, бізге жеңіс сыйлағандарды ешқашан ұмытпаңдар,ештеңе оңайлықпен келген жоқ»,- дейді.
Мен де атама «ешкім де, ешнәрсе де ешқашан ұмытылмайды»,- дегім келеді.
Мерекеев Саят 8 жас Орал қаласы
Менің атам майдангер
Нағашы атам – Құмаров Қали 1920-жылы Гурев облысы Есбол ауылында дүниеге келген. 1940 жылы әскер қатарына шақырылған. Батыс Белорусиядағы 41-дивизияның үшінші полкіндегі бірінші атқыштар батольонының қатарындағы жауынгер болған. Нағашы атам қалған өмірінде туған ауылындағы балабақшада шаруа меңгеруші қызметін атқарған. Бірнеше рет алғыс алған. Ерлігі үшін және де Германияны, Жапонияны жеңгені үшін медальдармен марапатталған. Ол өмірінің соңына дейін аяулы әке, ардақта ата бола білді.
Ильяшова Асым 10 жас Атырау қаласы
Ұлы Отан соғысы (1941 — 1945 ж.ж.)
Екінші дүниежүзілік соғыс 1939 жылы Германияның Польшаға шабуылымен басталды. КСРО-ны жеңгеннен кейін фашистер Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстан аумағында Гросс-Түркістан рейхкомиссариатын құру, ал Қазақстанның Орталық, Солтүстік, Солтүстік Шығыс аудандарында Қарағанды, Новосібір және Кузнецк «Индустриалды облыстарын құру жоспары болды». Соғыстың алғашқы күнінен бастап Қазақстан майдан арсеналдарының біріне айналды (арсенал – күш-қуат, қару-жарақтар қоймасы).
1941–1945 жылдары барлығы 480 зауыт, фабрика, кеніш, шахта және өндіріс орындары салынды. Республикада өнеркәсіп өндірісі соғыс жылдарында 37 пайызға өсті, бұл соғыстың алдындағы төрт жылдағы өнімнен 2 пайыз жоғары болды. 1941–1945 жылдары Қазақстанның ауыл-село еңбеккерлері майданға 5829 мың тонна астық, 734 мың тонна ет және басқа азық-түліктер, өнеркәсіп үшін шикізат берді.
Соғыс жылдарында Кеңес Армиясының қатарына 1 млн 200 мыңнан аса қазақстандықтар шақырылды, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да әскери бөлімдер құрылды. Майданға 14,1мың жүк және жеңіл автомобильдері, 1,5 мың шынжыр табанды трактор, 110,4 мың жылқы жіберілді. Жүздеген мың қазақстандықтар ерлігі үшін ордендермен және медальдармен марапатталып, қазақстандық 500-ден астам жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алды, оның ішінде екі қыз – Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова болды. Төрт қазақстандық Т. Бигельдинов, С. Луганский, И. Павлов, Л. Беда екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Рейхстагта Р. Қошқарбаев жеңіс туын тікті. Соғыстан кейін Батыр жұлдызы көрнекті әскер басшысы Б. Момышұлына берілді.
1933 жылы Германияда фашистік партия сайлауда жеңіске жетеді, оның жетекшісі Адольф Гитлер елде қатал тәртіп орнатты. Гитлерлік Германия өзінің соғыс жоспарын 1939 жылы бастады. 1939 жылы 1 қыркүйекте Германия Польша жеріне басып енуімен Екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Германия 1941 жылы өзінің басты қарсыласы деп есептеген КСРО-ға аяқ тіреді. Біздің әдебиетімізде бұл Ұлы Отан соғысы деген атпен белгілі.
Жолдаған: Алихан Нұрекеш Әлкенұлы 10 жас Ақтобе облысы, Темір ауданы
Жеңіс жыры
Соғыс өрті жалмады бар қазақты,
Көтерді халық қасіретпен азапты.
Майданға барлық ерлеріміз аттанып,
Зұлмат өмір болды ғой бұл тозақты.
Соғысты ерлер, жері үшін, байтақ ел үшін,
Қорғай да білді Отанын әсем жер үшін.
Ерлеріміз жеңістің көріп алауын,
Көтерді биік жеңістің әсем жалауын.
Жеңіс, жеңіс естіледі жағымды,
Жеңіс, жеңіс қоңыраулар қағылды.
Жанарлардан алтын шуақ шашылып,
Әуендерде шырқалады жағымды.
Өршіл рух көтерген,қазағым менің қайсарым,
Міндетін мықты өтеген байлығы мол жайсаңым.
Еліне пайда келтірген жомарт елім қазағым,
Борышын да өтеген туған жерім қазағым.
70 жыл толды Ұлы Отан соғысына,
Жеттік біз бейбітшілік заманына.
Халқымызды дархан жерге балайын,
Тату-тәтті, ғұмыр кешсін ағайын.
Қарабай Нұрсәуле Әмірәдинқызы 14 жас Арал ауданы Сексеуіл кенті
Қазақ тілі сабағы
Дыбыс, әріп, сөз, сөйлемді,
Сөз табы мен шылауды,
Білсінші деп жас ұлан.
Қазақ тілі сабағын ,
Ұсыныпты ағалар.
Алматы қаласы, №156 ЖББМ 2 «в» сынып оқушысы Еркіндәулет Жасмин
Әлия
Даламыздың даңқысын,
Балауса гүл- балғын қыз.
Жанын қиып халқы үшін,
Жанып түскен ақ жұлдыз.
Мәңгі жасап жерде енді,
Биік бол деп таулардан,
Сенің балғын бейнеңді
Жасап қойдық мәрмәрдан.
Бірге соқсын дүрсілдеп,
Туған жермен жүрегің.
Ауасында жүрсін сен-
Әнге қосып жүр елің.
Жолдаған: Рысбек Гүлназ 8 жас Қарағанды қаласы
Ана
Әр үйдің шуағы, сен,
Әр үйдің берекесі, сен.
Әр үйге бақыт сыйлаған,
Қасиетті жан тек, Ана.
Алматы қаласы, №156 мектебінің 3 «г» сынып оқушысы Аликул Медина
Соғады жүрек
Алматы қаласындағы, нөмері №102 Жалпы білім беретін орта мектептің
мұғалімі, Қ.А.Нұрмухаеваның жетекшілігімен «Соғады жүрек» атты, қазағымыздың
ақиық ақыны М.Мақатаевқа арналған ашық сабақ өтті. Негізгі мақсаты, оқушыларды ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы жан-жақты мәлімет беру, сонымен қатар ақынның өлеңдері мен шығармашылығын түсініп жатқа, мәнерлеп оқуға дағдыландыру. Ашық сабақ барысында ақынның портреттері, слайдтар және де интербелсенді тақта қолданылып, ақын М.Мақатаев жайлы тың деректерді толыққанды білуге көп септігін тигізді. Сонымен қатар биыл Қазақ Хандығының
құрылғанына 550 жыл. Қазақ Хандығының алғашқы жылдары, алғашқы қазақ хандары
жайлы да тақырыптар аталып өтілді. Оқушылар ашық сабақты М.Мақатаевтың «Райымбек, Райымбек» атты поэмасына шағын көрініс қойды. Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаевтың шын есімі
Мұхаммедқали екендігін біріміз білсек, біріміздің білмейтінідігіміз анық. Сабақ барысында ақынның танымал туындыларынан өлеңдер оқылып, әндер шырқалды. «М. Мақатаев - қазақ тарихындағы ең оқырманы көп, қалың халық басты жанашыры болған суреткер. Ол ең алдымен ақын, қазақ жырының құдыреті» - деп Фариза апамыз айтқандай құдыретті жырларын халыққа арнап, санаулы
ғана ғұмырында өшпес із, мол мұра қалдырған талант иесі. Хан тәңірі, қазақтың ақиық мұзбалақ ақыны, Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев.
Мәншүк пен Әлия
Соғыстың қара көзінде,
Қазақ елі қырылды.
Мәншүк пен Әлия
Қос жұлдыз боп табылды.
Гүлсезім 8 жас Алматы облысы, Боролдай кенті
Туған жер
Менің туған жерім Іле Алатауының бөтерінде көркейіп тұрған әдемі Алматы
қаласы. Алматыда көптеген саябақтар және су бұрқақтары бар. Қаламызда
көптеген кинотеатр, цирк, футбол алаңдары орналасқан. Әлемге әйгілі медеу
мұзайдыны бар. Мен туған қаламды жақсы көремін.
Туған жерім қасиетті,
Құдіретіңнен айналдым.
Алматым туған жерім,
Топырағыңнан айналдым.
Сайран салып қаламда,
Сайран өзен бойында.
Сайра құрбым келгенде,
Сайран салды бәрі де.
Көк байрағы желбіреген,
Туған елім Қазақстан.
Жұпар иісі аңқыған,
Туған қалам Алматы.
Суйем сені туған жерім,
Суйем сені туған қалам.
Құдіретті Қазақстаным,
Қасиетті Алматым.
Алматы қаласы, №156 мектебінің 2 «в» сынып оқушысы Мадинова Малика