Табиғат ғажайыптары
Көктемде табиғат өте ғажап. Табиғат ғажайыптары да өте тамаша. Жаңбыр жауған соң жарқырап кемпірқосақ шығады. Табиғат жайнап, бұлбұл сайрап көктемнің одан әрі сәнін келтіреді. Табиғат ғажайыптары тіл жетпес бір байлық. Оны ешбір мықты ақын, жазушы тілмен жеткізе алмас. Біз табиғат арқылы өмір сүреміз. Ауа, су, от табиғаттың ерекше жаратылған байлықтар қатарына жатады. Жыл маусымдарына қарай ауа-райы әртүрлі болады. Мысалы, қыста суық, жазда ыстық, күзде салқын, көктемде жылы болады. Бұл да бір табиғаттың ерекше жаратылыстарының бірі. Табиғатты қорғап, ауаны ластамасақ, біздің табиғатымыз таза әрі әсем болады.Табиғат ғажайыптары дегеніміз осы.
Әлімбаева Әсемай 11 жас Талғар ауданы Жалқамыс ауылы
Күлкі күні
1 сәуір - Күлкі күні. Әзілге толы бұл күннің шыққан жылы мен тегі әлі күнге дейін беймәлім. Алайда, шығу тарихының бірнеше нұсқалары бар.
Көптеген христиан дінін ұстанатын елдер 1 сәуірде күн мен түн теңелуі мен Пасха мерекесін атап өткен. Мереке күні күллі жамағат ойын-сауық құрып, әзіл-қалжыңға толы әрекеттермен көңілдерін көтеретін. Бұл дәстүр әлі күнге дейін жалғасуда.
Күлкі күнінің шығу тарихы туралы келесі әңгіме 1582 жылы Рим папасы Григорий енгізген григориан күнтізбесіне көшумен тығыз байланысты. Орта ғасырларда Жаңа Жыл мерекесі 1 қаңтарда емес, наурыз айының соңғы күндері тойланатын. Жаңа Жылды тойлау 25 наурыздан бастау алып, 1 сәуірге дейін жалғасатын. Мерекеде апта бойы әзіл-қалжыңға толы әрекеттер жасалып, көңіл көтерілетін. Жаңа күнтізбеге көшкен соң, бұл дәстүр өз күшін жоғалтқан жоқ. Жаңа Жылды тойламаса да, әзілге жақын жамағат ойын-сауықты жалғастыруды тоқтатпады. Кейбір деректерде күлкі күні Ежелгі Үнді елінен шыққан делінеді. Үндістанда 31 наурызда әзіл-оспақ күні атап өтіледі. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, Ежелгі Рим күлкі күнінің шығуына себеп болды. Ақпан айының ортасында Зердесіздер мерекесі тойлана бастады. Күлкіге толы мереке сәуір айына дейін жалғасатын.
18 ғасырда күлкі күні кеңінен танылып, ауқымды әзілге толы шараға айналды. Күлкі күнінде міндетті түрде өзгелермен әзілдесіп, барлығын алдау керек. Еуропадан бастау алған бұл шара уақыт өте келе әлемнің басқа да мемлекеттеріне кеңінен таралды.
1 сәуір күні әзілге толы іс-әрекеттер мен ойындарға жол беру керек. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» дегендей, бұл күні үлкен-кіші, жас-кәріні бір алдап қоюды ұмытпаңыз.
Жазып алып жолдаған: Мәрзия 11 жас
Байқоңыр
Ғарышкерлер мекені
Қазақ жері Байқоңыр.
Қай жер саған жетеді,
Ғажап жерім Байқоңыр.
Нұраған Дария 9 жас Ақтау қаласы
Жайдарлы көктем
Көктем келді жайдарлы,
Ағаш пен гүл қуанды.
Қар еріп, гүлдер гүлдеп,
Аспанда күн күлімдеп.
Жан-жануар еркелеп,
Көктем қандай қызық деп!
Бәкібай Мирас 10 жас Павлодар облысы Баянауыл ауданы Бірлік ауылы
Құстарды қорғайық
Қарлығаш, бұлбұл, торғайда
Ағаштарды қорғайды.
Табиғатты аялап,
Ұя салып берейік.
Құстарды қорғап жүрейік!
Әлімбай Әсел 7 жас Талғар ауданы, Жалқамыс ауылы
Көктемгі қуаныш
Келді көктем күлімдеп,
Нұрын төкті бізге күн.
Барлық бала асырсап,
Қырға шықтық гүл тердік.
Айнала әсем кілемдей,
Жасыл желек жайқалған.
Күн күлімдеп қарайды,
Бізге қарай нұр шашып.
Амангелдина Айару 7 жас БҚО Қаратөбе ауданы
Отан
Отан – жерім, Отан – суым,
Отан қуат нәр береді.
Отан – ұран, Отан – туым,
Отан мәңгі гүлденеді.
Рысбек Гүлназ 8 жас Қарағанды қаласы
Менің қояным
Үйде менің көкшіл сұр қояным бар. Бұл қоянды, туысымыздың үйіне қонақ
болып барғанда берген. Екі көзі моншақтай қып-қызыл, құлақтары ұзын, өзі сондай сүйкімді әрі ойынпаз қолға үйренгені сондай, адамнан еш қорықпайды.
Әсіресе қолымнан сәбіз көрсе, қашан соны бергенше соңымнан қалмай, күшік құсап еріп жүреді. Мен қоянымды арнайы торда бағамын. Күніне екі-үш рет уақыт сәбіз және шөп беріп бағамын. Арнайы ыдысында су үнемі толып тұрады. Мен қоянымды өте жақсы көремін.
Сүйкімді менің қояным,
Дем алдыңба түнімен?
Ішің пысқан шығар сенің,
Ойнайықшы күнімен.
Су берейін шөлдесең,
Қарның ашып қалдыма?
Тойып жеп ал алаңсыз,
Шөп салайын алдыңа.
Абдрахманова Аяла Мұхтарқызы Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылы 3-ә сынып оқушысы
Көктем келді
Көктем келді құлпырып ауылыма,
Көктем жетті сән беріп даламызға.
Ағыс пенен жылғалардан су ағып,
Оянды ұйқысынан табиғат та.
Тіршілікті оятты көктем келіп,
Бар халыққа ізгілік нұрын сеуіп.
Көктем менен Наурыз тойы қатар жүрер,
Халқыма құт-береке ырыс беріп.
Құстар ұшып келеді жылы жақтан,
Бар дүние оянар күн шуақтан.
Барша жұрт асыр салып қуануда
Аман-есен шығып қысқы аяздан.
Айналама көк кілем жайылғандай,
Көктемнен табиғатта құлпырғандай.
Көктемнің жайма шуақ күнінде
Балалар да ойынға қызыққандай.
Масабаева Индира 15 жас Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы
Біздің сынып
Мен 4 «а» сыныбында оқимын. Біздің сыныбымызда 23-оқушы бар. Оның 13-і
ұл, 10-ы қыз бала. Сыныптың оқушылары өнерлі де талантты. Бұл сыныпта менің
достарым өте көп. Мен бірге оқитын достарыммен мақтан тұтамын. Мектепте
сыныбымыз үлгілілердің қатарында ілесіп келеді. Арамызда әншіде, бишіде, пысық балалар мен қыздарда бар. Сынып жетекшіміз - НурадиноваМаржан Файлуллақызы. Біздің ұстазымыз білімді, мейірімді, жақсы адам. Мұғаліммен сабақ өте қызықты өтеді. Әсіресе маған ұнайтын пән; дүниетану, еңбекке баулу, бейнелеу өнері. Мысалы, дүниетанудан біз қызықты тақырыптар, табиғат құбылыстарын, жан-жануарлар туралы өтеміз. Еңбекке баулудан әр -түрлі заттар, ойыншықтарды қағаздан, ермексаздан жасаймыз. Ал бейнелеу өнерінен натюрморт салуды үйреніп жатырмыз.
№102 ЖББ орта мектебі 4 «а» сынып Қуат Нұрмұхамед