Кітап әлемі шексіз. Кітаптың адам баласына берері көп. Ал кітап оқудың ұлт болашағы үшін маңызы зор екендігін ешкім жоққа шығара қоймас. Өйткені, білімсіз қоғам ешқашан да өрге басқан емес. Болашағымыздың көзі қарақты, көкірегі ояу, рухани байлығын мол етіп тәрбиелеудің бірі және бірегейі – баланы кітап оқуға әуестендіру екенін біз кітапханашылар жақсы білеміз. Халқымыздың қилы тарихымен, салт-дәстүрі мен өрелі өнері, білім-ғылымымен осы кітап арқылы таныса аласыздар. Жансыз болса да, бетін ашсаң адамнан бетер сайрап тұрған құдіретті зат – кітаппен балаларды достастыру мақсатымен жылдағы дәстүр бойынша, қаңтардың алғашқы күндерінде №2 облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының балалар әдебиеті бөлімі алғашқы оқырманын қабылдады. Бұл мерекеге сай кітапхана іші безендіріліп, кітапханашылар ертегілер әлеміне бүлдіршіндерді саяхатқа шақырды. Оқырмандар алуан түрлі кітаптармен және кітап кейіпкерлерімен танысып, қазақ аңызының кейіпкері Алдар Көсенің қойған сұрақтарына жауап берді. 2017 жылдың «Бірінші оқырманы» деген атаққа Родина орта мектебінің даярлық сынып оқушысы Тұрақ Нұрперзент ие болды. Кішкентай Нұрперзент поэзияға жақын. Анасының баулуымен өлеңді мәнерлеп оқығанда алдына жан салмайды. Қазақтың бас ақыны Абай атамыз «Адам адамнан ойы арқылы озады», - деген екен. Ендеше құрметті оқушылар, ата-аналар ойымызды дамытып, рухани сауатты боламын десеңіздер кітапханаға асығыңыздар.
Арқалық қаласындағы №2 облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының балалар әдебиеті бөлімінің кітапханашысы: Сауле Ахметқызы