1 маусым балаларды қорғау күні қарсаңында № 2 Облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының балалар әдебиеті бөлімінде «Елдің сәні – ерке балғындар» атты мерекелік іс-шара болып өтті. Мерекені кітапхана басшысы Борибаева Казына Байсабековна құттықтау сөзімен ашып, А. Құнанбаев атындағы № 6 мектептің оқушысы Жылқыбай Ілияс әннен шашу шашты. Іс-шараның басты мақсаты: балаларға мерекелік көңіл күй сыйлау, балалардың шығармашылығын көрсетуге мүмкіндік туғызу, өмірге, өнерге сүйіспеншіліктерін қалыптастыру болса, ал оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Біз – өмірдің гүліміз» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Ертегі кейіпкерлері Мальвина, Қызыл телпек, Алладиндер қонаққа келіп, балаларды мерекесімен құттықтап, балғындарға бақытты балалық шақ тіледі. Балалар «Гүлге қонған көбелек», «Қолшатыр» ойындарын қызыға ойнады. «Ақбота» балабақшасының кішкентай бишілері «Домбыра» биін билеп мерекенің сәнін келтірді. Ал «Золотой ключик» балабақшасынан келген өнерлі балдырғандарға жиналған жұрт сүйсіне қол соқты. Кітапханашылар бүлдіршіндермен бірге «Жаяу» әуеніне флешмоб биледі. Іс – шарамызға қатысып, өнерлерін көрсеткен бүлдіршіндер, мектеп оқушылары Мақтау қағаздарымен марапатталып, түрлі сыйлықтармен тәттілер алып қуанышқа кенелді.
Арқалық қаласындағы №2 облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының балалар бөлімінің меңгерушісі: Сандуғаш Қазыбекқызы