Қожа Ахмет Иасауи хазреттері

      

/upd/2015/1128/144870497756597bd120ca64.34405217.jpg

        Қожа Ахмет Иасауи хазреттері – Түркістандық ұлы ғұлама, әулие. Әкесі-Исфитжабта даңққа бөленген  әулие, Хазреті Әлидің ұрпағы Шейх Ибраһим. Тегі Хазреті Фатима анамызға жанаспағандықтан сәйид емес. Анасы-Мұса шейхтың қызы Айша (Қарашаш ана). Қай жылы туылғаны белгісіз 1166 ж Түркістан(Иассы) қаласында қайтыс болған. Әмір Темір қабіріне өте көрнекті кесене салдырған. Ахмет Иассауидің ұстаздарының көшбасшысы – Арыстан баб. Оған 16 ж қызмет етіп, одан заһир және батин ілімдерінің сыры мен мәнін үйренген. Арыстан баб қайтыс болғаннан кейін Бұхараға барып сол заманғы әһли сүннет ғалымдарының ең үстемі Юсуф Хамаданиге байланып рухани ілімдерден дәріс алды. Адамдарға ілім үйрету, дұрыс жолды көрсету үшін одан ижазат (диплом) алды. Кейін Яссыға қайтып шәкірт жетілдірді. Жүз мыңға жуық шәкірттері болды. Иассауидің ілім ұясынан жетілген Иассауия дәруіштері Хорасан, Азербайжан, Хижаз және Анадолу өлкелеріне дейін тарады. Барған жерлерінде жақсы мінездерімен және шырайлы уағыз-насихаттарымен адамдардың дүние және ахырет бақытына қауышуларына себепкер болды. Оның «Диуани Хикмет», «Мират ул-Қулуб», «Пақырнама» атты туындылары көне түркі тілінде жазылғандықтан, жергілікті халыққа түсініктілігі арқасында талай мәрте қайта көшіріліп, бірнеше рет басылған... Оның уағыздық өлеңдерінің діни-мисттикалық мазмұны, ондағы жақсылыққа, әділеттілікке шақырған үнмен ұласады. Қайырымдылық пен мейірімділікті өміріне арқау етіп, бүкіл түркі жұртын татулыққа, тазалыққа үндеген Иассауидің кереметтері аңыз әңгіме болып әлі күнге дейін ел аузында айтылып келеді. Ахмет Иассауи бала кезінен бастап Расулуллаһ алейхиссаламның сүннетіне мойынсұнуға тырысқан. Сол себепті 63 жасқа келгенінде Пайғамбарымыздың осы жасында қайтыс болғанын ойлап жер бетінде өмір сүруді жөн көрмеді. Жер астына бір бөлме жасатып, өмірінің соңына дейін осы жер асты бөлмесінде шәкірттеріне дәріс беріп, ғибадатпен өткізді. 125 жасында (басқа деректерде 133) жасында қайтыс болған.

 Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иасауи хазреттерінің кесенесі