Сұлтан Бейбарыс

   
      Сұлтан Бейбарыс (1225-1277) — Мәмлүк мемлекетінің төртінші сұлтаны әл-Мәлік әз-Заһир Рукн-әд-дін Бейбарыс. Беріш руынан туған. Жаугершілік заманда, бала күнінде Қыпшақ даласында тұтқынға алынып, жат жерде ерекше ерлігімен, асқан талантымен құлдықтан қайраткерлікке дейін көтерілген, қазақ тарихындағы аса ғажайып тұлға. 
    1250 ж. шамасында мәмліктердің әскери әмірі болып тағайындалған. Сұлтан Бейбарыс Мысыр мен Шам еліне билік құрған 1260—77 жж. аралығында крест жорықтарының беті қайтарылып, моңғол қосындарының шапқыншылығы тойтарылды, елдің саяси-әскери беделі жоғарылап, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарды. Бейбарыс тек қана талантты қолбасшы ғана емес, сондай-ақ, көреген саясаткер ретінде танылды. Ол сол кездің көптеген алыс-жақын мемлекеттері мен қарым-қатынас орнатты. Сұлтан Бейбарыс сол дәуірдің озық үлгісімен көптеген зәулім ғимараттар, көрнекті мешіттер, медреселермен емханалар, биік қорғандар мен қамалдар салдырды. Олардың бірқатары сақталған. Қарапайымдылығымен және діндарлығымен елге танымал болған. Кедей-кепшіктерге әрдайым көңіл бөліп, көмектесіп, жетімдерді желеп-жебеп, өз қолтығына алып отырған. Сұлтан Бейбарыс 1277 ж. шілденің 1-інде Димашқ қаласында қайтыс болып, аз-Заһариа кітапханасына күмбезінің астына жерленді. 
       Ел басымыз Нұрсұлтан Назарбаев сұлтан Бейбарыс туралы былай деген: 
     «Ерекше ерлігі, асқан ақылымен құлдықтан хандыққа дейін көтерілген. Египеттей алып елді 17 жыл бойы билеп, моңғол жаулаушыларынан крест жорығын бастаушылардан жалпы араб әлемін сақтап қалған біздің ұлы бабамыз Бейбарыстың бала кезінде тұтқынға осы Атырау бойынан әкетілгені, өзінің сүйегі осындағы Беріш тайпасынан екенін көптеген тарихшылар кезінде жазып қалдырған. Мен Мысыр еліне барғанымда Бейбарыс салдырған мешітте Құран оқыттым. Даңқты бабамызды арабтардың қалай құрмет тұтатынын өз көзіммен көрдім.»