Əнұран, ту жəне елтаңба сияқты ұлттық валюта да мемлекеттік нышандардың қатарына жатады. Банкнота фабрикасының құрметті қонақтар кітабында ол ашылған күн – 1995 ж 19 мамырда ҚР Президенті жазып қалдырған мынадай жазу бар: «Біздің еліміздің экономикалық тəуелсіздігінің жарқын туындысы – біздің астанамызда теңгенің алғашқы пайда болуы, халықтың жəне болашақ ұрпақтың игілігіне қызмет етсін». Ұлттық валютаның сол кезде «тұсауын кескен» ҚР Жоғарғы кеңесінің жоспарлау- бюджет комиссиясының төрағасы С Тəкежанов болды. Ол ұсынған теңге деген ат республиканың Жоғарғы кеңесінің жəне үкіметінің мүшелері арасындағы жабық пікірталаста жеңімпаз болды.
1992 ж инфляцияның деңгейі 250 пайызды құрады! 1993 ж шілдеде Ресей келісімді бұзды, Қазақстанға үш күн бұрын хабарлай отырып, өзінің ұлттық валютасын енгізді. Баға шарықтай түсті. Халықтың жинақ шоттарындағы ақшасы қарқынды түрде құнсызданды. Қазақстанға ескі үлгідегі кеңес купюраларының ағыны қаптап кетті. Дүкендердің сөрелерінен тауарлар əп-сəтте жоқ болып кетті.
Мемлекет басшысының ақша реформасын нақты жүзеге асыру басталар қарсаңында телевидение мен радиода оның мақсатын жəне қажеттілігін түсіндіре отырып, сөйлеуі қазақстандықтарды біршама тыныштандырды. Айырбастау 1993 ж 15 қарашада сағат 8де басталды жəне 20 қарашада сағат 20 де теңгені орнықтырып аяқталды. Айырбастау коэффициенті бір теңгеге 500 рубль болды.
Алғашқы теңгелер Англияда шығарылды. Банкноталардың пайда болуымен бір мезгілде Өскемен қаласында Үлбі металлургия зауытында алғашқы Қазақстан монеталарын шығаруға дайындық басталды. Ал елді қағаз ақшамен өзі қамтамасыз етуі үшін Алматыда банкнота фабрикасын құру шешілді. Осы жөніндегі шешім 1992 ж мамырда қабылданды жəне ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік банкінің баспа фабрикасын құру туралы» жарлығында белгіленді. «Қазақстан теңге сарайы» РМК тіркеу туралы куəлікті 1998 ж қарашада алды.