Құрылысы 1901 жылы Сұлтан II Абдулхамид хан тарапынан басталған Хиджаз Темір жолында алғашқы пойыз сапары 1908 жылы 27 тамыз, бейсенбі күні Стамбулдан келген жолаушылармен бірге Шам қаласынан қасиетті Мәдина мүнәууәра бағытына жасалған. Бұл пойызда өкімет адамдарынан құралған комитеттен басқа, жергілікті және шетелдік көптеген журналисттер бар болатын. Бұл ерекше пойыздың қонақ күтетін үлкен бір зал ретіндегі вагоны, бір мейрамханасы, бір мешіт вагоны және үш жолаушылар вагоны бар еді. Пойыздың жылдамдығы сағатына 40-60 кмшамасында еді. Пойыз тек қана екі нәрсе үшін тоқтайтын – кем-кетігін толықтыру үшін және намаз үшін... Пойыз 30 тамыз жексенбі күні түстен кейін сағат 2 шамасында Мәдина мүнәууәраға жетті.
Мәдина станциясы жасалып жатқанда, хазреті пайғамбарымыздың рухы мазаланбасы үшін, пойыздардың Мәдина станциясына жақындаған кезде гүріл шықпасын деп пойыздың дөңгелектеріне киіз тағылатын еді. Мадинаға кіріп барған рельстердің астына да қазылып, киіз төселген еді.
Хиджаз темір жолының бағыты 1908 жылы ашылғаннан кейін, Хайфа мен Шам қалалары арасында күнде, Шам мен Мәдина арасында аптасына үш күн қарама-қарсы бағытта жолаушылық және сауда эшелондары жұмыс істей бастады. Осылайша, түйемен 40 күндік уақыт алатын Шам-Мәдина арасы, 72 сағатқа дейін қысқарды. Қозғалыс уақыттары намаз уақыттары бойынша қойылатын еді. Осман Империясы мен халифа үлкен абыройға бөленді. Мұсылмандардың өздеріне деген сенімдері қайта пайда болды. Тауар артылған пойыз жүріп өтетін жерлер, экономикалық тұрғыдан жандана бастады. Бұл арада екінші қатарлы жолдар жасалып, бағыт ұзақтығы 1900 км-ге дейін созылды.
Ағылшындар мен француздар пойыз жолдарының салынуына қатты мазасыз еді. Бірінші Дүниежүзілік Соғыста Хиджаз темір жолы әскер эшелоны ретінде қолданылды. Сирия майданының ыдырауымен ағылшындар бұл темір жолдарды бомбалап, саботаж жасады. Тіпті, атақты ағылшын тыңшыларының бірі болған Т. Э. Лоуренс (арабтардың атауы бойынша - Әл-Ауранс) бәдәуи қарақшыларына әр рельсі мен шпалдарына бір алтын беріп, жолдың Маан мен Мәдина арасындағы бөлігін қолданылмайтын жағдайға жеткізді. Бұл темір жолдың Сирия мен Иордания арасындағы бөлігі әлі күнге дейін қолданылуда.